
Жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен дүнген жұртының ішінде қазақтың дәстүрін берік ұстанатындар да жеткілікті. Тіпті Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін қазақтармен бірге тойлап жатқандарын да сан мәрте көргенбіз. Олардың қатарында қазақ тілін еркін меңгерген азаматтар баршылық. Дүнген ауылдарындағы қазақ мектептерінде мемлекеттік тілден сабақ беріп жүрген ұстаздардың айтуынша, жасөспірімдердің талабы мен ынтасы зор. Тіпті қазақ тілін қазақтардан бір мысқал кем білмейтіндері де жеткілікті.
Екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген Вангар Воинце мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ара-тұра қазақтың мақалдарын қосып сөз саптағанда, оның тереңдігіне тәнті боласың. Білгенін балаларға үйретуден жалықпайтын ол қазіргі кезде Сортөбе ауылындағы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүр.
«Әуелі Шымкент қаласындағы Қазақ-Араб университетінде жоғары білім алдым. Араб тілі мұғалімі және дінтанушы мамандығы бойынша жоғары оқуды аяқтаған соң, тағы да оқуға түстім. Бұрынғы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша екінші жоғары оқу орнын аяқтадым. Мемлекеттік тілді бір кісідей меңгергеннен кейін педагог болуға бет бұрдым. Ауыл жастарына қазақ тілін үйретуді өзімнің басты борышым деп есептедім. Өйткені мемлекеттік тілді білу – әрқайсысымыздың парызымыз», дейді В.Воинце.
Ауылдан алыстамаған азамат қазір Сортөбе ауылындағы №16 Михаил Лермонтов атындағы орта мектепте еңбек етіп жүр. Вангардың айтуынша, ауылда төрт мектеп бар болса, білім ордасының бірі – таза қазақ мектебі. Мұнда дүнген ұлтының балалары қазақ тілінде білім алып жүр. Ал қалған үшеуі аралас мектептер санатына жатады. М.Лермонтов атындағы орта мектепте 1 134 оқушы бар. Олардың барлығы мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойған.
«Сортөбелік балалардың қазақ тілін меңгеруге деген ынтасы зор. Жергілікті жасөспірімдермен жұмыс істеу мені қанаттандырады, шабыттандырады. Олардың зейінін ашу үшін қолдан келгенше жаңашылдықпен жұмыс істеп жатырмын. Расында, қазақ тілін білу, меңгеру – елге, мемлекетке деген құрмет. «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген сөз – менің өмірлік ұстанымым», дейді кейіпкеріміз.
Дүнген ұлтының балаларына қазақ тілінен сабақ беріп жүрген Вангар Воинценің төрт баласы да мемлекеттік тілді жатық меңгерген. Әкесінің ізденімпадығына тәнті болып өскен олар қай кезде де білімін жетілдіруді басты мақсаты деп санайды.
«Біз үшін – Алғыс айту күнінің мәні зор деуге болады. Қай кезде де бауырмалдығымен баурайтын жергілікті халыққа деген ризашылығымыз шексіз. Бірлігі мығым елді жау да, дау да алмайды. Сондықтан да Жаратқан ынтымағымыздан айырмасын деген тілек көкейде атойлап тұрады. Татулықты ту еткен мемлекетіміздің бағындырар биігі мен алар асуы алда екеніне еш күмән жоқ. Қай кезде қолдан келгенше қолдау көрсететін қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», дейді В.Воинце.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы,
Сортөбе ауылы