Оқиға • 28 Ақпан, 2025

Түркиялық медиа компания Түркістан туралы кино түсіреді

54 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркия мемлекетінің «Albayrak Media Group» компаниясының өкілі және «Yeni Şafak» газетінің халықаралық бөлімінің директоры Өмер Кабланмен кездесті. Тараптар Түркістан өңірін әлемдік деңгейде таныту мақсатында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын кеңінен талқылады.

Түркиялық медиа компания Түркістан туралы кино түсіреді

Түркістанда туризм қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек еткен З.Жолдасов кездесу екіжақты ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға серпін беретінін атап өтті. «Сіздің медиа саласындағы мол тәжірибелеріңіз және ықпалыңыз біз үшін өте маңызды. Түркістан облысы – еліміздің тарихында айрықша орны бар, мәдениет пен дәстүрді сақтап, даму мен жаңғыру жолында үлкен қадамдар жасап келе жатқан өңір. Бүгінде бірегей тарихи және мәдени ескерткіштермен, көркем табиғи ландшафттармен және сауықтыру кешендерімен туристердің қызығушылығын арттыруда. Біз облысымызды әлемдік деңгейде таныту мақсатында халықаралық серіктестермен әріптестік орнатып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға дайынбыз», деді Зұлпыхар Жолдасов.

Өз кезегінде Өмер Каблан Түркістан жайлы жобасын таныстырып, медиа саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді. «Екі елге бір-біріміздің мәдениетімізді кеңінен таныстыруға дайынбыз. Сонымен қатар Түркістанды әлемге таныту бағытында үлкен жобалар бар. Алғашқы бастама ретінде Түркістанның мәдениеті мен дәстүрі, халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қызықты деректер мен туристік нысандар туралы заман талабына сай фильм түсіруді көздеп отырмыз. Фильмдерге бірнеше тілде дубляж жасауға мүмкіндігіміз бар. Түркістанды әлемге таныту үшін үздік медиа платформаларымызды пайдаланамыз. Одан бөлек, оқыту және тәжірибе алмасу семинарларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», деді медиа компания өкілі.

Кездесу барысында Түркістан облысы әкімдігі мен Түркияның «Albayrak Media Group» компаниясы арасындағы әріптестікті нығайту туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы экономикалық-мәдени байланыстарға жаңа серпін береді деп күтілуде. «Albayrak Media Group» – Түркиядағы ең ықпалды медиа холдингтердің бірі және елдің ақпараттық кеңістігінде маңызды рөл атқаратын компания.

ТҮРКІСТАН