10 Ақпан, 2015

Капитализм келешегі күңгірттеніп тұр

437 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Баға трейдерлерді естен тандырды

Төрткүл дүниені тұмшалаған дағдарыс дүркін-дүркін айналып соғып, жаһандық экономиканың тынысын тарылтып-ақ тұр. Сонау 2008 жылы басталған қаржы-экономикалық дағдарыстың салқыны бәсеңсіп барып, қайтадан қарқын ала бастаған сияқты. Экономиканы тұралатқан бұл дағдарыстың беті қайтар күн бола ма? Кейбір сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта әлемдік-экономикалық дағдарыстың беті қайтпақ түгілі, бұрынғыдан да күшейе түспек. Оның басты себебі, жаһандық экономиканың қозғаушы күші болып келген капитализмнің енді одан әрі дамуға қауқары келмей, күні өтіп бара жатқанында болса керек. Капитализмнің күйреу үрдісінің тағы бір көрінісі құлдырай құбылған мұнай бағасынан да көрініс табуда. Дагдарыс-1Биржалық трейдерлерді есінен тандырып, бірнеше айдың ішінде 1 баррелі 110 доллардан 40 долларға дейін құлдыраған мұнай бағасы өткен сейсенбі күні аяқ астынан көтеріліп шыға келді. Бұл күні биржалық саудада Brent маркалы мұнай бағасының 1 баррелі 57 АҚШ долларынан асса, WTI маркалы мұнай бағасының 1 баррелі 50 доллардан асып түсті. 7 ай бойы үздіксіз төмен құлдыраған мұнай бағасы соңғы төрт күн ішінде 20 пайызға дейін көтерілді. Әлемдік рынокта айта қаларлықтай ерекше құбылыс болмаса да, мұнай бағасының мұнша құбылуын дуалы ауыз сарапшылар сан-саққа жүгіртуде. Сейсенбі күні бірқатар беделді басы­лым­­дарда мұнай бағасының күрт көтерілуін дүниежүзіндегі кейбір ірі мұнай жобаларына инвестиция салудың тежелуі мен бірқатар мұнай кен орындарында шикізат өндірудің азаюымен түсіндірді. Ал нақты деректер бойынша, әлемдік рынокта мұнай қоры тым көбейіп кеткен. Мәселен, АҚШ-тың мұнай сақтау қоймаларындағы бұл шикізаттың көлемі соңғы 84 жылдың ішінде болмаған ең жоғары деңгейге жеткен. «Форейн полиси» журналы мұнай бағасының мұн­шалықты құбылуын АҚШ-тағы мұнай ұңғымаларының қысқаруымен байланыстырады. «Уолл стрит джорнал» газетінің мәлімдеуінше, өткен сейсенбіде дүниежүзіндегі ең ірі мұнай өндіру компаниясы «Бритиш Петролеум» өзінің жаңа жобаларды қаржыландырудан бас тартып, жоспарланған инвестициялардың бір бөлігін қысқартатынын жария еткен. Оның себебі, өткен жылдың төртінші тоқсанында мұнай бағасының күрт төмендеуінен бұл компания үлкен шығын шеккен. Сондай-ақ, АҚШ-тың бірнеше мұнай өңдеу зауыттарында орын алған жұмысшылардың ереуілі де әлемдік мұнай бағасына әсерін тигізбей қалған жоқ. Алайда, бірқатар сарапшылар мұнай бағасының соңғы төрт күн ішінде біршама көтерілуін әлемдік бағадағы оң бетбұрыс деп санамайтындықтарын алға тартады. Мұнай саласында өндірілген мұнай көлемінің артып кетуі, экономикадағы бұл шикізатқа деген сұраныстың азаюы бағаны одан әрі төмендетеді. Бұл туралы «Барклайз банк» сарапшысы Машвин Манеш «Блумберг» телеарнасына берген сұхбатында былай деді: «Біз мұнай бағасының алдағы уақытта бір баррелінің отыз долларға дейін төмендейтінін жоққа шығармаймыз. Қазір рынок қандай мұнай бағасының тиімді болатындығын таңдау үстінде. Осы уақытқа дейін дүниежүзінде өндірілген мұнай көлемі сұраныстан бірнеше есе артып кеткен. Біздің ойымызша 2016-2017 жылдары мұнай өндіру саласындағы қолданыстағы жобалар қысқармайды. Сондықтан, мұнай бағасының әлі де төмендейтіні сөзсіз. Өйткені, әлемдегі өндірілген мұнай қоры шектен тыс көбейіп кеткен». Дүниежүзінде өндірілген мұнай көлемі­нің шектен тыс көбейіп кетуі ымыра­сыз капиталистік жүйенің күйреуінің алғы­шарты сияқты. Қазіргі капиталистік жүйеде, Маркс тілімен айтқанда, өндірістік күш өзінің дамуын тежеген өндірістік қатынастармен бітіспес күрес жүргізіп жатыр. Соңғы дағдарыстар анық көрсетіп отырғандай, қалыптасқан өндірістік күштер қазір рыноктық басқару емес, қоғамдық-жоспарлық басқаруды қажет етіп отыр. Шындығында, жоспарлы экономика үстем болса, капиталистік жүйеде дүркін-дүркін орын алатын өнімді артық өндіру кереғарлығы болмайтын еді. Мұнай бағасына болжам жасау бүгінде сарапшылар үшін ең абыройсыз мәселеге айналды. Болашағы бұлыңғыр «тақтатас төңкерісі» дегенді алға тартып, жеті қат жер астындағы тақтатас мұнайын өндіріп жаһандағы ең озық мұнай державасына айналуды мансұқ еткен АҚШ-тағы мұнай компанияларының соңғы уақыттағы әрекеттері ешбір болжам жасауға сый­­май­тын сияқты. Соңғы жылдары «тақ­татас төң­керісіне» жұмыла кірісіп, жаң­быр­дан кейін қаптаған саңырауқұлақша күрт көбейіп кеткен АҚШ-тағы мұнай ұнғымалары өткен жылдың желтоқсанынан бері күрт қысқаруға бағыт алды. Биылғы жылдың қаңтар айында ғана мұнда 90 мұнай ұңғымасы қысқартылды. Ал Канадада өткен жылы 214 мұнай ұңғымасы тоқтап, қазір тек 394 ұңғыма ғана жұмыс істеп тұр. Қор биржаларындағы мұнай баға­сының құбылуы трейдерлерді де естен тандыруда. Төрт күн бойы өскен мұнай бағасы бей­сен­біде тағы да төмендеді. Бейсенбі күні бир­жалардағы Brent маркалы мұнай баррелі 54,68 доллар болса, WTI маркалы мұнай баррелі 48,68 долларды құрады.

