05 Мамыр, 2015

Жарқын жеңісімен құттықтады

497 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
55-үлкен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланыс­ты құттықтаулар әлі де келіп жатыр Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиден құттықтау же­дел­хаты келді, деп хабарлады Прези­денттің баспасөз қызметі. Н.Моди Нұрсұлтан Назарбаевты пре­зи­денттік сайлаудағы жеңісімен құттық­тады. «Қайта сайлануыңыз Қазақстан халқының Сіздің көреген көшбасшылығыңызға деген сенімінің жарқын айғағы болып табылады. Сізге қарқынды дамып және өркендеп келе жатқан ұлт қалыптастыру жолындағы күш-жігеріңіздің табысты болуын тілегім келеді. Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен ілгерілеу мен дамудың жаңа сатысына аяқ басатынына сенімдімін», – делінген жеделхатта. Үндістан Премьер-министрі екі мемлекет халқының да әл-ауқатына ықпал еткен және бүкіл өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа айтарлықтай үлес қосқан Қа­зақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға өз елінің әрдайым бейілді екенін атап өтті. «Мен екіжақты байланыстарды күшейту және әртараптандыру жөніндегі бірлескен мүмкіндіктерді талқылау үшін Сіздің ұлы еліңізге алдағы сапарымды тағатсыздана кү­тудемін. Сіздің қолдауыңызбен түр­лі сала­дағы ынтымақтастығымызды бола­шақ­та бұдан да жоғары деңгейге көтере алаты­ны­мызға сенімдімін», – делінген жеделхатта. * * * Нұрсұлтан Назарбаевқа оның Қазақстан Президенті болып сайлануына байланысты Эстония Республикасының Президенті Тоомас Хендрик Ильвестен құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Т.Ильвес Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Қазақстан Еуропалық одақтың өңірдегі ең маңызды серіктесі болып саналады. Біз таяу болашақта ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да беки түсетіні үшін қуа­ныш­тымыз. Сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуге үміттіміз, бұл біздің қарым-қатынастарымызды әрі қарай ілгерілетіп, тереңдетуге септігін тигізетін болады», – делінген жеделхатта. * * * Испания Үкіметінің Төрағасы Мариано Рахой Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. М.Рахой Үкіметтің және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. «Осы жаңа мандаттың кезінде біз елдері­міз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыра алатынымызға сенімдімін. Испания үшін Қазақстан негізгі серіктес болып саналады. Сіздің елге менің 2013 жылы қыркүйекте жасаған соңғы сапарым стратегиялық қарым-қатынастарымызды нығайту мүмкіндіктері бар екеніне, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдік аренадағы жауапкершілігіне көз жеткізді, Испания бұған қолдау білдіреді», – делінген жеделхатта. Соңында Испания Үкіметінің төрағасы Қазақстан Президентіне жоғары лауазымды қызметте табыс тіледі.   Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. С.Саргсян Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Дауыс берудің даусыз қорытындылары Қазақстан азаматтарының бұдан әрі де Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асып жатқан, елді әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамытуға, оның халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған ауқымды жаңғырулар жолымен жүруге деген бекем ниетін айғақтайды. Армян-қазақ ынтымақтастығы аясын ұлғайта түсу мәселесіндегі бірлескен күш-жігеріміз, біздің жеке қарым-қатынасымыз алдағы уақытта да Армения мен Қазақстан халықтары арасындағы достықты нығайту мүддесіне қызмет етеді деп есептеймін», – делінген жеделхатта. Соңында Армения Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа денсаулық пен бақуаттылық, бастамаларына табыс, ал Қазақстан халқына татулық және бақ-береке  тіледі. * * * Марокко Королі VI Мұхаммед Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. VI Мұхаммед Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, оның елді әрі қарай дамыту мен өркендетуге бағытталған барлық бастамаларына табыс тіледі. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, елдерімізді берік байланыстыратын ислами арқаулар мен тиімді ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, түрлі салалардағы қатынастарға серпін беру мақсатында бауырлас елдеріміздің және барша мұсылман қоғамдастығының мүддесі үшін Сізбен бірге бар күш-жігерімді жұмсауға дайын екенімді білдіргім келеді», – делінген жеделхатта. * * * Нұрсұлтан Назарбаевқа Португалия Республикасының Президенті Анибал Каваку Силваның құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.  