Аймақтар • 06 Наурыз, 2025

Бесікке қойылған ескерткіш

43 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауылға барғанда белгілі меценат Сапар Ысқақов салдырған Қостанай облысы Амангелді ауданының орталығындағы туристік кешенді барып көрдім. Шалғай елді мекенде бой көтерген туристік хаб, құдды тарихи қалашық. Әсіресе Сұлтан Бейбарыстың ескерткіші қандай еңселі. Адамға рух береді. Ұлттың жады қабырғасына халыққа жан-тәнімен қызмет еткен тұлғалардың есімдері жазылған.

Бесікке қойылған ескерткіш

Жалпы, туристік хабтың аумағы – 7 гектар. Кешен ішінде ұзын саны 12 нысан са­лынады. Қазірдің өзінде Эйфель мұнарасы, Венеция каналы және Сақ моншасы секілді әлемге әйгілі нысан­дар­дың көшірмесі тұр. Аста­на­дағы Бейбітшілік және келісім сарайының көшірмесі де орын тепкен. Енді Тәж-Ма­хал кесенесінің көшірмесі қойылмақ. Туристерге арнал­ған қонақүйі бой көтерген.

Сондай-ақ мұнда ұлттық құндылықтарға да ерекше мән берілген. Өзіме «Бесікке» қойылған ескерткіш қатты ұнады. Алыстан айшықты көрінеді. Оның биіктігі астындағы тұғырымен есептегенде 3 метрдің үстінде. Ұзындығы да сол шамалас. Тұғыртасына заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзі жазылған. Шынында да, халқымыз бесікті айрықша қасиет тұтқан. Осы киелі бесік­тің арқасында қазақ түрлі за­ман теперішін көрсе де, ұр­па­ғын көбейтті.

Бұл ескерткіштің авторы – кәсіби суретші Боз Кен­жеахметов. Ы. Алтынсарин атын­дағы Арқалық педагоги­ка­лық институтының көркем­сурет факультетін бітірген қыл­қалам шеберіне бұл ой оған алғашқы немересі туғанда келген екен.

«Ауылда туған кез келген қазақ баласы бесікте тербеліп, анасының әлдиін тыңдап өседі. Сондықтан бесіктің орны бөлек. Алдымен «Астананың алтын бесігі» деген жоба жасадым. Бұл үш қабатты ғимаратқа арналған еді. Бір жағынан, Астананы үлкен үй десек, соның бесігі болса деген ойды меңзедім. Бұл жобаны қала әкімдігіне ұсындым. Содан кейін осы ескерткіштің эскизін әзірледім. Оны Сапар Ысқақов ағаға жібердім. Ол кісі бірден қолдады. Сөйтіп, ұлым екеуміз жобаға кіріс­тік. Барлығын осында өзіміз жасадық. Тек туристік кешен­нің ашылуы қарсаңында апарып орнаттық. Сапар аға оны елге көлікпен жеткізіп берді.

Мұндай ескерткіш елор­да­ның төрінде тұрса да артық емес. Осындай нақыштағы ескерткіштер қалаға көрік береді. Шынымды айтсам, «Ұлттық алтын бесік» атты кешен салсам деп армандаймын. Жобасы дайын. Өйткені ұлттық тәрбие бесіктен бас­талады. Соны көргендер одан ой түйер еді. Қазір елі­міз­де «Домбыра» күні аталып өтіледі. Меніңше, «Бесік» күні де керек секілді. Ұлт құн­ды­лықтарын сақтау мен наси­хат­тауға арналған қазақ күнтізбесі биыл 1 маусымды «Бесік және ана мен бала күні» деп бел­гі­лепті. Осының өзі көңілге қуаныш сыйлайды», дейді суретші.

Қазір бұл ескерткіш жаңа отау көтерген жас жұбайлар су­рет­­ке түсетін орынға айнал­ған.

Соңғы жаңалықтар

Көкшетау көркейіп келеді

«Таза Қазақстан» • Кеше

Өндірістегі өзгеше отау

Мереке • 01 Мамыр, 2025