Солтүстік теңізіндегі ахуал ушықты

Дагдарыс-2Ұлыбританияның мұнай-газ ин­дустриясының өкілдері үкі­метті Солтүстік теңізінде мұнай өндіріп жатқан ком­пания­лар­ға жедел көмек көр­сету­ге шақырды. Мұнай бағасының күрт төмендеуі осы өңірдегі шотландиялық мұнай өндіру платформаларының болашағына айтарлықтай қауіп төндіруде. Мұнай бағасының төмендеуіне ВР, Shell және Chevron сияқты энергетика­лық саланың алпауыттары да төтеп бере ал­май отыр. Бұл компаниялар Солтүстік теңізі­н­дегі бөлімшелерінің жүздеген жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр болуда. Сонымен бірге, аталмыш алпауыт­тар алдағы уақытқа белгілеген ірі жоба­ларын да уақытша тоқ­та­тып, мыңдаған жұмыс­шыларды қыс­қарту­ды ойластыруда. Солтүстік теңізінде мұнай өндіру әлемдегі мұнай бағасының баррелі 60 доллардан асқанда ғана тиімділік бермек. Бұл атышулы ірі компаниялар тек пайдаға ғана жұмыс істейтіндігін айғақ­тап, мұнай бағасы күрт төмендеген соңғы 6-7 айда болашақтағы ірі жобаларын тоқ­та­татындығын жария етіп, байбалам салуда. Солтүстік теңізінде осыдан қырық жыл бұрын ашылған мұнай қоры Абердин қаласының экономикалық гүлденуіне алып келді. Мұндағы жұмысшылардың жалақысы Ұлыбританиядағы орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Англия банкінің басшысы Марк Карни жақын­да бүгінгі күнде әлемдік рынокта қалып­­тасып отырған мұнай бағасының шотландиялық экономика үшін үрей туғызып отырғандығын атап көрсетті. Абердин қаласындағы Бизнес мектебі университетінің профессоры Алекс Кэмп «Шотландия экономикасындағы мұнай-газ саласының үлесі өте жоғары. Сонымен бірге, Орталық Шотландияның көптеген тұрғындары мұнай-газ саласына қатысты салаларда жұмыс істейді. Сондықтан, шот­­лан­диялықтардың басым көпшілігінің тұрмыс жағдайы Солтүстік теңізіндегі ахуалға тікелей тәуелді», деп атап көрсетті. Мұнай-газ саласының алпауыттары үшін Солтүстік теңізіндегі мұнай қоры да, осыған байланысты жасалған келісімшарттар да алдағы талай жылдар үшін табысты болатындығына сенімді еді. Соңғы айлар­дағы әлемдік рыноктағы мұнай бағасы­ның күрт төмендеуі олардың бұл сенімінің тамырына балта шапқан сияқты. Сондай-ақ, Ұлыбританияның ең ірі ВР және BG Group мұнай-газ компаниясы өзінің шығындарын 21 миллиард долларға азайтуға мәжбүр болды. Өткен жылдың соңына қарай компанияның табысы 9,3 миллиард долларға кеміп кеткен. Жыл сайын 23,4 миллиард доллар табыс табатын компания биыл да жағдайдың қиын болатындығын айтып, алаңдап отыр. Ағылшын нарығындағы басқа да компаниялар мұнай бағасының төмендеуіне байланысты етек-жеңдерін жинай бастаған сыңайлы. Мәселен, Royol Dutch Shell концерні алдағы үш жылда инвестиция салуды 15 миллиард долларға азайтуды көздеп отыр. Әрине, табысы азайған компаниялар шығындарын қысқартатыны анық. Сондықтан сарап­шылар ағылшынның мұнай-газ сала­сын­дағы компаниялары алдағы уақыт­та мыңдаған жұмысшыларды қысқар­та­тын­дығынан қауіптенуде.

