
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Қайырымдылық – мұқтаж жандарға тек материалдық көмек көрсету емес, сонымен қатар рухани демеу, қолдау білдіру, мейірімділік пен ізгілік таныту. Қайырымдылық жасау баршаны жақсылыққа, адалдыққа, басқаның жағдайына түсіністікпен, жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді. Қайырымдылық қағидалары мен еріктілер қозғалысының барша адамзатты бір қауызға сыйдырған пандемия кезінде, былтырғы бүкіл елімізге сын болған су тасқыны кезінде жалпыұлттық сипат алғанын, әлеуметтік нормаға айналғанын, барлық азаматтардың ортақ нәубетпен күреске бір кісідей жұмылып, ынтымақ танытқанын, қажыр-қайрат көрсеткенін ілтипатпен атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай сындарлы кезде сырт қалмай, отандастарына көмек қолын созған, мейірімділік, ізгілік танытқан барша ұйымдарға, азаматтарға ризашылық білдіріп: «Асар деген ата дәстүрімізді сақтап келе жатқанымыз қуантады. Пандемия, су тасқыны кезінде еріктілер аянбай еңбек етіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Қайырымды жандар ортақ іске жан-жақты қолдау білдірді. Біз осындай ұйымшылдықтың және жауапкершіліктің арқасында ахуалды тұрақтандыра алдық. Мұның бәрі – елдіктің және береке-бірліктің жарқын көрінісі. Қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатыр. Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар өздерінің еңбек етуіне, соның ішінде мемлекетпен және бизнеспен бірлесе жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасайтын заң жүзінде шынайы мәртебеге ие болуы тиіс» деген еді.
Президент волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттыққа қолдау көрсету мемлекетіміздің ұзақмерзімді басымдығы деп санайды. Волонтерлік іспен айналысу – патриотизмнің жарқын көріністерінің бірі. Бүгінде қайырымдылық жобаларға бағытталған ірі бизнес табысын 3%, шағын және орта бизнес табысын 4% көлемде салықтан босату заңнамалық тұрғыда қарастырылған. Елімізде «Волонтерлік қызмет туралы», «Қайырымдылық туралы» арнайы заңдар бар. Ата заңымызда белгіленген әлеуметтік мемлекет ұғымының мән-маңызы да ел байлығын тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, білім алуына мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қолдауға арнайтын мемлекет дегенді білдіреді. Айталық, жыл сайын республикалық бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады, тұрмысы нашар халықты қолдауға бағытталады. Бұл – орасан зор қаражат.
Бүгінде елімізде әлеуметтік мәселелерді шешуге, мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге белсене атсалысып жүрген қайырымдылық қорларының қарасы қалың. Жылдан-жылға қайырымдылық ұйымдарының саны артып, сонымен қатар олар жүзеге асыратын түрлі бағдарламалар да көбейіп келеді. Қорлар негізінен кедейлікті жою, денсаулық сақтау, білім беру, балалар мен қарттарға көмек көрсету, табиғатты қорғау бағытында жұмыс істейді. Соңғы деректер бойынша, елімізде өзге қорлар мен ұйымдардан бөлек, 1353 заңды тұлға ресми тіркелген. Оның ішінде қалың бұқараға кеңінен танымалдары: «Қазақстан халқына», «Дара», «Аяла», «Сәби», «Мейірім», «Харекет», «Асар-Уме», т.б. Бұл тізім үлкен құрылымның бір ширегі ғана. Әрбір қор жеке мақсатты шараларға, нақтылы ауыл, адамдарға көмектесумен айналысады. Дегенмен қорлар бірлесе келіп, бүкіл елдің дамуына көмектесетін көпшілік әлеуметтік қызметтерді атқарады. Мұның сыртында қайырымдылық көмек, шараларын жарнамаламай, ресми тіркемей жасайтын жекелеген ұйымдар, азаматтар да баршылық. Енді солардың бірқатарын атап өтсек дейміз.
«Асар-Уме» қоры қызметін 2019 жылы бастады. Мақсаты – аз қамтылған адамдарға өзін-өзі жұмыспен қамтуға, жұмысқа орналасуға көмектесу, психологиялық қолдау, қамқор адамдармен бірге ерікті қайырымдылық арқылы аз қамтылған отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету. Бес жыл ішінде қор 1019 отбасы мен 5544 балаға көмек көрсетті.
«Аяла» қайырымдылық қоры елімізде мәдениет пен қайырымдылық дәстүрлерін тәрбиелеу, балалар денсаулық сақтау, білім беру мекемелеріне көмек көрсетумен шұғылданады.
«Харекет» қайырымдылық қоры» жетім, мүгедек балаларды, баспанасыз қалған, қиын өмірлік жағдайдағы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етумен айналысады. Қор төрт жыл ішінде 500-ден астам отбасын үймен қамтамасыз етіп, 2000 бала шаңырақ көтерді.
«Сәби» қайырымдылық қоры ата-анасынан айрылып, қамқорлықсыз қалған балаларға, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылардан шыққан дарынды балаларға, денсаулығында ауыр ақауы бар балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетеді.
Бұл тізімді де жалғастыра беруге болады. Сондай-ақ өңірлік деңгейде қызмет ететін қайырымдылық қорлары, бірлестіктері бар. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын Жамбыл облысында басталған «Асарлатып үй салу» жобасының арқасында бірнеше көпбалалы, аз қамтылған отбасылар баспаналы болғанын атап өтуге болады.
Қайырымдылық материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмесе керек, сондай-ақ қарт адамдарға, балаларға, ауруларға уақыт, көңіл бөлу, түрлі деңгейдегі адамдарға білім беру, үлгілік үйірмелер мен курстар арқылы қолдау көрсету, қиын сәттерде жанынан табылып, кеңес беру сынды қолдау, көмектермен көрініс табады. Мұқтаж жандарға қолдау көрсету адамның жүрегіне тыныштық сыйлайды, қоғамның дамуына үлес қосады, әлеуметтік әділдік орнатуға көмектеседі. Қайырымдылық жасау – тек рухани парыз ғана емес, сонымен қатар әрбір адамның адамгершілігін, қоғамға деген жауапкершілігін көрсету. Ол біздің бойымыздағы ең асыл қасиеттерді дамытуға, мейірімділікті арттыруға септеседі, қоғамда бірлік пен ынтымақтастықты нығайтады. Қайырымдылықтың тек жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға тигізер пайдасы зор, сондықтан бұл ізгі іс әрқайсымыздың күнделікті тірлігімізде орын алса құба-құп.