Құрылтай • 01 Наурыз, 2025

Ұлттық бірегейлігіміздің нышаны

88 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Президенттік орталықта халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтті. Құрылтай отырысына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және бірқатар зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен еліміздің түпкір-түпкірінен келген тіл жанашырлары қатысты.

Ұлттық бірегейлігіміздің нышаны

Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Құрылтайда алғаш болып сөз сөйлеген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құрылтайға нағыз тіл жанашырлары, отаншыл азаматтар қатысып отырғанын жет­кізді. Сонымен қатар ана тілі­мізге қатысты құрылтай бұған дейін осындай кең форматта болмағанын және мұны мемлекеттің де, қоғам­ның да тілге деген ерекше көңіл бөлуінің көрінісі деп атап өтті. Е.Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құ­рыл­тай қатысушыларына жол­даған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда Пре­­зи­дент құрылтайды тіл жана­шыр­ларының басын қосатын ай­рық­ша жиын екенін атап өткен. Сон­дай-ақ халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдің орнын нығайтуға және ұлт руханиятын өркендетуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны айтылған.

«Кейінгі жылдары оның жұмысы жандана түсті. Ұйым­ның бастамасымен қазақ тілін дамыту жолында көптеген ауқым­ды іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Сіздердің жасап жатқан жобаларыңыз ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге зор ықпал етіп отыр. Қазақ тілі – ұлттық бірегейлігіміздің нышаны. Ел бірлігін нығайта түсетін басты құндылығымыз. Оны білім мен ғылымның ғана емес, бизнес пен технология­ның тіліне айналдыру – негізгі міндеттің бірі. Мемлекеттік тілді құрметтеп, кеңінен насихаттау – Қазақстанның әрбір азаматының қастерлі парызы», делінген Президенттің құттықтауында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның қызметіне белсене атсалысып жүрген жанашыр жандарға шынайы ризашылығын білдіріп, құрылтай жұмысының жемісті болуына тілектестігін жеткізген.

Ерлан Қарин өз сөзінде маңызды жобалар мен іс-шара­ларды жүзеге асыру арқы­лы қазақ тілін барынша наси­хаттаудың және оның қолданыс аясын кеңейтудің маңызы зор екенін атап өтті.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, қазір қазақ тіліндегі цифр­лық контенттерді көбейтуге, білім беру жүйесін әдістемелік тұрғы­дан қолдауға, ІТ сала­сын­дағы жетістіктерді тіл мәселесін шешу үшін тиімді пайдалануға айрықша мән беріліп жатыр.

Мемлекеттік кеңесші ғылыми мазмұнның қазақ тілінде жарық көріп, кең қолданысқа енуі ма­ңыз­ды екеніне де тоқталды. Осы орайда ол жақында жарық көрген «Академиялық «мәтін жазу» шеберханасы» кітабы жөнінде де сөз қозғады.

– Тілді сақтау – оны жаңа за­манға бейімдеу деген сөз. Бұл тұрғыда бірлесіп атқаратын шаруа көп. Озық технологиялар, жасанды интеллект секілді салалар қазақ тілінде сөйлеуі қажет. Әсіресе инженерлік-техника­лық, жаратылыстану ғылым­дарын қазақша сөйлету маңызды. Бұл – ғылыми қауымдастықтың алдында тұр­ған міндеттің бірі. Сіздер де оған белсене атсалысасыздар деп сенемін. Осы бағытта игі бастамалар бар. Мысалы, жуырда Қазақстан қоғамдық даму институтының директоры Нұрбек Матжанидің бастамасымен «Академиялық «мәтін жазу» шеберханасы» атты кітап жарық­қа шықты. Бұл – тілі жатық әрі түсінікті жазылған кітап. Ғылымға жаңадан келіп жатқан жас ғалымдарға көмекші құрал болары сөзсіз, – деді Е.Қарин.

Сонымен қатар Ерлан Қарин тіл тазалығына да ерекше мән беру керектігіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде кейбір аза­­мат­­тардың қазақ тіліне өзге тіл­­дің сөздерін араластырып сөй­леуі әдетке айналғаны соншалық, тіп­­ті оның қай тілде сөйлеп жат­қа­­нын да ұғыну қиын болып барады.

Ал халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы бұған дейінгі өт­кен құрылтайларда белгіленген мақсат-мұраттар мен жоспарлар негізінде атқарылған жұмыстар мен алға қойған міндеттер туралы баяндады.

Р.Кенжеханұлы Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша Президент әкімшілігімен келісілген Іс-қимыл жоспары жа­салып, оның орындалуы мем­лекеттік орталық және аймақтық органдарға міндеттелгенін айтты. Осының нәтижесінде 2024 жылға жасақталған жоспар толықтай игерілген. Қырыққа тарта халық­аралық, республикалық және аймақтық деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп, ауыз толтырып айтар­лықтай жобалар іске асқан.

Қазақ тілінің мәртебесі көтері­ліп, алдағы аяқалысы тал­қы­ланған құрылтайда арнайы ша­қы­рылған спикерлер де сөз сөй­леп, мемлекеттік тілді дамыту ба­ғытында өз салаларын­да а­тқарылған жұмыстарға тоқ­талып, ендігі міндет пен меже төңірегінде ой бөлісті.

Мәселен, Мереке Құлкенов бұл жолғы құрылтайдың жоғары дең­гейде ұйымдастырылғанын айтып, тіл тағдыры сөз болған мұндай жиынға білім саласына қатысты қос министрді ғана емес, мүмкіндігінше барлық ми­нистрдің қатысқаны дұрыс деген ойын жеткізді. Яғни бүкіл ел болып ұйымдаспайынша мемлекеттік тілдің алға баспайтынын айтты.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде қазақ сыныптарының қатары жыл санап артып келе жатқанын жеткізді. Ал тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінде пән мұғалімдерінің қосып отырған үлесін айрықша атап өтіп, қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын ұстаздар қауымына алғыс айтты.

Саясат Нұрбек халықара­лық тәжірибені зерттей келе мемлекеттік тілдің ендігі өмірінің, цифрлық, виртуалдық әлемде тірі қалуының кепілі – оның жаңа технологияның, бүгінгі жасанды интеллектінің және цифрландыру үдерісінің тіліне айналуы екенін атап өтті.

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай «Алтын қордағы» дүниелер негізінде «Асыл мұра» атауымен аудиоальбом жарыққа шығару жоспарда барын жеткізді. Жинаққа барлығы 1 500 күй, жыр-терме, халық және халық композиторларының әндері, ертегі, бесік жыры, ретро әндер кіргізілмек. Оның басым бөлігі  – бұрын шыққан топтамаларға енбеген, тек қорда тұрған құнды дүниелер.

Ал Айдос Сарым бұл құрыл­тайды нағыз тіл мерекесіне айнал­ған алқалы жиын деп ба­ғалады. Сондай-ақ ол ХХ ғасыр­дың басында болған 8 мың тілдің ғасыр соңында мыңнан астамының жо­йылып кеткенін, ХХІ ғасыр ішін­де де тағы да 2 мыңға жуық тіл­дің келмеске кету ықтималды­лығы туралы ғалымдардың дере­гін келтірді. Оның айтуынша, бұл үдеріс біріншіден жаһандану ықпалынан және көптеген тіл иелерінің жеке мемлекетінің болмауынан үдеп келеді. Ал біздің елде тіл мәселесіне мемлекет те, қоғам да бейжай қарап отырмағанын айтқан Мәжіліс депутаты ХХІ ғасырда бола­шағы бар мемлекеттердің қатары­на Қазақстан этнос ретінде де, мемлекет ретінде де кіргенін атап өтті.