
Ақкөл ауданы көктемгі қарбаласқа қапысыз дайындалған сыңайлы. Аудандық бюджеттен 150 миллион теңге қаражат бөлініп, инженерлік, эвакуациялауға қажетті техника дайындық сапына қойылған. Елді мекендерден 37 560 текше метр қар шығарылды. Инертті материалдар салынған екі мың данадан астам қап дайындалды. Қажетті жанар-жағар май қоры жинақталған. 12 128 орынға шақталған 17 орын әзірленген. Аудандық бюджет есебінен су тасқыны бола қалса, қажеттілігі қатты сезілетін құрылғылар, 6 мотопмпа, екі дрон, байланыс құралдары алынған. Су тасқынын алдын алу жөнінде кешенді жоспар түзілген. Осы жоспар бойынша Жалғызқарағай ауылының айналасына ұзындығы мың метр, Урюпинка ауылының шығыс жақ беткейіне 643 метр, Краснобор су қоймасының жағалауына 800 метрге жуық үйінді көтерілген.
– Бұған дейін Еңбек ауылының маңындағы Жарлыкөл көлінің жағалауына бөгет орнату жұмыстарын жүргіздік, – дейді аудан әкімінің орынбасары Саят Кенжетай. – Бөгетті инертті материалдармен толтыру, нығайтуға аудандық бюджеттен 7 миллион теңге қаражат бөлінді. Ауданда 117 су өткізу құрылғылары бар. Оның 23-і республикалық маңыздағы автожолдардың бойына орнатылса, қалғандары елді мекендердің еншісінде. Жолды су шайып кетпеу үшін еңістер мен сай-саланың ықтимал тұстары екшеліп, пысықталып жатыр.
Ақкөл қаласының ішіндегі су өткізетін құрылғыларды қасат қар мен мұздан тазалауға қала әкімдігі «Камила» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасыпты. Жолдарды тазалау, күтіп ұстау жұмысын «ГолденТренд» серіктестігі мен жергілікті шаруа қожалықтары атқарады. Краснобор су қоймасы Бегичевское, Ақсуат, Тасмола бөгеттері, Каменка, Ерназар, Голубая Нива, Көктеке тоғандары тәрізді сегіз гидротехникалық құрылыс маңы қатты қадағаланып отыр. Қызыл су жүрген кезде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру жоспарланған. Өткен жылдың қазан айында Есіл бассейндік инспекциясы мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары аудандық әкімдікпен бірлесіп, жоғарыда аталған құрылғыларды тексерген болатын. Тексеріс қорытындысына қарағанда, құрылғылардың жай-күйі қанағаттанарлық.
Егер күн күрт жылынып, қызыл су қарқынды жүретін болса, Краснобор су қоймасындағы су деңгейі күрт көтерілуі де мүмкін. Бұл жай өте қауіпті. 2024 жылдың көктемінде Краснобор су қоймасындағы судың деңгейі 145 сантиметрге дейін көтерілді. Сол кезде су қоймасының бөгетін топырақпен көмкеріп, тосқауыл қою жұмыстары жүргізілді. Биыл да ол жұмыс жалғасуы мүмкін.
Талқара өзенінде мұз кептелістерін бұзып, су еркін өтуі үшін «KMD Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, Урюпин ауылдық округі аумағында өзеннің мұзын ұсақтау мақсатында жарылыс жұмыстары ұйымдастырылды. Оған 264 кило жарылғыш зат жұмсалды.
Бүгінгі жұмысты бекемдеуде өткеннің сабағын ұмытпаған абзал. Былтыр су тасқыны кезінде Урюпин селолық округі аумағындағы жергілікті маңызы бар Урюпинка – Мереке тас жолының алты шақырымға жуығын қызыл су басып қалған болатын. Бұл жайдың бүгін де қайталануы әбден мүмкін. Аудандағы елді мекен тұрғындары жол азабын көрген де осы кез. Амангелді ауылына кіреберістегі автожолды да су шайып кетті.
– Еріген қар суының көп мөлшері осы жерден өтетіндіктен, бұл жағдай жылда қайталанса да елді мекендерге аса бір қауіп төндірмейді, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Жарқайың ауданы да көктемгі су тасқынына дайындықты пысықтай түсті. Державинск қаласында жоспардан тыс оқу жаттығулары өткізілді. Негізгі мақсаты – қапысыз қамдану. Оқу-жаттығуға қырықтан астам адам мен 24 арнайы техника қатыстырылды. Табиғаттың мінезін күні бұрын болжау қиын. Әрқилы жағдайлар ескерілді. Қорғанысты нығайтып, жедел іс-қимылды үйлестіру, аудан жұртшылығын хабардар ету шаралары қарастырылды.
– Бұл оқу-жаттығулар іс-қимыл алгоритмін пысықтауға, әлсіз тұстарымызды анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков.
Қазірдің өзінде Көкшенің күн сәулесі жақсы түсетін қыраттарындағы қасат қардың маңдайы тершіп, мөлдір моншақ жиілеген. Көктем өзімен бірге сындарлы сынағын ала келеді. Сол сынаққа мұқият қамданған жөн.
Ақмола облысы