10 Ақпан, 2015

Жаңа 100 автобус

284 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ATN_8868 Алматы жүргізушілері әдептілігімен ерекшеленбек Ауасы айналмайтын Алматы шаһарының басты мәселесінің бірі – экология. Қазіргі таңда қала билігі жекеменшік тасымалдаушыларды да газбен жүретін көлікке көшіру үшін қолдан келетін шаралардың бәрін жасауда. Биыл Алматыға экологиялық автобустардың үшінші легі сатып алынды. Сонымен, қалаға таза отын – газбен жүретін тағы да 100 жаңа автобус әкелінді. Шараға Премъер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысты. Дегенмен, мегаполисте мұнан да бөлек, қоғамдық көліктерге қатысты көптеген мәселелер бар. Автопарктердің техникалық желі­лерін жаңарту, кәсіпқой жүргізу­шілердің жетіспеушілігі, оларды жатақханалармен қамтамасыз ету мен жолаушыларға мәдениетті қызмет көрсетуін қамтамасыз ету кезек күттірмейді. Оған қоса қала­да соңғы уақытта автобус жүргізу­шілерінің кінәсінен орын алған үлкен жол апаттары бұл жәйттерге кешенді келуді талап етіп отыр. – Бүгінгі күні электр энергиясымен және газбен жұмыс істейтін көлік саны 850 бірлікке жетті және қаланың қоғамдық көлігінің тең жартысын құрайды. 10 шақырым жер жүруге кететін газдың бағасы бензиннен 40 пайызға арзан. Бұл формула бізде игерілген, әрі қарай да осы әдіспен жұмыс істей бере­тін боламыз. Демек, автобустар экологиялық жағынан таза болуы­мен қатар, экономикалық жағы­нан да өте тиімді. Мұны біздің қалалықтар да сезіне бастады, – дейді қала әкімі Ахметжан Есімов. Қала басшысы өткен жылы 260 миллионнан астам жолаушы тасымалданғанын, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға артық екендігін айтты. Қазір Алматыда экологиялық таза автокөліктің жалпы саны 70 пайызды құрайды. Осы арада газбен жүретін муниципалды автобус паркін құру жобасы Еуропа қайта құру және даму банкімен бірге жүзеге асып жатқанын еске сала кетуге болады. Оған қоса жеке­меншік тасымалдаушылар да біртіндеп газбен жүретін көлік­терге көшетін болады. Қазір олар орташа немесе кішігірім автобус­тармен жолаушылар тасымалдап жүр. Алдағы уақытта жекеменшік компанияларға үлкен автобустар сатып алуға әкімдік тарапынан жеңілдіктері бар несиелік бағдарламалар жасалған. ATN_8806– Биыл облигациялық займдар шығаруды қарастырып отырмыз. Өздеріңіз нарықтағы ахуалды кө­ріп отырсыздар, мүмкіндігінше займдар шығарып, соның есебінен автобустар сатып алып, оларды жекеменшік операторларға беретін боламыз. Әрине, бұл автобус парктерін жаңартуға да, жолаушылар сыйымдылығын көбей­туге де септесетін болады, – дейді қалалық жолаушылар көлігі басқар­масының бастығы Талғат Әбдірахманов. Оның айтуынша, Еуропалық банкпен ынтымақтастықтың арқа­сында екі жыл бұрын қалаға 195 троллейбус әкелінген. Болашақта аталған бағдарлама бойынша шаһардың батыс, солтүстік және шығыс жағында үш автобекет салу жоспарлануда. Ол жерде басқа облыстардан және қала шетінен кел­ген көліктер тұрақ тебетін болады. Келешекте шаһардағы қоғам­дық көліктердің біразын жаңарту қажет. Ол бір жылда бітетін жұмыс емес. Сол сияқты, қала билігі көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігі мәселесін, болашақта қоғамдық көлік жүргізушілерін еліміздегі колледждерде оқытумен қа­тар, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжік­стан­нан жұмыс күшін тарту арқы­лы да бұл мәселені шешуге бола­тын­дығын алға тартып отыр. Мәселен, мегаполисте 1600 автобус адам тасып жүрсе, оның 50 пайызы муниципалды авто­кө­ліктер. Бірақ, соған қарамастан, тұрғындар жұмысқа барып-қайта­тын уақыттарда жолау­шылар көлікте сығылысып жүруге мәжбүр. Оған қоса қоғамдық көлік­ке