Алпауыттар ұрпағының мұрасы 16 триллион

Дагдарыс-3«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, капитализмнің күйреу кезеңі ауылының алыс қалмағандығын дүниежүзіндегі байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылықтың да жер мен көктей алыстап бара жатқандығын көрсетсе керек. Әлемдегі ең бай адамдардың  жылжымайтын мүлкінің жалпы құны 3 триллион доллардан асты, деп хабарлайды MarketWatch агенттігі. Капитализмнің бір кереғарлығы өнім­дерді сұраныстан тыс артық өндіру екенін жоғарыда айттық. Бір жағынан Еуропада басталған шөміштен қысу үнем­шілдігі, екінші жағынан, күйзелген эко­номиканың үстінен бас айналдырар бонустар жонып қалталарын қалыңдатқан миллиардерлерді көріп, бүгінде оңшыл­дар­дың өзі, артық өндіру жүйесінің өзі осы ат төбеліндей байлар элитасының мүддесі үшін әдейі жасалып жатқан құбы­лыс емес пе екен деген ойға қалуда. Осы ретте Ұлыбританияның парламенттік кон­серваторы Дуглас Карсуэллдің «еркін рынок өте жиі-жиі азаттығынан айы­ры­лып, қалталылардың қолындағы кор­по­ра­тивтік ракетаға айналып барады», деген тұжырымы еріксіз ойға оралады. Бұл тұ­жы­рымның астарында үлкен ақиқат жат­қа­ны­на тәнті боласың. Қазіргі кезде әлем­нің миллиондаған орта табы еркін ры­нок­қа деген сенімін жоғалтты. MarketWatch агенттігінің дерегі бойынша, дүниежүзіндегі 210 мың бай­лар­дың қолында жалпы құны Ұлы­британия, Франция немесе Үндістан сияқты мемлекеттердің ішкі жалпы өнімі­нен асып түсетін жылжымайтын мүлік шоғырланғанын атап көрсетеді. Осы агенттіктің айтуы бойынша, қазір әлемде жылжымайтын мүлікке салған активі 30 миллион доллардан асатын 210 мың миллионер бар екен. Олардың 80 пайызы өздерінің жеке мүдделері үшін пай­даланатын екі және одан да көп резиден­цияларды иеленетін көрінеді. Бұл миллиардерлер әрбір 3 жыл сайын жаңа үй сатып алады екен. Бүгінде әлемнің аса бай адамдары өздеріне тиесілі байлықтың 30 пайызын жылжымайтын мүлік ретінде ұстайды. Олардың көпшілігі таунхаустардың иесі болса, байлардың 30 пайызы қала сыртында салынған сарайларға иелік етеді. Әлемнің ең бай адамдары Нью-Йорк, Лондон, Гонконг, Лос-Анджелес және Сан-Франциско сияқты қалалардан сән-салтанаты жарасқан пәтерлер мен сәулетті үйлерді сатып алуға құмар көрінеді. Сонымен бірге, бүгінде асығы алшысынан түскен алпауыттар жиған-тергендерін ұрпақтарына мұраға қалдыруда да жарысқа түскен сияқты. Агенттік сарапшыларының айтуы бойынша, алдағы 30 жыл көлемінде дүниежүзінде 16 триллион доллардан асатын байлық миллиардерлердің ұрпақтарына мұра болып қалатын көрінеді. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».