
Қызыл тажалдың тырнағына іліккен халықтың бірі – кеңестік немістер. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Еділ бойындағы неміс автономиясы жойылып, халқының басым бөлігі Қазақстанға жер аударылған еді. Жаңа мекенге келіп өсіп-өнген еліміздегі неміс халқының саны 1989 жылғы санақта 1 миллионға жуықтаған. Дегенмен 80-жылдардың соңынан басталған ұлы көшпен түгелге жуығы тарихи отандарына қоныс аударды.
Солардың бірі – қазақ жерінде өмір есігін ашып, бүгінде Германияда тұрып жатқан Жамбыл облысының тумасы Андрей Греб. Ол 1965 жылы Талас ауданы Ойық ауылында дүниеге келіпті. Кезінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған ауылда мектепте орыс тілінде білім алғанымен, өзінің ана тілі – неміс тілін де ұмытпағанын, алайда көзін ашқаннан күнделікті өмірде көбіне қазақ тілінде сөйлеп өскенін айтады.
Мектепті бітірген соң, бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында орта кәсіби-техникалық училищеде (СПТУ) оқып, өзі туып-өскен кеңшарда еңбек жолын бастайды. Кейін Таразға қоныс аударып, 1992 жылға дейін жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. 80-жылдардың соңында шекара ашылған соң, ауыл-аймақтағы ағайынының бәрі Германияға үдере көшкенде, туған-туыстар ішінен елде жалғыз өзі қалғанын айтады. Алғашқыда туған жерінен алысқа кеткісі келмеген. Алайда 90-жылдардың құлдырауы, ел ішін жұмыссыздық жайлап, тұрмыс таршылығы себеп болып, өзі де отбасын алып Германияға көшуге бел байлаған.
– Алдымен қартайған ата-анамды көшіріп әкелдім. Бастапқыда уақытша ғана болып, сосын ауылға қайтамын деп ойлаған едім. Бұл жаққа Қазақ КСР-нің төлқұжатымен келдік. Сөйтсек, біз кеткеннен кейін Қазақстанда құжат ауысыпты. Елге қайту үшін жаңа төлқұжат алу керек болды да, соның салдарынан осында қалып қойдым. Қазақ КСР-нің төлқұжаты – әлі күнге қолымда, – дейді ол.
Германияға алғаш келген немістерге жаңа мекенге үйрену оңай болмаған. Алыста қалған ауылды сағынып, кейін қайтуға әрекет қылғандар да аз емес еді. Әсіресе қарт ата-анасы ауылды бір көруді армандайды. Әкесі осыдан 21 жыл бұрын өмірден озса, бүгінде 88 жастан асқан анасы: «Қиын кезде қолдау білдірген ауылдастарымды, замандастарымды бір көріп кетсем, арманым жоқ», дейді екен. Бірақ алыс жолға денсаулығы жарамаса керек.
Қазір Андрей аға Виддерн қаласында өзінің шағын фирмасын ашып, жүк көлігін айдап, тасымал қызметімен айналысады. Қазақстаннан көшіп барған немістер бір жерде шоғырланып тұрмаса да, жиі араласады екен.
– Арамызда неміс қызына үйленіп, бірге көшіп келген қазақтар да бар. Бірақ олар – негізінен орыстілді. Осында жүріп немісше үйренді. Бірақ қазақша білмейді. Кейде шамыма тигенде, ана тілдеріңді білмейсіңдер деп қазақша сыбап аламын. Олар бәрі мені немістің қазағы деп атайды, – дейді кейіпкеріміз.
Немістер – жақсылықты ұмытпайтын халық. Су ішкен құдығына түкіру, қиын-қыстау кезде жалғыз тілім нанымен бөлісіп, төрінен орын берген қазақтың мейірбандығын жоққа шығару – олар үшін жат. Сондықтан да Қазақстанда тұрған кездерді, қазақпен аралас-құралас ғұмыр кешкен өмірді сағынышпен еске алып, алғыстарын жаудырып жатады.
– Мен Қазақстанда жүк көлігін айдап жүргенде бұрынғы КСРО-ның түкпір-түкпірін шарладым. Батысы Минскіден шығысы Улан-Удэге дейін, оңтүстігі Тәжікстаннан солтүстіктегі Сібірге дейін бардым. Сонда қазақтан артық халықты еш жерден көрмедім. Қай ауылға барсам да, танысын-танымасын сені төрге шығарып, дастарқанын жайып, шайын құйып, бар тәттісін алдыңа тосатын мұндай халық әлемде жоқ шығар. Біздің қазақтан көргеніміз – сыйластық, қонақжайлылық, мейірбандық. Қазақтың салт-дәстүрін, тілін, әдет-ғұрпын танып өстік. Мен неміс болсам да, өзімді қазақпын деп санаймын. Міне, Германияда тұрып жатқанымызға 33 жыл болыпты. Бірақ қазақ тілін ұмытқан жоқпыз, ұмытпаймыз да. Балаларым, зайыбым үйде бір-бірімізбен қазақша ғана сөйлейміз, – дейді ол.
Кейіпкеріміз әңгіме арасында 70-жылдары Ойық ауылына келген республика басшысы Дінмұхамед Қонаевпен кездескені туралы естелігін айтып берді. Димаш Ахметұлының ата-бабасы сол өңірді мекен еткені белгілі.
– Шамамен 1974–1975 жылдар болса керек. Мен – мектепте оқитын баламын. Біздің үйдің артындағы Тәжімбетов дейтін кеңшар директорының ұлының үйіне Қонаев қап-қара «Волга» автокөлігімен келді. Қасында бір милиционерден басқа күзетші жоқ. Біз ойнап жүрген кезде үйден шыққан Димаш Ахметұлы қасымызға келіп, бізбен амандасып, қалтасынан кәмпит алып таратты. Кейін аудан орталығы Ақкөлге қайтқанда, мен де Қонаев отырған көлікке отырып бірге бардым. Жолда Димаш Ахметұлы кеңшар директорына мені нұсқап: «Мына балаға қараңдар. Адам болатын бала» дегені есімде, – дейді кейіпкеріміз.
Кеңестік немістер жаппай жер аударылғаннан кейін қазақ халқының арқасында аман қалғанын айтқан Андрей аға Қазақстанда қалған бақытты күндері, қазақтан көрген қамқорлық пен жақсылық жайында ұрпақтарына үнемі әңгімелеп отыратынын жеткізе келе: «Қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», деп сөзін тәмамдады.