Айтыс • 05 Наурыз, 2025

«Жамбыл – менің жай атым...»

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 179 жылдығына арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты дәстүрлі республикалық айтыс Әулиеата төрінде он үшінші рет өткізілді. 2012 жылы бастау алған республикалық деңгейдегі жыр додасы жыл сайын ғасыр жасаған ақынның туған күнінде ұйымдастырылады.

«Жамбыл – менің жай атым...»

Өңірдің сегіз жүйрігі мен еліміздің әр қиырынан келген сегіз ақын сынға түсетін формат биыл біршама өз­геріпті. Бұл жолы ақын атындағы өңірден төрт үздік айтыскер топқа түссе, басқа облыстардан он ақын жыр аламанында бақ сынауға мүмкіндік алды. Жеті жұпқа жіктелген айтыс ақындарының өнерін есімі елімізге белгілі қаламгерлер бағалады. Елдік пен бірлікті, тату­лық пен кісілікті жырлаған жыр жүй­ріктерінің сөз сайысы әдеттегідей әдемі әзілдермен әдіптелгені көрермен үшін үлкен олжа болды.

Баласағұн атындағы орталық концерт залында шымылдығы түрілген айтысты шығыстың екі ақыны Рүстем Қайыртай мен Серік Қуанған бастап берді. Шығыс Қазақстан облысынан келген Серік Әулиеата өңірінің терең тарихы мен бүгінін шырайлы шумақтарымен шынайы жырласа, талай айтыста топ жарған Абай облысының ақыны Рүстем Қайыртай да қарсыласынан бір мысқал кем түскен жоқ. Жайықтың жағасынан келген қазақтың ерке қызы Жансая Мусина мен жамбылдық Әсет Дүйсебаев арасындағы сөз сайысы әдемі әзілмен әдіптеліп, көпшіліктің көңілін көтерді.

Жалпы алғанда, жеті жұпта сынға түскен айтыскерлердің қай-қайсысы болсын жақсы дайындықпен келгені байқалып тұрды. Жылтыр сөзден жы­рақ болған ақындардың өзара сөз қағыс­ты­руы, жыр алыбы Жамбылдың бейнесін, еңбегі мен ерлігін қара өлең өлшеміне сыйдыруға тырысуы тың­дар­манның жүрегіне жетті деуге болады.

Жыр додасының қорытындысында сөз алған қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман Әулиеата төрінде дәс­түрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

«Тараз төрінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған жыр додасына куә болдық. Айтысқа қатысқан ақын­дар жыр алыбы туралы тамаша шу­мақтарымен дараланғанын айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, жүйрік ақындары­мыз тақырыпты барынша ашуға тырысып бақты. Республикалық айтысты тұрақты түрде өткізіп келе жатқан жергі­лікті атқарушы билікке алғыс айтамыз. Қазақтың қасиетті өнері мәңгі жасасын», деді ол өз ойын түйіндеп.

Әулиеата төрінде өткен аламан айтыстың қорытындысында бас жүлде (1 млн 700 мың теңге) Шығыс Қазақстан облысының ақыны Серік Қуанғанға бұйырды. Ал жүлделі бірінші орынға Сыр өңірінің жүйрігі, белгілі айтыс­кер Мұхтар Ниязов лайық деп танылса, Батыс Қазақстан өңірінен келген Жансая Мусина екінші, астаналық Мұхтар Қонарбаев үшінші орын иеленді. Бұған қоса төрт арнайы жүлде өз иесін тапты. Бауыржан Момышұлы атындағы жүлде алматылық Шұ­ғайып Сезімханға, Ұлбике ақын атындағы жүлде жамбылдық Әсет Дүй­­себаевқа, Кенен Әзірбаев атындағы жүлде абайлық Рүстем Қайыртайға, Әзімбек Жанқұлиев атындағы жүл­де пав­лодарлық Рауан Қайдарға бұйыр­ды.

Республикалық айтыстың қоры­тын­дысында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Тараз төрінде тамаша өнер көрсеткен айтыскер ақындарға, олардың өнеріне баға берген қазылар алқасының мүшелеріне алғыс айтты.

«Он жылдан астам уақыт бойы тұрақ­ты түрде ұйымдастырылып келе жатқан жыр аламаны көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамыз. Еліміздің әр қиырынан келген танымал ақындардың тамаша шумақтарына жергілікті көрер­мен дән риза болып, қошемет көрсеткенін көз көрді. Сол үшін осы айтысқа арнайы келген жүйріктерімізге шын жүректен ри­зашылығымды білдіремін. Атадан ба­лаға мирас болып жалғасқан қазақ­тың қасиетті өнері жасай берсін», деді ол. 

 

Жамбыл облысы