Басылым • Кеше

Қазақ тіліндегі алғашқы жинақ

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарқынды дамып келе жатқан жаңа сала туралы қазақ тілінде жазылған алғашқы кітап – «Жасанды интеллект әліппесі» жақында көпшілікке таныстырылды. Еңбекте ЖИ-ді түсіну, меңгеру, қолдану тәсілдері қарапайым тілмен жазылып, нақты мысалдармен көрсетілген. Іс-шара барысында «TurkAI» – түркі мемлекеттерінің жасанды интеллектшілер қауымдастығының құрылғаны хабарланды. Сондай-ақ салалық «AI-hub» компаниясы мен «ai-hub.kz» сайтының жаңа бастамалары назарға ұсынылды.

Қазақ тіліндегі алғашқы жинақ

Әлемде қарқынды дамып жатқан жасанды интеллект саласына еліміз де көңіл бөліп, арнайы заң шығаруды қолға алған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақ­стан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет»,  деген еді.

Жоба бастамашылары еліміз де бұл салада көштен қалмауы үшін екі жыл бұрын қазақтілді аудиторияға арнап арнайы еңбек жазуға кіріскен. Кітап жасанды интеллектінің негізгі қағидаларын, оның қазіргі даму деңгейін, болашақ мүмкіндігін түсінуге көмектесетін бірегей құрал болмақ. Саланы зерттеп жүрген кітап авторы – жасанды интеллект және IT технология саласының сарапшысы, журналист Мейіржан Әуел­ханұлының айтуынша, кітап –  бағдарламалауды білмейтін, бірақ AI мүмкіндіктерін зерттеп, қолданғысы келетін адамдарға арналған. Жасанды интеллект саласындағы негізгі ұғымдарды қарапайым тілмен түсіндіреді.

«Бұл кітап заманауи технологияларды терең түсініп, тиімді пайдалануды ойлап жүрген, жаңа мүмкіндік, шабыт іздеп жүрген, ЖИ әлеміндегі алғашқы қадамды дұрыс басуды қалайтын оқырманға арналған. Кітапты оқыған соң, сіз ЖИ-дің тек құрал емес, шексіз мүмкіндік әлемі екенін түсінесіз. Өз салаңызда жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік аласыз. Жақын 1-2 жылда ЖИ ешкімнің орнын ауыстыра қоймайды, тек ЖИ-ді меңгерген маман сұранысқа ие болады», дейді Мейіржан Әуелханұлы.

Қазірдің өзінде кітапқа сұраныс өте жоғары болғандықтан, екінші рет басы­лымға жіберілген. Оқырман тарапынан айтылған жағымды пікірлер де көп. Белгілі публицист әрі еңбектің редакторы Қайнар Олжайдың айтуынша, кітап өте сауатты жазылған. «Тұтас қолжазбадан таза бір әріп қатесін таптық. Тыныс белгісі де тегіс орнында. Мұндай мұқият жазылған еңбекті қазір кездестіру қиын. Риза болдық. Бұл – біріншіден. Екіншіден, кітап қазақ оқырманына ауадай қажет сала жайында. Жасанды интеллект деген не деген сауалға тереңнен қопарып, айналаны түгел адақтап жауап берген. Қаншама терминнің түсінігі келтірілген. Қазақтың ру түгендегені сияқты жасанды интеллект өнімін ұсынып отырған шетелдік компаниялар сипатталған. Үшіншіден, «ал жасанды интеллекті ні қалай жұмсау керек» дегендер үшін толық тәжірибелік курс қамтылған. Ой ісіндегі қолғанатқа сан салада берілетін тапсырма (оны «промпт» дейді екен) толық тізілген. Шекесінен шер­тіп алып қолдана бересіз», дейді редактор.

Белгілі педагог Өмірбек Шыныбекұлы осы кітапты Оқу-ағарту министрлігінің сарапшылары қарап шығып, қосар-алар тұстары болса автормен жұмыс істеп, мектептерге тарату керек деген ұсынысын айтты.

Іс-шара аясында «AI-HUB» компания­сы құрылтайшыларының бірі Нұрболат Нышанбаев «TurkAI» қауымдастығы құры­лып, түркі мемлекеттерімен де бірлес­кен жұмыстар күшейтілетінін хабарла­ды. Іс-шараға онлайн қатысқан Түр­кия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбек­станның жасанды интелект саласында жұмыс істейтін компания басшылары Түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект ассоциациясының Қазақстанда құры­луының өзі маңызды оқиға деп атап өтті.

«AI-HUB» компаниясының негі­зін қалаушылардың бірі Ержанар Әшей­ханның айтуынша, қазақ аудиториясы заман көшінен қалмау үшін жасанды интеллект саласында іргелі істер атқаруға қатыс­ты ауқымды стратегия әзірленген. «AI-HUB» – жасанды интеллект, IT, кибер және ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық және цифрлық технологиялар, сондай-ақ био­технологияларды зерттеу мен дамы­туға бағытталған бірегей ұйым. Негізгі мақсаты – озық технологияларды түрлі салаларға енгізу, халықтың цифрлық және ақпараттық сауатын арттыру, сондай-ақ салалық стартаптарды қолдау.