Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына Түркістан қаласының тұрғыны Гүлмира Өтегеновадан хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Хат авторы – егіз перзенттің анасы. Егіздің сыңары Еркежанға дәрігерлер туғанда “балалардың церебраль сал ауруы” диагнозын қойған. Анасы оны біршама ауруханалар мен медициналық орталықтарда емдеткен. Емдеуші дәрігер 2008 жылы Г.Өтегенованы қызымен бірге Астанадағы жаңа республикалық балаларды оңалту орталығына жіберген. Ана мен бала орталығында тексерістен өткеннен кейін Еркежанға жедел түрде операция жасалып, нәтижесінде 6 жастағы қыз жүре бастаған.
Гүлмира өз хатында қазіргі уақытта қызымен бірге “Болашақ” бөлімінде дәрігерлердің бақылауымен тағы да тексеруден өтіп жатқанын жазады. Оның жазуынша, мұнда Қазақстанның барлық өңірлерінен келген балалар емделуде. Олар тек ем алып қана жатқан жоқ, сонымен қатар шығармашылықпен айналысуда, сурет салып, өлең жазуға машықтануда.
“Орталықтың барлық қызметкерлеріне балаларға көрсеткен қамқорлығы мен жанашырлығы үшін алғысымды айтқым келеді. Ұжымда орныққан жоғары кәсібилік, жауапкершілік маған және менің отандастарыма үлкен әсер қалдырды”, делінген хатта.
Одан әрі Г.Өтегенова Мемлекет басшысына деген өз ризашылығын былайша жеткізеді: “Қазақстанның бас қаласында бірқатар инновациялық орталықтардың басын қосқан медициналық кластерді ашқаныңыз үшін Сізге зор алғысымды айтамын. Біз Сізге балаларымызға көрсетілген көмек үшін шын жүрегімізден ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің бастамаңызбен құрылған серпінді жобалар қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартып, біздің мемлекетіміздің дамуын жаңа технологиялық сапаға көтеруге мүмкіндіктер берді. Осы заманғы бірегей емдеу мекемелерін құру жөніндегі Сіз қабылдаған көреген шешімдер қазірдің өзінде мыңдаған адам өмірін құтқарып қалды. Сіздің тарихи жасампаздығыңыз халық жадында ғасырларға жете бермек. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз біз үшін, Қазақстанның барлық халқы үшін – Ұлт көшбасшысысыз! Сізге мықты денсаулық, әрбір жаңа күн Сіздің үйіңізге келісім мен бақыт әкелуін, тілектеріңіздің орындалуын және табыс тілеймін! Сіздің және Сіздің жақындарыңыздың игілігі мол болсын!”.
Бұл хатқа сондай-ақ балаларды оңалту орталығында, Ана мен бала орталығында және нейрохирургия орталығында емделіп жатқан ондаған балалардың аналары қол қойған.