Жемқорлық • 07 Наурыз, 2025

Жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігі маңызды

65 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, заң мен тәртіп үстемдігін бұзатын қауіпті құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басым бағыты жемқорлықтың алдын алу, яғни мәселенің салдарынан бұрын, оның туындау себептері мен алғышарттарын анықтау, жемқорлық тәуекелдерін жою, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып саналады.

Жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігі маңызды

Сурет: gov.kz

Бұл ретте Сыбайлас жемқорлық­қа қарсы қызметтің аумақтық бөлімшесі ретін­де Ұлытау облысы бойынша департамент кешенді жұмысты жалғастырып жатыр. Негізгі бағыты – сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерінің картасын іске асыру, күр­делі әлеуметтік мәселелерді шешу жолымен азаматтардың сенімін арттыру, басшы құрам арасындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау.

Департаменттің превенция желісі қызметіне тоқталсақ, 2024 жылы бес салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауы жүргі­зіл­­ген. Атап айтқанда, талдау автожол­дар салу және жөндеуден өткізу, ауыл ша­руа­шылығы жерлерін бөлу, еңбек және әлеу­меттік қамтамасыз ету, сон­дай-ақ спорт салаларын қамтыды. Нәти­жесінде, бірқатар жемқорлық тәуекелі анықталып, жо­йылды.

Су ресурстарын басқару, үй аулала­рын абаттандыру, балалар ойын алаңын орнату, автожол жөндеу және салу, ауыл шаруашылығы субъектілерін субси­диялау, қоршаған ортаға зиянды зат­тарды тарату, қатты тұрмыстық қал­дық­тар полигондары және білім инфра­құрылымын қолдау қорының қара­­жа­­­тын жұмсау салаларында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мониторинг жүр­гізіл­ді. Мониторинг нәтижелері бо­йынша жемқорлыққа әкеп соғуы ықтимал мәселелер анықталып, шешілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бо­йынша департаментінің басшысы Ерлан Жолдыбаев:

– Мемлекеттік сатып алу саласындағы мониторинг аясында 1,3 млрд теңге көле­міндегі бюджет қаражаты үнемде­ліп, 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауап­кершілікке тартылды. Өткен кезең­де ты­йым салынған қызметпен айна­лыс­­қаны, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асы­­ру­ға кедергі келтіргені, сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы шаралар қабыл­да­мағаны, бұрын жемқорлық жасаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін 7 лауа­зымды тұлға әкімшілік жауап­кер­ші­лікке тартылды. Департамент ұсыны­сы не­гізінде өзге мемлекеттік органдар 7 жеке және заңды тұлғалар 130 млн теңге көле­мінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауап­кер­шілікке, 17 лауазымды тұлға тәр­тіп­т­ік жа­уапкершілікке тартылды, – дейді.

«Бизнеске жол» жобасы аясында 547 кәсіпкердің құқығы қорғалды, оның 15-і жүйелі кейс бойынша іске асырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында өңірдің он әртүрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалары әшкереленіп, іздестірудегі бір тұлға ұсталған. Сотқа дейінгі тергеу бағыты бойынша 20 іс сотқа жолданып, Қылмыстық-процестік кодекс­тің 200-бабы бойынша 18 ұсыным енгізілді. Тергеу барысында заңдылық пен объективтілікті қамтамасыз етуге аса назар аударылатынын атап өткен жөн.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылы­сы ұзаққа созылған нысандарды қадаға­лай­тыны белгілі. 2024 жылы департамент бақылауында төрт нысан болды. Оларға жиі шығып, құрылыс барысы қадағаланды. Өткен жылдың соңында төрт нысанның үшеуі қолданысқа берілді. Бұлар – Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы екі балабақша, Сәтбаев қаласындағы Оқу­шылар сарайы. Қазіргі уақытта депар­таменттің бақылауында Жезді кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені қалып отыр. Жыл басында Жаңаарқа ауданы Атасу кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені бақылауға алынды.

Еліміздің сыбайлас жемқорлық­қа қарсы саясатының 2022–2026 жылдар­ға арналған тұжырымдамасына сәй­кес, былтыр мем­лекет­тік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған дәрістер жоспар бойынша жүр­гізілді. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы тақы­рыптағы материалдар қоғам­дық орындарда, әлеуметтік желілерде кеңі­нен таралды. Мемлекеттік қызметші­лер үшін жем­қор­лыққа қарсы тақы­рып­тағы театр­­лан­дырылған қойылым ұйымдастырылды.

Жастардың санасында жемқорлық­қа қарсы мәдениет қалыптастыруға ба­ғыт­талған жұмыстарға да ерекше мән беріледі. Соның бірі ретінде «Жемқор­лық – індет, онымен күресу – міндет» тақырыбындағы сту­денттер арасын­дағы республикалық эссе байқауын айтуға болады. Оған еліміздің бірнеше өңірінен жастар қатысып, бақ сынады. Жемқорлық туралы ойын жеткізіп, оған қарсы тұрудағы ұсынысын ортаға салды.

Бұған қоса жыл басынан бері Мем­лекет басшысы атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайту бо­йынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 3 мыңнан аса студент пен мектеп оқушысының қатысуымен «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы өткізілді.

 

Ұлытау облысы