қызмет көрсететін жүргізу­ші­лердің жауапкершілігін сезінбеуі, дөрекілік танытуы, жолақы­сын қолма-қол иемденіп кетуі, вали­даторды бұзып, өз бетінше ашуға дейін баруы, кәсіпқой­лықтың жетіспеуі талай рет айтыл­ған, жазылған. Оған мысал ре­тінде тек өткен жылы 30 жүргізу­шіге қатысты қылмыстық іс қозғал­ғанын айтсақ та жеткілікті. Сондықтан, мұнан былай жол­ақысын қолма-қол төлеу­ді түбе­гейлі жою үшін, карточкаларды енгізу ша­ра­лары қолға алынуда. Ендігі жер­де жолаушылар карточкасын қоғам­дық көліктерге орнатылатын терми­налға жанап, жолақысын төлеп, қажет кезінде баланстарын толтырып отырады. Мұндай жүйе жыл соңына қарай кіріктіріле бастамақ. Сол сияқты, таңның атысынан, күннің бір уағына дейін жолаушы таситын жандардың тұрмыстық жағдайы қалалық билікті бұрыннан да алаңдатып келе жатқан болатын. Осы мәселеге орай, өткен жылы тамыз айында коммуналдық автобус парктерінің жанынан қаладан жырақта тұратын, 120 адамға арналған 2 жатақхана ашылған еді. Алматыға әкелінген жаңа экологиялық автобустардың тұсаукесерінен кейін журналистер тобы «Алматыэлектрлікөлік» ЖШС-нің автобус жүргізушілерінің жаңа жатақханасын аралап, Алматы жолау­шылар көлігі және технологиялар колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты. Осыдан кейін Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжіне келдік. Колледж директоры Сейітбек Сүлейменов алдымен БАҚ өкілдеріне оқу ордасының тарихымен баяндай келе: – Қазір колледжде «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Қалалық электр көліктерін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Токарьлық іс және металл өңдеу», «Дәнекерлеу ісі», «Шаштараз өнері және сәнді косметика», «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» тәрізді алты мамандық бойынша мамандар дайындаймыз. 2014 жылы 1 тамызда «Алматыэлектрлікөлік» ЖШС-мен мамандар дайындау жөнінде жасалған меморандум негізінде колледжде троллейбус және трамвай жүргізушілерін дайындау курстары өткізіледі. Осы уақытқа троллейбус паркіне 46 жүргізуші жіберілді. Студенттердің оқу тәжірибелері әр сенбі сайын біліктілігі жоғары мамандардың басшылығымен троллейбус паркінде өткізіледі. Бүгінгі таңда колледжде 550 студент білім алуда. Колледждегі барлық студент мемлекеттік грант бойынша тегін оқытылады әрі ай сайын тиісті шәкіртақыcын алады, – деді. Бір қуанарлығы, үш жыл тегін оқытатын колледжде жастар нақты бір кәсіптің иесі атанып қана қоймай, өнердің қалаған түрін үйрене алады. Домбыра, ән, хор, би үйірмелері бар. Жаңа технологиялармен жабдықталған оқу ордасында білім алушылардың игілігіне пайдалануға берілген бай кітапхана, оқырман залы, оқу-өндірістік шеберханалар, акт залы, асхана, футбол алаңы, спорт кешені бар. Мұнда журналистер назарын аударып, қызықтырған жайт – колледжде болашақ қоғамдық көлік жүргізушілеріне жол жүру ережелерін үйрететін арнайы компьютерлік тренажер орталықтары. Ол нағыз автобус кабинасы тәрізді көрінетіндіктен, рөлге отырған адам өзін шынайы жүргізуші ретінде сезінеді. Егер студент аялдамаға дұрыс тоқтамаған жағдайда, адамдар автобусқа отырмайды, ал, егер жүргізуші кенеттен жол жақтауына соғылып жатса, кабина қозғалып, шайқалып кетеді. Компьютер жүргізушінің жол бойында жіберген барлық қателігін көрсетіп тұрады. Айтқандай, алдағы уақытта бұл колледжде қоғамдық тәртіп пен жол жүру ережелерін бұзған қазіргі қоғамдық көлік жүргізушілерін қайта оқыту жұмыстары да жоспарланып отыр. Олар емтихан тапсырып, қайтадан жол жүру ережелерін оқып, психолог мамандармен тығыз жұмыс жасайтын болады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Дәурен ИСАЕВ.