Оқиға • 12 Наурыз, 2025

Алматыда жылжымалы экохаб өтті

111 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен қалалық «Алматы – ортақ үйіміз» бастамасы аясында жылжымалы экохаб ұйымдастырылды.

Алматыда жылжымалы экохаб өтті

Экохаб барысында қала тұрғындары пластикті қайта өңдеумен танысып, экологиялық жауапкершілік туралы мағлұмат алды. Пластик бұйымдарды фандоматқа өткізіп, ақшалай сыйақы алу мүмкіндігін де сынап көрді.

1

Панфилов көшесінде былтыр қала әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен алғашқы фандомат орнатылған болатын. Содан бері бұл орын экологиялық бастамалардың орталығына айналған.

Eco Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов мұндай бастамалар қала тұрғындарына экологиялық әдеттерді үйренуге ықпал етеді. Айтуынша, фандоматтар – бұл пластик қалдықтарынан құтылудың ыңғайлы әдісі ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға саналы көзқарасты қалыптастырудың құралы. Адамдардың қарапайым әрекеті де экологияны жақсартуға үлес қоса алатынын түсінгенін қалаймыз. Қалдықтарды қайта өңдеу бір реттік емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы тиіс. Осы ретте қала тұрғындары экологиялық болашаққа қарай қадам жасап келеді.

2

Экохаб белсендісі, 5-сынып оқушысы Ілияс Ахметовтың айтуынша,  әр аулада осындай аппараттар орнатылса, ешкім пластик бөтелкелерді жай ғана қоқысқа тастамас еді. «Экология туралы бұрын ойланбаған достарымның өзі қызыға бастады. Біз мектептен кейін пластик жинап, оны өткізіп тұруға келістік» дейді ол.

Экохаб алматылықтар арасында экологиялық әдетті насихаттауға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Ұйымдастырушылар мұндай шараларды қоғамдық орындарда ғана емес, сауда орталықтарында, саябақтарда және қалалық алаңдарда өткізіп, мүмкіндігінше қоршаған ортаны қорғау ісіне қала тұрғындары мен қонақтарды көптеп тартуды жоспарлап отыр.

 

АЛМАТЫ