Медицина • 05 Наурыз, 2025

Күрделі операция сәтті өтті

41 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ми тамырларының ісінуін емдеу дәрігерлерден жоғары кәсібилікті, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе мойны үлкен немесе мойны жоқ аневризмаларды арнайы әдіспен емдеу кезінде түрлі мәселе туындайды. Мұндай операцияны жасағанда аса сақ болған жөн.

Күрделі операция сәтті өтті

Ақ халатты абзал жандар­дың көме­гіне жүгінген 66 жас­тағы қала тұрғынының жағ­дайы мәз емес еді. Халі мүш­кіл ­нау­қастың жағдайын толық­қанды тексерген дәрігерлер оған «оң жақ орта ми артерия­сын­дағы аневризма» деген диаг­ноз қойған. Бұл дертті емдеу­де арнайы әдіс­терді қолданудың маңызы зор.

Дәрігерлер келтірген дерекке жүгінсек, әдетте аневризманы клипс (қысқыш) орна­тып, ашық орта арқылы емдейді. Алайда ауруханаға түскен тұр­ғынның жүрегінде дерт бар болғандықтан, операция­ны басқа тәсіл арқылы жүзеге асыру қажеттігі туындаған. Тәуекелге бел буған ақ халаттылар операцияны қан тамыр­лары арқылы, жергілікті анес­тезиямен жүзеге асыруға мәж­бүр болған.

«Ангиографиялық су­­ре­т­­­тер­ден стент анев­­риз­маның мойнына орналас­ты­рыл­ғанын анық байқауға болады. Әлден уақыттан кейін стенттің ішіне микроспираль енгізілді. Нәти­жесінде, аневризма аумағы толыққанды жабылды. Опе­рацияны жасамас бұрын Ита­лиядан келген білікті сарапшылармен кеңестік. Мұндайда жан-жақты ақылдасқан маман­дардың пікірін білген жөн. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес­кеннен» кейін ғана тәуекел­ге бел буған абзал. Жылдар бойы жиналған тәжірибенің ар­қасында күрделі операция­ны сәтті жасадық деуге негіз бар. Ешқандай асқыну болған жоқ. Қысқасы, қол­дан келген мүмкіндіктің бәрін қа­растырдық», деді Тараз қала­лық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Әйтімбетов.

Операцияны нейрохирург Еркебұлан Меркібеков пен Болат Кеңшілік жасады. Дәрігерлердің айтуынша, аневризманы толық жабу үшін «pConus» аталатын арнайы стент-шатыр қолданылған. Бұл құрылғы аневризманың мойнын жаппай, сол жердегі қан тамырларын бастапқы қалыпта сақтауға мүмкіндік туғызады. Стент аневризманы барынша қорғап, микроспираль арқылы оны толықтай жабуға мүмкіндік береді.

«Науқастың бойынан еш­қандай нев­рологиялық мәсе­ле байқалған жоқ. Келесі күні еркін қозғалып, бөлмеде өзі жүрді. Алдағы уақытта қан ұйып қалмас үшін сақтан­ған­ның артықтығы жоқ. Сон­дық­тан мерзімі алты айды қамти­тын арнайы ем-дом шарасы та­ға­йындалды. Жарты жыл ішін­де стент толыққанды жа­была­ды. Содан соң тағайындал­ған дәрі-дәрмекті қабылдау мер­зімі тоқтатылады», дейді
дәрігерлер.

Дәрігерлердің дер кезінде арала­суының арқасында күр­делі аневризма экно­васку­ляр­лық әдіспен жабылды. Нау­қас­тың жағдайы дер кезінде қал­пына келді. Жоғары білікті мамандар заманауи техниканы қолдана отырып, күрделі операцияны сәтімен жүзеге асырды.

 

Тараз