
Фото: Мерей Қайнарұлы
«Жоба аясында медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. 2023-2024 жылдары облыстағы ауылдық ауруханалар мен амбулаторияларға 1076 жаңа техника, соның ішінде компьютерлік томографтар, УДЗ аппараттары және диагностикалық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл шалғай елді мекендердегі диагностика мен емдеу сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Айнаш Қапанова.
Сондай-ақ, ауруханалар мен емханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасқан. 2024 жылы бес медициналық мекеме, соның ішінде амбулаториялар мен аудандық ауруханалардың бөлімшелері жөндеуден өтті. 2025 жылы Самар аудандық ауруханасы, Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылындағы аурухана мен дәрігерлік амбулатория, Ұлан ауданының Асубұлақ және Привольное ауылдарындағы амбулаториялар, Күршім аудандық ауруханасы және Зайсан ауданының инфекциялық бөлімшесінде күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Жобаның басым бағыттарының бірі – әйелдер мен балалар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру. 2024 жылы бірнеше аудандық аурухана медициналық көмектің екінші деңгейіне ауыстырылды. Бұл жүкті әйелдер мен балаларға ірі қалаларға бармай-ақ, жергілікті жерде білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Басқарма басшылығының мәліметінше, мобильді медициналық кешендер де белсенді жұмыс істеп тұр. Олар шалғай ауылдарда диагностикалық және алдын алу қызметтерін көрсетеді. 2024 жылы мұндай кешендер 54 мыңнан астам адамды қамтыды. Оның ішінде 4 мыңға жуық бала тексеруден өтті. Барлығы 44 мыңнан астам диагностикалық зерттеу мен 57 мың зертханалық талдау жүргізілді. Бұл кешендер бұрын медициналық тексерулерден өтуге мүмкіндігі болмаған тұрғындар үшін нағыз қолдау болып отыр.
Скринингтік зерттеулер аурулардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. 2024 жылы 156 мыңнан астам адам тексеруден өтіп, олардың 3 951-інен аурудың бастапқы белгілері анықталды. Мұндай зерттеулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, бұл емдеу тиімділігін арттырып, ауыр дерттердің алдын алуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде медицина кадрларының тапшылығын шешу де маңызды мәселе болып отыр. 2024 жылы ШҚО-ның ауылдық аймақтарына аса тапшы мамандықтар бойынша 15 дәрігер тартылды. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Жас дәрігерлерге тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие, көтерме жәрдемақы және біржолғы төлемдер беріледі. Бұл шаралар білікті мамандарды тартуға және оларды ауылдық жерлерде ұстап қалуға көмектеседі.