Пікір • 28 Ақпан, 2025

Ерлан Құралбайұлы: Жүйеге өзгеріс енгізу қажет

2002 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы басшысы Ерлан Құралбайұлы мәселенің мән-жайына қатысты сұрақтарымызға жауап берді. Мемлекеттік мекеме 2024 жылдың қаңтарынан бері осы іске жауапты ретінде қызмет атқарып келеді.

Ерлан Құралбайұлы: Жүйеге өзгеріс енгізу қажет

– Ерлан Құралбайұлы, тегін үйір­мелер бағдарламасы төрт жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бірақ мәселе азайғанның орнына көбейіп жатыр. Қай жерден қателік кетті?

– Бағдарламаның идеясы дұрыс. Мем­­лекет балалардың спортпен, шығар­ма­шылықпен айналысуына мүмкіндік беру үшін қаржыландыру жүйесін енгізді. Бірақ оны жүзеге асыруда жүйелік қателік бар. Басты түйткіл – екі платформаның өзара байланысының жоқтығында. Яғни олар бір-біріне ақпарат бермейді. Жыл соңында барлық баланың деректері бізге берілуі керек, біз оны келесі жылы жеңімпаз платформаға өткізуіміз қажет. Бірақ жекеменшік ақпарат жүйесі бұл талапты орындамай отыр. Сондықтан бұл мәселеде сотқа жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Айта кетейін, жекеменшік платформамен келісімшартымыз 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған. Содан бері олар біздің бірде-бір хаты­мызға жауап берген емес.

– Жүйенің тағы қандай кемшіліктері бар?

– Ең үлкен мәселе – үйірмелерге бала­лардың қатысуын бақылау. Егер бірыңғай жүйе болса, әр баланың қозғалысын бақы­лау оңайырақ болар еді. Тағы бір маңыз­ды мәселе – қазір жобада 50 түрлі үйірме бағыты бар, бірақ олардың барлығына бірдей сұраныс жоқ. Кейбір үйірмелерге мүлде бала бармайды, ал кейбірінде бала саны көп. Мысалы, ән айту, би, музыкалық аспаптар секілді бағыттарға сұраныс жоғары. Сондықтан сұранысы жоқ үйірмелерді алып тастап, орнына тиімді бағдарламаларды енгізу керек. Сондай-ақ ерекше балаларға басымдық беру қажет. Қазіргі жүйеде олар жалпы кезекте тұр, бұл – әділетсіздік. Олар үшін жеке кезек қарастырған жөн. Бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміз де бар. Мы­салы, былтыр 3243 бала бір уақытта «Бал­бырауын» күйін шертіп Гинестің рекордтар кітабына енді. Ал биыл 5000 баланы қамтып аспабтардың сүйемелдеуімен ұлттық биді көрсетуді жоспарлап отырмыз.

– Кәсіпкерлердің шағымын өзіңіз де жақсы білесіз. Кезекте тұрған бала­лардың жоғалып кетуі жиі кездесетін мәселе ме? Бұған нақты не себеп?

– Басты себеп – платформалардың өз базасын өздері басқаруы. Базада адам фак­торы болмауға тиіс деп санаймыз. Олар ке­зектегі баланы тізімнен алып тас­тай алады, бірақ оны тексере алмаймыз. Себебі құзырымызға кірмейді. Оны тек­серетін арнайы комитет бар, бірақ олар да нақты бақылау жүргізіп отырған жоқ. Балалардың кезегін өзгерту, тізімнен алып тастау сияқты жағдайлар кездесе­тін­діктен, ата-аналарда күмән пайда болады.

– Осы тұста қаржының қалай жұм­салып жатқаны туралы сұрақ туады. Бұған не дейсіз?

– Жүйенің өзі дұрыс реттелмегенімен, қаржы бөлінуінде мәселе жоқ. Бюджетте жыл­дың соңына дейін жоспарланған қар­жы бар. Кәсіпкерлер әр ай сайын қан­ша балаға қызмет көрсеткенін есептеп, құ­жат­тарын бізге жібереді. Біз оларды тек­серіп, табельдерді растап, кері жібереміз. Қазіргі таңда ақша ай сайын төленіп отыр.

– Үйірмеге балалардың шынымен қатысып жүргенін қалай тексересіздер?

– Қазір биометриялық жүйені енгізу қарастырылып жатыр. Мысалы, алақан ізімен тіркеу жүйесін қолдануға болады. Бала сабаққа кіргенде алақанын арнайы құ­рылғыға қойып, сабақ аяқтал­ғанда қай­тадан белгілейді. Бұл бізге жалған мәлі­мет берудің алдын алады. Жем­қорлықты болдырмайды.

– Неге екі түрлі платформа жұмыс істеп тұр? Не себепті біреуін ғана қалдырмайсыздар?

– Бәсекелестік орта болуы керек, еш­кімге монополия берілмейді. Сондықтан жыл сайын мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жариялаймыз. Кім жеңеді, сол платформа таңдалады.

– Платформадағы мәселені шешудің нақты қандай жолдары бар?

– Жалғыз шешім – барлық платформаны бірыңғай жүйеге біріктіру. Жыл сайын әртүрлі платформаға көшу жүйені қиындатады. Егер бірыңғай платформа болса, балалардың үйірмеге тіркелуі де, қаржының бөлінуі де реттеліп, барлық тарапқа тиімді болар еді. Сонымен қатар 1 балаға 1 тегін үйірмеге ғана қатысуға рұқсат берілуі қажет деген ұсыныс айтар едім. Қазіргі кезде 1 бала 2 тегін үйірмеге қатыса алады. Менің ойымша, бала бұған физикалық тұрғыдан үлгермейді.