
Иә, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмасына, 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген еді.
Кейінгі үш жылда Түркістан қаласының халқы 31,5%-ға артып өткен жылдың соңында 237 мыңға жуықтады. Жалпы өңірлік өнім көлемі облыс орталығы атанғалы 4,5 есе өсіп, былтыр 452,6 млрд теңге болды. Мемлекеттік бюджетке түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, 2024 жылы 80,1 млрд теңге түсті. Оның ішінде салық түсімдері 2,3 есе өскен. Ал қала бюджеті 3 есе өсіп 147,2 млрд теңгеге жетті. Қала дамуының негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі кейінгі үш жылда 915,7 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестиция – 361 млрд теңге. Былтыр 400,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Ерекше мәртебеге ие болған қаладағы арнайы экономикалық аймақта құны 38,9 млрд теңге болатын, 783 жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 9 инвестициялық жоба орналасқан. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса индустриялық аймақта құны 26,7 млрд теңге болатын, 1 454 жаңа жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі бар 36 инвестициялық жоба орналасқан.
Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру бойынша атқарылған істердің басы-қасында жүрген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев дәл қазір елдік қызмет – зор қуаныш әрі жауапкершілік екенін айтады.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
«Мемлекет басшысы қол қойған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі қаланың ерекше мәртебесі бекітілген. Құжатта тарихи-мәдени мұраны сақтау, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу; қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау; археологиялық ескерткіштердің резерватын құру; мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру; қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу; тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту; мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу; туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған. Қазақ елінің бай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу аманатын орындау және жаһанға таныту ісіне бәріміз атсалысуымыз керек», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, былтыр орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 274,6 млрд теңгені құраған. Кейінгі үш жылда 1,2 млн шаршы метр, ал өткен жылы 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 124,9 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда Түркістан қаласының 16 579 азаматы тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тіркелген. Осы орайда тұрғын үй кезегіне түгендеу жұмысы жүргізілгенін де айта кетелік. Нәтижесінде, 3026 азамат тізімнен шығарылыпты. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтер берілетін болады. Сондай-ақ «Отбасы банк» арқылы 58 тұрғын үйдің 3 076 пәтері сатылды. Биылға 2 127 пәтерді құрайтын 30 тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны үш жылда 2 есе өскен. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар 31 227 адамды құрады. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі үш жылда 1,5 есе өсіп, өткен жылы 25,8 млрд теңге болған.
«Қаламыздың ерекше мәртебе алуы болашақтағы дамуына жаңа серпін береді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Осы мәртебе Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың мүмкіндіктер ашып, оның еліміздің басқа аймақтарымен және халықаралық деңгейде байланыстарын одан әрі күшейтеді. Түркістан – киелі жер, қасиетті мекен. Бабаларымыздан қалған мұраларды сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек. Қаланың ерекше мәртебе алуымен қатар, оның инфрақұрылымы мен әлеуметтік қызмет көрсету салалары да жаңғырып, жаңа жобалар жүзеге асырылады», дейді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
Сондай-ақ қала әкімінің мәлімдеуінше, келешекте Түркістан қаласы тұрғындарының негізгі табыс көзінің бірі туризм саласы болады. Оған алғышарттар жетерлік. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қалаға 1,1 млн турист келген. Оның ішінде 23,2 мың шетелдік турист бар. Орта есеппен алғанда күн сайын Түркістанға 70-тей шетелдік азамат келеді деген сөз. Ал жалпы турист санын бір күнге шақсаңыз қаламызда 3 мыңнан аса қонақ болады.
«Жоғарыда 1 млн-нан аса турист келді дедік қой. Соған транзиттік қызмет көрсететін кәсіпкерлерге ұсыныс айтып жатырмыз. Мәселен, қалаға саяхаттап ұшақпен келген қалталы қонаққа қызмет көрсететін таксопарктер бізде жоқтың қасы. Сол үшін комфортты жағдайдағы такси қызметін дамытуды ойластырып отырмыз. Сонымен қатар кәсіпкермен қос қабатты автобустар әкелу бойынша келісім жасаудамыз. Туристерді тасымалдап қана қоймай, қаланың көрікті орындарын тамашалауға мүмкіндік жасалады. Инвесторлармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде туризм саласына алдағы жылдары құны 145,1 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 955 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде ірі жобаларды атап өтсем, құны 126 млрд теңгені құрайтын 17 қабатты 5 жұлдызды қонақүй салынады. Оның арнайы демалыс аймағы болады, 501 жаңа жұмыс орны ашылады. Сол сияқты 5,5 млрд теңгеге қолөнершілер қалашығы салынып жатыр. Мұнда 100 жаңа жұмыс орны болады. Бұған қоса жоба құны 3 млрд теңгені құрайтын аквапаркі бар қонақүй салынбақ. Онда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құны 1 млрд теңгеге 40 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін қонақүй салынады», деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Түркістандықтар Түркістанға берілген ерекше мәртебе – ресми шешім ғана емес, қаланың болашағына жасалған үлкен стратегиялық қадам деп есептейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи мегаполиске айналуына мүмкіндік беретініне, тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға жол ашатынына сенеді.
Облыс және қала әкімдігі Түркістанды тек туристік орталық ретінде ғана емес, өмір сүруге ыңғайлы, дамыған қала ретінде қалыптастыруды басты міндет санайды. Сонымен қатар, киелі қаладағы әрбір тұрғын үшін өмір сапасын жақсарту маңызды мақсатқа айналмақ. Ерекше мәртебе – үлкен жауапкершілік. Яғни жергілікті билік, өңір халқы түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы ғана емес, экономикасы қуатты, экологиялық таза аймаққа айналдыруды мақсат етеді.
ТҮРКІСТАН