Келешектен өз келбетін көрген ел
(Шетелдік сарапшылардың пікірі осыған саяды)
Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы 26 сәуір күні өткен кезектен тыс сайлауы әлі әлем қоғамдастығының назарында тұр. Бұл талдаулар мен тұжырымдардың арасында алуан түрлі пікірлер мен көзқарастар қылаң беріп жатқанымен, солардың түгелге жуығы дерлік бұл халықтық таңдаудың дер кезінде, мүлтіксіз мезетте, сәтті сағатта өткеніне тоқталады. Сол алуан пікірлердің жиынтығы осы тұста халықтың тек көрегендік танытып қана қоймай, сонымен бірге үлкен бір серпілістің үстінен көрінгенін де мысал етіп алға тартуда. Бұл ойлардың орманы келер күндердің кенересін көреген көзбен көре білген еңселі елдің келешегі кемел келеді деген топшының төңірегінен шығып жатыр. Осы кезеңде Ел мен Елбасының бірлігі, олардың үнемі бірін-бірі толықтырып тұратыны, біріне-бірінің қажеттілігі анық байқалды. Мұны сайлаудың өту барысын бақылап, мониторинг жүргізген шетелдік көптеген сарапшылар анық аңғарып, тура таныпты. Бүгінгі кезекті шолуларымыз осыған тағы да айтулы айғақ бола алады. Артем УЛУНЯН, Орталық Азия елдері бойынша сарапшы (Ресей): – Менің бұл жерде тәнті болатыным, Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауының неге және не үшін өткелі жатқаны жасырын бір жарнама болған жоқ. Бәрі бірден шегіне жеткенше анық айтылып, тура талданды. Қазақстанның басшылығы, – мен бұл жерде ең алдымен Парламент Сенатын ойға алып отырмын, – әу бастан ашығын айтып, жүздерін жарқын етіп алды. Айталық, Сенаттың Президенттен сайлауды өткізу жөніндегі келісімін сұраған жолдауында қазіргі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс жағдайында елдегі саяси тұрақтылықты сақтап қалып, қоғамда келісімге жете беру үшін бұл сайлаудың аса қажет екені турасынан айтылды. Ойланып қараған адамға бұл сөздердің астарында шындық жатқанын пайымдау тым қиынға соқпайды. Дәл қазір Қазақстанда Президент сайлауын өткізіп алу үшін ең бір қолайлы сәттің туып отырғанына бәріміз де келістік. Жасыратыны жоқ, келесі жылы елде Парламент сайлауының қабаттасып қалуы ықтимал екенін былай қойғанда, дәл бүгінгідей саяси тұрақты ахуалдың сақталып тұра беретініне ешкім кепілдік бере алмас еді. Ал мына сайлаудан кейін сол тұрақтылықты бұдан әрі сақтай берудің барлық алғышарттары жасалып, іргесі қаланғанына енді күмәніміз қалмайды. Сондықтан да мен бұл сайлауды уақыттың өз сұранысынан туған қажеттілік деп бағалап отырмын. Мұны осы сайлаудың қорытындысы да толық дәлелдеп берді деп ойлаймын. Сьюзан КОННОЛЛИ, DMT Consultancy геологы (Ұлыбритания): – Қазақстанда өткен керемет Президент сайлауының куәсі болғаныма қуаныштымын. Сайлаудың барысы бұл ел халқының өз келешектеріне соншалықты сеніммен қарайтындарын және сол сенімнің қазіргі іс басындағы Президенттерімен тікелей байланысты екендерін айдан анық көрсетіп берді. Меніңше, көкіректеріне берік сенімдері ұялаған мұндай халықтың болашағы баянды болмасқа хақы жоқ. Келер күндердің кенересін көре білген елдің келешегі кемел келеді. Мен бұған сенемін. Ал менің жүрегіме мұндай сенімді осы елдің халқы ұялатты. