Байқау • 04 Наурыз, 2025

Тайжан әндері әуеледі

37 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәуірінде қолындағы сырнайын сақ-сақ күлдіріп, домбырасын бебеулетіп, топқа түссе шашасына шаң жұқпаған ақын, сазгер, әнші Тайжан Қалмағамбетұлы есімі Ұлытау өңіріне ғана емес, елімізге танымал. Он екі жасында ән айтып, он бес жасында Үкілі Ыбырайдан бата алып, Ұлытау, Көкше, Сыр бойы жұртын өнерімен тәнті еткен Тайжан мұрасы – ұлт өнерінің қазынасы.

Тайжан әндері әуеледі

Екі күн бойы Сәтбаев қа­ласын­дағы Шынболат Ділдебаев атындағы кен­ші­лер сарайында IV рес­публи­калық «Ұлытаудан қа­нат қаққан ақын Тайжан» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Сәтбаев қаласы әкімінің қол­дауы­­мен ұйымдастырылған өнер додасына еліміздің он облысынан 18–35 жас аралығында 18 әнші қатысты. Байқауға қа­ты­сушыларды Сәт­баев қа­ласының әкімі Мұрат Бөрі­баев құттықтап, осындай өнер бай­қаулары жыл сайын өтетінін және қолдау көрсететінін атап өтті.

Қазылар алқасының төрағасы – тайжантанушы, әнші Ғалым Мұхамедин ақынның тағдыры мен соңында қалған мұрасы жөнінде мағлұмат берді.

Байқау алдында Тайжан Қал­ма­ғам­бетұлы атында­ғы Ұлы­тау облыстық филармо­ниясының айтулы әншілері шығып, әуелете салған әнімен қатысушылардың делебесін қоздырып, шабыттандырды. Алғашқы күні байқауға қатысушы әрбір үміткер Тайжан, Нартай, Үкілі Ыбырайдың әнде­рінен барлығы үш ән орындады.

Домбыра, сырнаймен шық­қан дарынды жастардың оза шап­қаны да, бабы келіспегені де бол­ды. Батыс Қазақстан облы­сы, Бәйтерек ауданының мәде­ни-сауық орталығына қарасты «Шың» драма-музыка театрынан кел­ген Кенесары Бұлғанбаев – ең жас қатысушы. Ол Тайжанның әні «Сақ-сақ», Үкілі Ыбырайдың әні «Қалдырған» және Нартай­дың термесін орындады. Алғашқы әні­нен-ақ жас дарынның өнер әле­­мінде өз қолтаңбасы бары байқалды.

Түркістандық Аружан Үкілі Ыбы­райдың «Гәкку» әнін өзі­нің тақиясына таққан үкісіндей құл­пыртып жіберді. Қарағандылық Альяна Берғазықызының орын­дауындағы Тайжанның «Шол­панға» әні де көңілден шықты.

Өнерлі жастарға баға бере­тін Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі, әнші Ғалым Мұха­­ме­дин басқарған қазылар алқа­сы­ның мүшелері осал емес. Сонау Орал­дан Қазақстан­­ның еңбек сіңірген қайрат­кері Ха­ти­мол­ла Бердіғалиев, Қа­ра­ған­ды­дан Тәттімбет атындағы өнер кол­леджінің ұстазы, әнші Жақсы­кел­ді Кемалов, Ұлы­таудан әнші, өнер­танушы Серік Оспанов, Алма­тыдан Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның доцен­ті, Мәдениет саласының үзді­гі Кү­зеубай Аманкелді, Қызыл­ор­да­дан Мәдениет саласының үз­дігі, Респуб­ликалық ақын-жы­рау­­лар одағының мүшесі ­Ақ­ма­рал Ноғайбаева, Астанадан Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген қай­рат­ке­рі, жыршы, тер­ме­ші Қошан Мұс­та­фаұлы, Темірбек Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлт­тық өнер акаде­мия­сы­ның до­центі, Мәдениет сала­сы­ның үз­дігі Шолпан Даржан, дәс­түр­лі әнші Дәрігүл Алдажанова бар.