Анибал Каваку Силва Қазақстан мен Португалияның екіжақты қарым-қатынастар аясындағы ынтымақтастықты нығайту үшін қажетті мүмкіндіктер аясын кеңейтуді жалғастыра беретініне сенім білдірді. Португалия Президенті Қазақстан халқына бақ-береке тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестігін жеткізді. * * * Катар Мемлекетінің Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Тамим бен Хамад Әл Тани Катар халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Сізге мықты денсаулық пен табыс тілеп, ал бауырлас Қазақстан халқына өсіп-өркендеуі мен ілгерілеуіне ниеттестігімді білдіру үшін осы мүмкіндікті пайдалануға рұқсат етіңіз. Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты болашақта да нығайта беруге деген шынайы ықыласымды қабыл алыңыз», – делінген жеделхатта. * * * Нұрсұлтан Назарбаевқа оның Қазақстан Президенті болып сайлануына байланыс­ты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО-ның атқарушы директоры Шам­шад Ахтардан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. «Біздің комиссия мен Қазақстан арасында өзара іс-қимылдың ұзақ әрі жемісті тәжірибесі бар. Мен Сізге осы жылдар ішіндегі тығыз ынтымақтастық үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстанның энергетика және қоршаған орта сияқты негізгі салалардағы көшбасшылығы болашақта да жалғаса беретіндігіне сенімдімін. Комиссия Сіздің елдің осы бағыттағы күш-жігерін қолдауға дайын», – делінген жеделхатта. __________________________ Мемлекет басшысы атына мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан, шетелдердің заң шығарушы органдары өкілдерінен, шетелдік компаниялар жетекшілерінен құттықтаулар толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Атап айтқанда, Пәкістан Президенті М.Хусейн Пәкістан Ислам Республикасы халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Президент сайлауындағы тарихи жеңісіне байланысты риясыз көңілден құттықтайтынын жеткізген. «Қазақстан Президенті жоғары лауазымына сайлануыңыз Сіздің Елбасы ретіндегі биік беделіңізді, сондай-ақ халықтың сенімін және бұдан әрі өсіп-өркендейтініне деген сенімділігін айғақтайды», – делінген жеделхатта. М.Хусейн Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сындарлы диалог алда да екі елдің және қос халықтың бауырластық қарым-қатынасын нығайтуға септігін тигізетінін атап өткен. Өз кезегінде Катар мемлекетінің Премьер-министрі – ішкі істер министрі Абдулла бин Нассер бин Халифа Әл Тани және Катар мемлекеті әмірінің орынбасары Абдулла бин Хамад Әл Тани Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, мықты денсаулық пен табыс тіледі, еліміздің халқының ілгерілеуі мен өсіп-өркендеуіне деген  ниеттестіктерін білдірді. Антигуа мен Барбуда Премьер-министрі Г.Браун ел үкіметі мен халқы атынан  президент сайлауындағы жеңіспен риясыз көңілден құттықтайтынын жеткізген. «Біздің елдеріміз халықаралық деңгейдегі бірқатар маңызды саяси және экономикалық мәселелер бойынша өзара ынтымақтасып келеді. Антигуа мен Барбуда Қазақстанды сенімді дос және серіктес ретінде қарастырады. Премьер-министр ретінде мен елдеріміз арасындағы бауырластық қарым-қатынас бұдан әрі тереңдей түскенін қалар едім. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуін тағатсыздана күтемін. Ол форумның «Болашақтың энергиясы» деген тақырыбы дер кезінде көтеріліп отыр. Менің үкіметім баламалы  энергия көздерін қызу зерттеуде, сондықтан аталған саммитке қатысу мүмкіндігі біз үшін маңызды мәнге ие және қажетті нәтижесін береді», – деп жазады автор. Башқұртстан Республикасының басшысы Р.Хамитов сайлаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі елді қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамыту жолындағы Президент саясатын Қазақстан халқының кеңінен қолдайтынының айғағы екенін айтады. «Сізге шын көңілден мықты денсаулық, бақуаттылық және бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында жаңа жетістіктер тілейміз», – делінген жеделхатта. Өз құттықтауын АҚШ конгресінің мүшесі Р.