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бері біздің компанияның стратегиялық әріптесі болып келеді. Біздің DMT Consultancy компаниясы Ұлыбританиядағы белгілі консалтингтік кәсіпорын болып табылады. Біз осы әріптестік тұрғысынан келгенде де, ежелгі Қазақ жерінде тыныштық пен тұрақтылық болғанын қалаймыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы кезекті жеңісі бізге осы тұрақтылықты қамтамасыз етіп беретініне де сенімдіміз. Сондықтан сайлау қорытындысына қуанғанымызды жасыра алмаймыз. Мен сирек металдар жөніндегі жетекші маман ретінде Қазақстанның табиғи қазба байлықтарына орасан бай екенін айта аламын. Бұл елге әлемде қызықпайтын, онымен әріптес болуға ұмтылмайтын мемлекеттер өте сирек. Олардың барлығы да жерінің асты мен үсті тұнған байлық болып отырған бұл дәулетте ұдайы бейбіт күннің жарқырап тұруына аса мүдделі. Ал Президент сайлауының қорытынды нәтижесі бізді осыған жеткізіп, Қазақстанның жер қойнауларын игеруді одан әрі кеңінен жалғастыруына, шетелдік инвесторлар тартуда бастаған қадамдарының қарышты бола түсуіне тікелей жол ашып береді деп ойлаймын. Шигэки ХАКАМАДА, саясаттанушы (Жапония): – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау кезінде сөйлеген сөзінде айтқан саяси тұрақтылықты сақтау мен экономиканы одан әрі дамытуда халықтың еркінің, кемеңгерлігі мен топтастасқандығының бұл мәселелерде жетекші қызмет атқаратынына сенуге болады. Айналып келгенде, бұл топтасқандық пен бірлік болуы ықтимал сыртқы қысымдар мен шабуылдарға да батыл тойтарыс беруге мүмкіндік жасайды. Осы тараптан қарағанда, Қазақстан өткен сайлау арқылы кез келген сыртқы шақыруларға қарсы тұра алатынын байқатты. Мен Жапонияның «Анпокэн» ұлттық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми кеңесінің төрағасы ретінде Қазақ елінің де жағдайына біршама қанықпын. Сонда байқағаным, Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің ішінде ғана емес, сонымен қатар араласып жүрген мемлекеттері басшыларының арасында да өте беделді Президент екен. Ол тек ТМД елдеріндегі тұрақтылықтың ғана емес, сонымен қатар бұдан да басқа тағы көптеген мемлекеттердегі тыныштықтың кепілі болып отыр. Жасыратыны жоқ, қазір Жапонияда да, Еуропа елдерінде де, Америкада да экономикалық ахуал оншалықты жақсы болып отырған жоқ. Оны бірер жылдың ішінде ретке келтіріп, түзетіп әкету де қиын. Ал Қазақстан мұндай қиындықтардан ада. Осының өзі кейде тұтас бір елдің жағдайы оның басшысына байланысты болатынын білдіреді. Бұл жерде мен бұған тағы қазақ халқының кемеңгерлігі мен өз Президенттеріне айрықша қолдау көрсетіп келе жатқанының да айтарлықтай әсері болып отырғанын қоса кеткім келеді. Аркадий ДУБНОВ, саяси шолушы (Ресей): – Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде этностық қазақтар мен басқа да ұлттық топтар арасындағы қарама-қайшылықтарды алып тастау үшін Қазақстанда қалыпты азаматтық қоғам қалыптастыруға күш жұмылдырып жатыр. Ол Президент болып қайта сайлана қалған жағдайда институттық реформалар жөніндегі комиссия құратыны жөнінде мәлімдеме жасап еді. Сайлау өтіп, ұлықтау рәсімі біткен бойда сол уәдесін жүзеге асыруды қолға алды. Қазақстан Президенті Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрғанда, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды алдына басты мақсат етіп қойды. Бұл оның айтқан сөзінде тұратын, алдына ұдайы жоғары мақсат қоя білетін басшы екенін көрсетеді. Қазақстан өзінің «әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену» жөніндегі бағытынан тайған жоқ. Жоғары айтылған бағдарлама енді осы мақсатқа қызмет етуі керек. Ал егер бұл ел осы айтылған межелерінің биігінен табылып жататын болса, мұның өзі Ресейге де соны серпін беретіні анық. Ол кезде Ресей Қазақстан ұстанған жолды таңдайтын болады. Мұның бәрі Назарбаевтың «амбициялы лидер» екеніне де куә болады. Бұл ретте оның сот реформасын жасау жөніндегі бастамасын ауызға алмай болмайды. Қазақ елінің лидері мұны заң оқу орындарын бітірген жас түлектерді Батыс елдерінде оқытып алу арқылы елдегі судьялар корпусын жаңарту жолымен жасағалы отыр. Мен осылардың бәрін сараптай келгенде, Нұрсұлтан Назарбаевты кемеңгер басшыға жатқызамын. Батыста бірқатар саясатшылар оны ел билігін толық қолына алып алған басшы санағанымен, барлық дерлік мемлекеттердің лидерлері оған зор құрметпен қарайды. Бұл ретте мен оны Сингапурдың жақында қайтыс болған бұрынғы лидері Ли Куан Юге қатты ұқсатамын. Қадірменді саясаткердің Сингапурді қалай гүл жайнаған елге айналдырғанын бәріміз білеміз. Міне, Назарбаев та өз елінде осыны істеп отыр. Мен Қазақстан Президентінің кезекті мерзіміндегі уақыты өзіне ізбасар дайындауға жұмсалатынын да жоққа шығармаймын. Оның кім болатынын айтуға қазір ерте. Дегенмен, кемеңгер басшының бұдан да жақсы қисын тауып шығатыны анық. Ел мен халықтың ертеңін ойлаған кемеңгер басшының ендігі жердегі әрбір қадамының құны мен деңгейінің өлшемі тым жоғары бола беретіні сөзсіз. Серджио ДИВИНА, байқаушы (Италия): – Мен бірінші кезекте Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауының өте бір жоғары ұйымшылдық деңгейінде өткенін айтуға тиіспін. Ол мен күткен мөлшердің бәрінен де асып түсті. Болжамның бағасы басқаша болып шықты. Осы кезге дейін 30 елде өткен сайлаудың байқаушысы болып үлгерген мені таң қалдыру оңай емес еді. Бірақ осы жолы таңғалуға тура келді. Сайлау Қазақстанның барлық жерінде өте жоғары деңгейде өтті. Ол бүкілхалықтық мереке іспеттес болып өтті. Барлық жерде біз жүздері жадыраған, әлденеге қуаныш білдіріп жүрген адамдарды көрдік. Бұған қоса, сайлаудағы әлдеқандай бір тәртіп бұзушылық туралы айтып жатудың өзі әурешілік болып шығатынын айтар едім. Көрер көзге қиянат болып көрінетіндей нәрселер болған жоқ. Былайынша, жұрттың бәрі мерекедегідей болып жүрген жерде мұндайдың болуы да мүмкін емес еді. Өздеріне өздері мейрам әзірлеп алған халықтың кереғар тірліктерге бара қоюы да қисынға қия соқпас-тын. Осыдан үш жыл бұрын АҚШ-та өткен осындай сайлауға бақылаушы ретінде қатыстым. Міне, тәртіп бұзушылық пен көзбояушылықтың көкесі сонда көрінді. Байқаушылар мен сарапшылар аяқ басқан сайын сондай қиянаттардың куәсі болып, талай жанжалдың ортасында жүрдік. Ал Қазақстанда ондай тәртіп бұзушылықтардың болмағаны өз алдына, біз кез келген сайлау учаскесіне еркін кіріп барып, олардағы жағдайларды тексеріп тұруға толық мүмкіндік алдық. Мұнда құпия, астыртын, жасырын ештеңе болған жоқ. Денис БОРОДИЧ, байқаушы (Эстония): – Әрине, кез келген елде дауыс беру барысында әлдеқандай бір техникалық кемшіліктердің көрініс беріп қалулары мүмкін. Бірақ олар қасақана, әдейі жасалмайды. Жұмыс жағдайында болып тұратын мұндай олқылықтарға біреуді кінәлаудың өзі қиын. Мәселен, маған бір