Тайжан Қалмағамбетұлы­­ның немере келіні Гүлдәрі Оспа­но­ва:­ «Жарым, ақын атамыз­­дың неме­ре­сі Әбдікәрім Шубай­ұлы 2006 жылы қайтыс болды. Ақын атамыз нағашысы Үкілі Ыбы­рай­дан бата алған. Кеудесі әнге, толқын­ды жырға толған. Ата­мыз кез келген жерде ағаштан жо­нып дом­быра жасап алады екен. Әнді көбіне сырнаймен айтады. Кенен Әзірбаев­пен айтыс­қан, суырыпсалмалық өнері бар. Қар­сақ­байдың мыс зауыты енді ашылып жатқанда жан-жақ­тан ақын-жазушылар келіп, атамен танысады. «Қызыл кеніш» газетінің редакторы Әбділдә Тә­жібаев ақынмен жақын танысып, өлеңдерін осы газетке береді. Ақын атамыз Қаныш Сәтбаев­пен танысып, атақты геологке қол­­дау көрсеткен. 1934–1936 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан. Сырнайды құлаштап ән айтқанда даусы екі көштік жерден естіледі екен», деп біраз дерек айтты.

Сонымен байқау мәреге жет­ті. Бас жүлде Түркістан қаласы­нан келген Аружан Сағындық­­қа бұйы­рып, 1 500 мың теңге­­нің сер­тификаты берілді. Бірін­ші орынды Т.Қалмағанбет­ұлы атын­дағы Ұлытау облыстық фи­лар­мониясының әртісі Мадияр Мақ­сұтов (1 млн теңге), екін­ші орынды Алматыдағы Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясынан Ма­дияр Өмір­ғалы (700 мың тең­ге), үшінші орын­ды Батыс Қа­зақ­стан Бәйтерек ­ауданы­­­ның мә­де­ни-сауық орталығына ­қа­­рас­ты «Шың» драма-сазды театры­­нан Кенесары Бұл­ғанбаев (500 мың теңге) иеленді.

Тайжан Қалмағамбетұлы атын­дағы арнайы жүлде Қара­­ған­ды облысы Шет ауданы­ның орта­лығы Ақсу-Аюлыдан Ақжігіт Дәулет­бекке, Жақсы­гел­ді Сейі­лов атын­дағы арнайы жүлде Астанадағы Қазақ ұлт­тық өнер уни­верситетінен Ақниет Серғазинаға, Шынболат Діл­дебаев атындағы арнайы жүл­де Құр­манғазы атындағы қа­зақ ұлт­тық консерваториясынан кел­ген Сәулет Аманғазинге бұйырды.

Қостанайлық Жасұлан Өте­­мұ­ратов пен Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консервато­риясынан келген Абдуррах­ман­ Ес­тайұ­лы дипломант атанды.

Сахна шымылдығы Тайжан Қал­­мағанбетұлы атын­да­ғы Ұлы­­тау облыстық филар­­­мо­ния­сы­ның әншісі, рес­пуб­лика­лық бай­­қаулардың лауреаты Әділет Тұр­­лы­ғожаевтың орын­дауындағы «Ата­мекен» әні­мен жабылды.

Мәдениет сарайындағы зал­дың әр жерінде тарыдай ша­шылған санаулы көрерменді көргенде көңіліміз түсіп қалған. Есті әнге емес, есер әнге үйір жастардың бой көрсетпеуі көңіл­ге кірбің ұялатты. Эстрада әншісі келді десе, залда ине шаншар орын болмайтыны анық. Бәрінен бұрын дәстүрлі әнді насихаттаған дарынды жас­тар­­дың әнін өз қатарластары тың­дамайтыны қабырғаға батады.

 

Ұлытау облысы