Вебер де жолдап, Нұрсұлтан Назарбаевтың қайта сайлануы Қазақстан азаматтарының лай­ықты сенімінің және Мемлекет басшы­сы­ның елдегі және шетелдердегі көшбасшы­лығына да олардың сенетіндігінің дәлелі екенін атап өткен. «Мені Сіздің өз халқыңызды Америка Құрама Штаттарымен экономикалық өзара іс-қимыл бағытына бастауға деген ықыласыңыз, сондай-ақ, өңірде татулық орнату жөніндегі берік ұстанымыңыз қанаттандырады. Елдеріміз осыған дейін қол жеткен прогресс негізінде бұдан әрі де қарым-қатынасын жалғастырады деп күтемін. Сіздің сара басшылығыңызбен Қазақстанның ел ішіндегі және шетелдерге қатысты бастамаларыңыз өрістеуін жалғастыра береріне сенімдімін», – делінген жеделхатта. АҚШ конгресінің тағы бір мүшесі Д.Рорабакер Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лығымен Қазақстан тек аумағының үлкендігі жөнінен ірі ел ретінде ғана емес, әлемдік сауда-саяси қарым-қатынастарда барған сайын маңызды рөл атқарып отырған егемен халық ретінде де қайта өркендегеніне назар аударған. «Мен Қазақстанды діни толеранттылық пен үйлесімнің үлгісіне айналдыру жөніндегі мақсатыңызға айрықша ықыласымды білдіремін», – деп жазады автор. ТМД экономикалық сотының төрайымы Л.Каменкова бүкілхалықтың дауыс беру нәтижелері Қазақстан Президентінің биік беделі мен оның елді өркендетуге және басқа мемлекеттермен өзара тиімді ынты­мақ­тастықты дамытуға бағытталған жасампаз саясатына деген халықтың зор сенімін айғақ­тайтынын атап өткен. «Русснефть» ҰК АҚ Директорлар кеңе­сінің төрағасы М.Гуцериев сайлаушылар тарапынан көрсетілген жоғары сенім Қа­зақ­стан Президентінің ел азаматтары арасындағы беделінің айғағы екеніне назар аударған. «Қазақстанның орнықты, қарқынды дамуына, оның өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени әлеуетін ашуға, мемлекеттің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға, ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға қосқан Сіздің үлесіңізге баға жетпейді. Кемел мемлекеттік қайраткер, дана саясаткер – Сіз өз еліңіздің тарихының ең жарқын беттерін жаздыңыз. Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асырылып жатқан экономиканы жаңғыртудың тиімді әрі жүйелі саясаты, Қазақстан Республикасының тұрақты әрі теңгерімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүйесі барша әлемде мойындалып жатыр», – делінген құттықтауда. Қолдау лебізін Metro Group компания­сы басқармасының мүшесі М.Фрезе де жет­кізіп, біздің елде заманауи сауданың өркен­деуіндегі негізгі рөлді қолайлы іскерлік орта атқаратынына тоқталып өткен. «Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған Сіздің алысты көздеген көзқарасыңыз біздің бизнесіміздің дамуы үшін басты жағдаят болып саналады», – делінген хатта. Claas концерні байқаушылар кеңесінің төрағасы К.Клаас-Мюльхойзер өткен сайлау­дың қорытындылары Қазақстан Прези­дентінің өз елін дамытуға бағытталған көп­жыл­­дық табысты жұмысына жоғары баға бер­генін атап өткен. Өз құттықтауында Heidelbergcement компаниясы басқармасының мүшесі А.Керн сай­лаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі Қа­зақстан халқының өз көшбасшысына және елдің Қазақстан экономикасын дамытуға, терең реформалар жүргізуге бағытталған  сая­си бағытына деген жоғары сенімін ай­ғақтайтынына шүбәланбайтынын білдірді. «Сізге денсаулық және елдің бұдан ар­ғы экономикалық дамуында зор табыстар ті­лей­мін, бұл Қазақстандағы барлық шетелдік кәсіп­керлердің мүддесін көрсетеді», – деп жазады автор. Atlas Copco Energas GmbH компаниясының президенті П.Вагнер бүкіл ұжымның және жеке өзінің атынан Мемлекет басшысын құттықтап, жаңа табыстар және жауапты қызметіне сәттіліктер тілеген. Papenburg AG компаниялар тобының жетекшісі  Г.Папенбург біздің елдің дамуын үлкен қызығушылықпен бақылап отырғанын айта келіп, қойылған міндеттерді жүзеге асыруда табыс тіледі. Allen Global Companies компаниясының бас директоры Д.Николстың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың қайта сайлануы саяси және әлеуметтік тұрақтылықтың, сондай-ақ, инвестициялық ахуалдың жүйелі әрі ойдағыдай болып қала беретіндігіне кепілдік береді. «Бизнес жетекшісі және шетелдік инвестор ретінде маған бұл тұрақтылық ұзақмерзімді іскерлік шешімдер қабылдау үшін қажет», – делінген жеделхатта. Dilenschneider Group компаниясының бас директоры Р.Диленшнайдер Нұрсұлтан Назарбаевты Президент лауазымына қай­та сайлануымен құттықтап, Мемлекет басшы­сы­ның Қазақстан дамуына қосқан үлесін атап өткен. Ең ізгі тілектері мен елімізді бұдан әрі жаңғырту жөніндегі стратегиялық жос­пар­ларға деген қолдауын Rheinmetall AG ком­паниясы басқармасының төрағасы А.