сайлау учаскесінде бір келіншек кезекте бір сағаттан астам уақыт тұрып қалғанын, ал бюллетень алатын орынға барған кезінде өзінің мүлдем басқа сайлау учаскесіне тіркелгені анықталғанын айтып шағынды. Бірақ мен сайлау учаскесіндегі қызметкерлердің мұндай кезде қиыннан жол тауып кете алатын шалттықтары мен шешімділіктеріне қатты риза болдым. Олар әлгі келіншекті арнайы кабинаға кіргізіп, өтінішін жаздырып алып, осы жерде дауыс беріп шығуына жағдай жасады. Ниет түзу, көңіл таза, қалау ортақ болған жерде осындай ахуал орнығып тұрады. Сайлаудың қорытынды нәтижесіне жұрттың бәрі мүдделі болып тұрған жерде осындай болады. Маған осында келгенімде, 1991 жылы бірінші рет өткен Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаушылардың 98 пайызының дауысын алғанын айтып берді. Бірақ ол кезде үміткерге ешқандай балама болмапты. Оның үстіне халықтың өз тарихтарындағы бірінші сайлауларында осылай болуы заңды да болып көрінеді. Ал бұл жолғы 97,75 пайыздық көрсеткіш шын мәнінде де рекордтық нәтиже болса керек. Никас САФРОНОВ, бақылаушы (Ресей): – Мен сайлаудың Астанада өту барысын бақыладым. Жәй бақылап қана қойғаным жоқ, жұрттың бұл саяси науқанға деген көзқарастары мен мүдделіліктерінің астарына үңілуге тырыстым. Ал бұл сайлау шынында да құбылыс болды. Ол адамдардың көңіл-күйлері мен өзінің ұйымдастырылуы жағынан ешбір теңдессіз болып саналады. Айта кетейін, жұмыс кестем өте тығыз болғанына қарамастан, өзім өнер адамы ретінде Астанадан әртүрлі ұлттық кәдесыйлар дайындап алуға да уақыт таба алдым. Олардың бәрін ұлттық ою-нақыштары басым заттардан құрадым. Бұдан бөлек, Қазақстандағы ең керемет бренд қазы екенін бүгінде жұрттың бәрі біледі. Оның нағыз ас, қуатты тағам екені күллі әлемге аян. Қазақ жеріне келген шетелдік жолаушы қазыдан ауыз тимей кетпейді. Өйткені, қазір қазыдан қуатты тағам жоқ. Әлбетте, бұған қымызды қосып ішсең, тіпті ғажап болып кетеді. Себебі, бүгінгі жаһан мен Ресейде жұрт жасанды сүттерді ішіп отыр. Ал қымыз жасанды болмайды. Оның емдік қасиетінің өзі неге тұрады?! Қазақстандағы Президент сайлауынан алған өте жақсы әсерлерімізді біздер осындай жағымды тірліктермен де ұштастыра білдік. Сондықтан мен бәрін тамаша өтті деп еркін айта аламын. Роман МОТУЛЬСКИЙ, Беларусь Ұлттық кітапханасының директоры: – Күшті мемлекетке күшті лидер керек. Қазақстан Президентінің ұлықтау рәсімін көріп болғаннан кейін маған осындай ой келді. Халықтың түгелдей Нұрсұлтан Назарбаевты саналы түрде қолдауы оның өз елінің шын мәніндегі дара көшбасшысы екенін тағы бір мәрте көрсетіп берді. Дауыс берудің қорытындысы – құбылыс. Жасыратыны жоқ, Қазақстанмен Еуразиялық одақтағы әріптес ретінде біз ондағы ахуалдың ұдайы жақсы болғанын қалаймыз. Ал сайлау біздің тілегіміздің де қабыл болғанына айғақ болып отыр. Дауыс берудің қорытындысы нақтылы бір саясаткерге берілген баға ғана емес, ол сонымен қатар нақтылы саясаттың нәтижесі үшін көзқарасты білдіру болып табылады. Осылайша Қазақстан халқы өзінің таңдауын жасады. Мұны біз саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеу үшін дауыс беру деп қабылдап отырмыз. Шетелдік саяси сарапшылар мен шолушылардың бірқатары осындай ойларды тарқатты. Бұл осының алдында жариялаған топтамамыздағы тұжырымдармен де үндесіп жатыр.