Спорт мерекесінің салтанатты ашылу рәсімінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Советханұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей келіп, өңірде қысқы спорттың дамуына жан-жақты жағдай жасалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, таяуда ғана Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарынан жүлдемен оралған шорт-трекші Глеб Ивченко мен шаңғышылар Наиль Башмаков, Владислав Ковалевке алғыс білдірді.
Басқарма басшысының айтуынша, қысқы спорт түрлерін кешенді дамыту мақсатында облыста 3 спорт сарайы, 77 хоккей корты, 36 шаңғы базасы жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталықтарында 6 жабық хоккей кортының құрылысы жоспарланған.
Жарыс қорытындысы бойынша өңірдің құрама командасы жасақталып, 17 наурызда басталатын алтыншы республикалық қысқы спартакиадаға қатысады.