Пап­пергер де жеткізді. Халықаралық Katev қоғамдық қоры­ның өкілдері, қазақ-түрік лицейлері оқы­тушылары, оқушыларының ата-аналары мен түлектері өз құттықтауларында осы оқу мекемелері жұмысына жасалған қамқорлық пен қолдау үшін алғыс білдіреді. «Сіз ел болашағы үшін жас ұрпақтың іргелі білім алуы маңызды екенін айта отырып, әрдайым ғылым мен білімнің дамуына көңіл бөлесіз», – делінген жеделхатта. Окан университетінің Қамқоршылар кеңесінің президенті, «Окан» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Б.Окан Нұр­сұлтан Назарбаев басқарған жылдары Қазақстан жоғары экономикалық жетіс­тіктерге жеткеніне тоқталған. «Сіздің күш салуыңызбен Түркия және өзге елдермен тату көршілестік қарым-қатынас табысты өрістеп келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында елордасы Астана қайтадан салынып, бүкіл Қазақстан жаңарды», – делінген жеделхатта. Бразилиялық «Ортақ ғаламшар» медиа­холдингінің президенті У. де Ресенде Қазақстан мен Бразилияның қарқынды дамып келе жатқан қарым-қатынасы  екі елдің халқы мен мәдениеті арасындағы ынтымақтастықты арттыруға оң ықпал етеріне сенім білдірген. Ол, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа сарқылмас күш-қуат, даналық және Қазақстанды одан әрі дамыту ісінде  шабыт тілеген. * * * Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрынов өз құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемге демократиялық, зайырлы, бейбіт, өркениетті, толерантты, мәдени құндылықтарға ашық, дамыған экономикасы бар мемлекет ретінде танылғанын атап өткен. «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Мәңгілік Ел» идеясы – Сіздің ойыңыздың жемісі. Сондықтан Қазақстан болашаққа Сізбен бірге ғана ұмтылады. Мұны өткен сайлау бүкіл әлемге дәлелдеді», – деп жазады автор. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттері ел алдына қойылған мақсаттарға жету үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткен. «Біз әрдайым өзімізге артылған үмітті ақтай отырып, Сізбен бірге даму жолымен жүреміз және жасампаз еңбек, терең білім мен озық ғылым арқылы өз үлесімізді қосамыз», – делінген хатта. «Банк Центр Кредит» АҚ еңбек ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі Мемлекет басшысының жүргізіп отырған стратегиялық бағдары мен жасампаз саясатын Қазақстан қоғамы кеңінен қолдайтынының дәлелі екенін айтады. «Біз Сіздің екіжақты достық байланыстар мен серіктестікті нығайтуға, Қазақстанның экономикасын Оңтүстік Корея бизнесінің қатысуымен әртараптандыру жөніндегі ауқымды жобаларды табысты жүзеге асыруға қосқан үлесіңізді бағалаймыз. Қазақстанның прогресс жолында тұрақты әрі жүйелі ілгерілеуі шетелдік тікелей инвестициялар тарту мен қаржы секторын табыс­ты дамыту үшін маңызды фактор болып табылады», – делінген хатта. Патриоттар партиясының Атырау об­лыстық филиалының мүшелері Нұрсұлтан Назар­баевтың сайлаудағы айқын жеңісі­не бай­ланысты қанағаттанушылық білдіріп, әр­бір қазақстандық отбасының бақуатты­лығын қамтамасыз етуге көңіл бөліп отыр­ғаны үшін алғыс айтқан. Павлодар облысы Азаматтық альянсының өкілдері Мемлекет басшысын сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады. «Қазақстан – бүгінгі әлемде өзінің орнық­тылығымен және тыныштығымен ерекшеленетін аз мемлекеттердің бірі. Осының бәріне Сіздің даналығыңыз бен Елбасы деген атаққа лайық мемлекеттік қайраткерлік тәжірибеңіздің арқасында қол жетті», – деп жазады авторлар. Қазақ композиторы, КСРО және Қаз­КСР халық әртісі С.Мұхамеджановтың отба­сы сайлау Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лығының жарқын өмірге бастайтынына ел тұрғындарының сенетінін және оны бүкіл халық қолдайтынын көрсеткеніне тоқталды. «Сіздің адамгершілігіңіз бен барша қазақ­стандықтардың мұқтаждықтарына деген қамқор­лығыңыз бізге еліміз бен балаларымыздың бо­лашағы қауіпсіздікте және ұдайы дами береді деген үміт пен күш-қуат береді», – делінген жеделхатта. Мемлекет басшысының атына құт­тықтауларын Қызылорда облысы Сексеуіл стансасы бастығының орынбасары Ә.Жа­па­қов, Астана қаласынан «Чудо детство» жеке­меншік балабақшасының тәрбие­ленушілері, Алматы қаласынан С.Ибраимова, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан Е.Оразалин, Қарағанды қаласының тұр­ғын­дары Қ.Жұмабеков, зияткерлік мектеп оқушысы А.Әбдірәсілов жолдады. Авторлар Нұрсұлтан Назарбаевқа тәуел­сіздікті нығайту, саясатты, экономика мен мә­дениетті дамыту ісіндегі  қызметіне табыс тіледі.