Шерағаң, қазақтың Шерхан Мұртазасы киелі Қазығұртқа арнайы келген сапарында: «Басында Қазығұрттың кеме қалған. Ол әулие болмаса неге қалған» деген халық әпсанасын ес білгенімізден естіп келеміз. Нұх пайғамбардың кемесі қалған делінетін Синай, Арарат тауларына қатысты мұндай халықтық жыр жоқ. Қазығұрт – шынында қазақ үшін әулиелі жер, киелі мекен» деп еді.
Сол Қазығұрттың баурайында, Қаржан тауымен астасып мәңгі қар жатқан Тянь-Шань шыңдарына қарсы беткейдегі жап-жасыл жотада, Шарапхана елді мекені, Шымкент – Ташкент тас жолының қырқасында республикаға белгілі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараевтың ұйытқы болуымен «Бабалар рухына тағзым» кешені бой көтерді.
Іс-шара өткен тепсеңдегі орында LED экраннан Қазақ хандығының – 550, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған көріністер көрсетіліп, фольклорлық ансамбльдің орындауында күй орындалып тұрды.
Қырда «Мәңгілік Ел», «Тәуелсіздік», «Береке», «Ырыс», «Бірлік» сияқты атаулар берілген біркелкі 17 ақшаңқан киіз үй тігілген. Ұлы тойға жиналған жұртта есеп жоқ. Сырттағы қонақтардан бөлек, ауыл-ауыл тұтасымен көшіп келіп жатқандай әсер қалдырады.
– Биыл Қазақ хандығының құрылғанына – 550, Ұлы Жеңiске 70 жыл толып отыр. Осы мерекелерге орай, Қазығұрт тауының баурайында «Бабалар рухына тағзым» кешенiн салып, 1500-2000 адамға ас бердік, – деді Бекет Тұрғараев. – Бүгiнде өңiрiмiзде Түгейболат бабадан тараған 2000 отбасы бар. Мiне, сол атадан тарайтын кәсiпкерлер, азаматтар «Түгейболат» атындағы қайырымдылық қорын құрып, соған түскен өз қаражаттарына осы кешендi тұрғызды. Кешенде 21 метрлiк монумент, Түгейболат бабаның ескерткiшi бар. Сондай-ақ, оның төрт ұлының өсиет сөздерi де гранитке жазылған. Ұлы Отан соғысына Шарапхана ауылынан аттанған 384 сарбаз қайта оралмаған екен. Сол боздақтардың және елге оралып, адал еңбекке араласқан соғыс ардагерлерiнiң аты-жөндерi де тасқа қашалып жазылды. Бұл тiрлiктi болашақ ұрпақ ата-бабасын ұмытпасын, ұлы бабалардың өсиетiн көрсiн, майдангер ағаларымыздың атын бiлсiн деп iстеп отырмыз.
Мұның бәрi Тәуелсiздiктiң, Елбасының салиқалы саясатының, ел бiрлiгiнiң арқасында жүзеге асып отырған тiрлiктер.
Мереке «Бабалар рухына тағзым» кешеніндегі ескерткішке гүл қою рәсімінен басталды. Оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов, халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, академик Серік Қирабаев, көрнекті әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметов, Қалдыбек Сәбденов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, Тамас Айтмұхамедов, Қажымұрат Нағманов, Мархабат Байғұт сияқты ел ағалары шақырылып, оларды Бекет Тұрғараев бастап барды.
Бабалар рухына құран бағышталғаннан кейін алғашқы сөз облыс әкімі Асқар Мырзахметовке берілді.
– Биылғы Ұлы Жеңіс күні кең ауқымда тойланғалы жатыр. Бұл айтулы мереке біздің сан ғасырлық тарихымыздың өшпейтін бір тарауы, ажырамас бір бөлігі. Себебі, адамзат тарихында екінші дүниежүзілік соғыс өзінің орасан зор қасіретімен таңбаланып қалғандықтан оны ұмытуға, естен шығаруға болмайды. Біз бұдан 70 жыл бұрынғы алапат соғысты еске ала отырып, аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың ерлік қасиетіне басымызды иіп, рухына тағзым етуіміз керек.
Өңір тарихынан белгілі болғанындай, Оңтүстік Қазақстан облысынан қан майданға 140 мыңнан астам адам аттанған. Олардың тең жартысынан астамы елі мен жері үшін, киелі Отаны үшін жанқиярлық танытып, ерлікпен көз жұмды. Солардың қатарында жүріп жаумен шайқасып, майданда ерен ерлік көрсеткен біздің 51 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ал 8 оңтүстікқазақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Өңірімізден соғысқа аттанған мыңдаған жауынгерлер орден, медальдармен марапатталып, Отан қорғаушылардың алдыңғы сапында болды.
Тарихын танымаған немесе халықтың сөзімен айтатын болсақ тегінен нəр алмаған тозады дейді. Ұлы даламыз тарихқа да, өсиет пен қасиетке де тола екендігін сіз бен біз жақсы білеміз. Міне, осы тарихы терең құндылықтарымызды бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, оны болашақ ұрпаққа тағы да аманат етіп тапсыру Елбасының ұстанып отырған ұлы идеясы «Мəңгілік Ел» идеясымен ұштасып жатқандығы көрініп тұр, – деді облыс басшысы.
Халықтық мерекеге айналған жиынға дәулескер күйшілер Секен Тұрысбеков пен Айгүл Үлкенбаева арнайы шақыртылыпты. Күйден кейін сөз қазақтың заңғар ұлы Әбіш Кекілбаевқа берілді.
– Осыдан 75 жыл бұрынғы оқиға есіме түсіп, қатты толқып тұрмын, – деді Әбіш аға.
Бесіктен белі шықпаған жас бала. Алаңсыз ұйықтап жатқан. Оң білегін сығып жіберердей сығымдап ұстапты біреу. Есік алдына көтеріп шығарған.
Шөгіп жатқан қалың түйенің қасындағы жиын. Білегін сығып ұстаған қолдың иесі құлағына сыбырлайды. «Балам, аман бол. Құдай қаласа жауды жеңіп екі-үш айда келіп қаламыз». Әкесінің соңғы сөзі. Сөйтсе, жылап-еңіреген жұрт боздақтарды қан майданға аттандырып жатыр екен. Кейін анасы айтыпты. Сол күні әкеңді майданға шығарып салдық деп.
– Сол екі-үш ай өтіп кетті. Бұл кезеңде жер бетінде талай өзен кері ағатындай жағдайға жетті. Мен қазір 76 жастамын. Осы 76 жаста мен естіген ең үрейлі сөз – соғыс. Бала кезден санамызға ұялап қалған аса қатерлі сөз болды. Бір кездері Қазығұрттың қапталында, Өгемнің бөктерінде талай рет ат ойнатып жүрген 384 боздақ, міне, көз алдарыңызда көк төбенің басында жатқандай әсер етеді. Олардың тыныштығын ата-бабаларымыздың өкіліндей болып кәрі бабаларымыз күзетіп тұр.
Бұл шын мәнінде біздің көпті көрген даламыздың өзінің көзінен ұшқан ұрпақтарына қойған ескерткіші. Бұл ақырғы ескерткіш болсын. Бұдан кейінгі ұрпақ құдайдың жөнімен келіп, жөнімен кететін сапарлары болсын деп тілейміз. Мен бұл боздақтардың алдында басымды иемін, – деді көрнекті жазушы.
70 жыл болды майданның оты өшкелі,
70 жыл болды бейбіт күн самал ескелі.
Жүректен қаны саулаған арда сарбаздар,
Соңғы демімен жеңісті ғана көкседі.
Жетім боп сәби, жаппаған әлі етекті,
Жанынан кешіп әкелер борышын өтепті.
Серттескен жарды шымылдығына ендірмей,
Сыңсытып ерін сұм соғыс тартып әкетті.
Апайтөс қазақ жауымен талай беттескен,
Өзі жоқ, елге күртесі жетті оқ тескен.
Жалғызын күтті, жалықпай әзіз аналар,
Өксігін баспай, көзінің жасы кеппестен.
Үлбіреп тұрған үміттер солай қираған,
Әке де өлген, бала да өлген,үй қараң.
Өмірі жетпей, мүрдесі жетпей жеріне,
Қанға малынған жеңісін бізге сыйлаған.
Өлі байысын, тіріге байлық не керек,
Тірліктің өзі байлық емес пе керемет.
Дұғаңды жасап тәубеңді бір сәт ұмытпа,
Тәңірдің нұры тұрғанда көктен себелеп, – деп өлең оқыды ақын Әселхан Қалыбекова.
Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев пен қай қызметте жүрсе де қазақтың жоғын түгендеп жүретін қоғам қайраткері, сенатор Қуаныш Айтаханов есті жан ойланатын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін аталы ойлар айтты. Жиынды осынау кешеннің авторы әрі ұйымдастырушысы Бекет Тұрғараев қорытты. Бабалар рухына тағзым етіп келген барша жұртшылыққа рахмет айтып, соғыс ардагерлерінің барлығының иығына оқалы шапан жапты.
Құрметі қонақтарға арнайы әзірленген сыйлықтар табыс етілді.
Біз халықтың ұлы махабатына ие болған сөз зергері Әбіш ағаны сөзге тарттық.
– Халыққа болсын, елге болсын, тарихқа болсын дейтін меценаттарымыз өте аз. Соған байланысты біздің көптеген шаруаларымыз әлі қолға алынбай жатыр. Айтса ауызекі айтылады, кім көрінген күн сайын көңіліне жаққанын мақтай салады. Сонымен іс тынып жатады. Бірінің айтқанында бірінің ісі жоқ. Ал Бекеттің жақсылығы – бір айтады, айтқанын істейді, ешкімнің ойламағанын ойлайды, ойламаған шаруаны бітіреді. Сөйтіп, ешкімнің ойында жоқ жарқын істерді атқарып, республикаға үлкен оқиға етіп таратып жүреді. Солтүстік Қазақстанда көптен бері қолға алынбай жатқан, біреу өмірде болды, біреу болмады деп таласып-тартысып жүрген Қожаберген жыраудың бүкіл тұқым-теберімен, әулие ұрпақтарымен бәрін қайта тірілткен Бекет болды. Бекеттің сол қорды басқаруының арқасында Қожаберген даудан құтылды. Қожаберген шын мәніндегі ғылыми факторға айналды. Дәл осындай шаруалар республикамыздың әр түкпірінде істеліп жатыр.
Үлкен тарихқа кететін болсақ, атамызды ата еткен, батамызды бата еткен, жерімізді жер, суымызды су еткен, бүкіл рухымызды рух еткен тірліктің бәрін ұстап отырған жерде, осы өңірде күн сайын бір той, ас, садақа болуы мүмкін. Күн сайын бір ерлік істелуі мүмкін. Сол ерлік, садақаларды тіркеп жүрген кісі жоқ. Соған байланысты көбі ұмытылып кетті. Көбін білмейміз. Жадымызда жоқ. Ал кім біздің жадымызға, есімізге түсіреді дейтін болсақ, әрине, өзіміз. Өзіміздің ішінде өз болған, ақылды түгендеген, абыройды түгендеген, намысты түгендеген жігіттердің бірі ретінде Бекеттің есімі көп айтылады, алда да көп айтылуы керек. Бекет бұған еркінсіп, мақтанып кетпейді. Бекет осы бағытында, тарихқа, халыққа қызмет еткен бағытында жұмыс жүргізуі керек. Меценаттың түрі көп. Өмірі намаз оқымаған әкесінің атынан мешіт тұрғызып, есімін беріп жатқандар көп. Дүниеде халықтың атын шығаратын, халыққа, елге, еңіреп жатқан кісіге жасаған жақсылық – шын жақсылық. Осы іс жалғаса берсін...
Сөз зергері осылай деді.
Мақпал түн төңіректі көмірдей құшағына ала берген шақта «Бабалар рухына тағзым» кешеніне жұрт қайта жиналды. Қызылды-жасылды отшашулар көз нұрын алып, жерге жұлдыз болып құйылып жатты.
Тарихты түгендеу деген осы. Елге тұтқа болған бабалар да, бар қызығын сұм соғыс жалмаған боздақтар да есті ұрпағы барда өлмейді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген
Қайсар ШЕРІМ.