
Қырымбек Елеуұлы Қызылорда облысының әкімі болған кезеңдегі бір оқиға жадымда жаңғырды. Бірде «Нұр Отан» партиясының Қызылорда бөлімшесін басқаратын Ибадулла Дүйсенбайұлы хабарласып, облыс әкімімен кездесу болатынын, соған Сыр елі руханиятына байланысты ұсыныстарымды дайындап келуімді ескертті. Келесі күні кездесу өтті. Мен Ғылым академиясы әдебиет және өнер институты шығарған 100 томдық «Бабалар сөзі» туралы айта келіп, ғалымдардың ендігі мақсаты осы бастаманы әлі де болса толықтыра беру екенін, Сыр өңірінің бабалар сөзіне енбей қалған фольклор мұраларын 3 томға шақтап баспадан шығару керектігін алға тарттым. Облыс әкімі бұл құнды жұмысты қолдайтынын және бүгіннен бастап іске кірісуді, өзі де кітап басылып шыққанша қадағалап отыратынын, жұмыс Бағдат Кәрібозұлының жетекшілігімен әдебиетшілер мен тарихшылардан жасақталған ғалымдар тобына тапсырылатын айтты.
Сөйтіп, біз 7-8 ғалым «Сыр бойының фольклорлық мұрасы» деп аталатын 3 томдық ғылыми еңбекті бастап кеткенбіз. Жұмыстың негізгі міндеті – аңыз-әңгімелер, жырлар, қиссаларды жинау, зерттеу, классификациялау, текстологиялық, редакциялық жұмыстарын жасау, қолда бар жинақталған әртүрлі жанрдағы шығармаларды қай өңірден, кімнің аузынан жазылып алынғанын нақты анықтап зерделеу. Міне, сол 3 томдықты 2020 жылы бастап, 2023 жылы бітірдік. Қазір әр томы мың данадан тұратын құнды дүние Қызылорда облыстық кітапхана қорында халықтың керегіне жарап отыр. Айта кетуіміз керек, сол кезде Қырекең қолдамаса, мұндай рухани қазына шығар ма еді, шықпас па еді? Жалғыз бұл мұра емес, Сыр елінің руханиятын дамытуға қосқан оның үлесі, еңбегі – өлшеусіз.
Қырекеңнің халықпен қарым-қатынасындағы адамгершілік пен қарапайымдылық – табиғи ерекше қасиеттері. Кейіпкеріміздің азамат ретінде қалыптасуында әкесі Елеу Көшербаевтың еңбегі зор. Қиын-қыстау кезеңдерде үш ауданды басқарған, елге деген әділдігімен, жанашырлығымен танылған абзал азамат ұлының бойына ел мен жерге деген сүйіспеншілікті сіңіріп өсірді. Халқымызда «Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады» деген даналық сөз бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Қырымбек Елеуұлы – нағыз тектілердің тұқымынан. Оның үлкен атасы Көшербай ақсақал – атақты жылқышы, Еңбек ері. Ол кісі өз дәуірінің ақылгөйі, аузы дуалы, ойы өрелі беделді кісі болған. Ақсақал туралы Арал, Қазалы, Шалқар өңірінде бүгінге дейін небір аңыз әңгімелер айтылып келеді. Ел арасында «Көшербай ақсақалдың алдынан ешкім кесе өтпеген» деген сөз қалғаны – осы құрметтің белгісі. Қырымбек Елеуұлы – осы Көшербай ақсақалдың бауырында өскен сүйікті немересі. Бұл оның жастайынан үлкендердің тағылымын көріп, елдік ұстанымды бойына сіңіріп өскенін аңғартады. Қазақ дәстүрінде әулеттің даналығын, үлгі-өнегесін жалғау тәрбие институттарының бірі болса, Қырымбек Елеуұлы – ата мен әке тәлімін қатар көрген тұлға.
Асыл анасы Дәнеш – қазақтың маңдайына біткен ардақты ұлының бірі Темірбек Жүргеновтің етжақын қарындасы. Осындай рухани туыстық ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарғаны сөзсіз.
Әкесі Елеу Көшербаевтың жөні бір бөлек. Ақ сөйлеп, әділдігінен ауытқымайтын, қызметке адал, өз заманының зиялысы, ісіне өте мұқият, елге маңдай терін сіңірген азамат еді. Қылышынан қан тамған, дін десе бас алатын кеңес өкіметі кезінде Қорқыт мазарын сақтап қалуының өзі арда туған халқының ұлы Елеу Көшербаевтың қолынан ғана келді. Сол үшін үстінен Мәскеу мен Алматыға қанша арыз түсті. Бүгінде қаншама жұрт тәу ететін тарихи орынға айналған Қорқыт кесенесін тіктеген Елекеңнің батылдығы, алысты көре білгені, аруақты риза еткені – азаматтық пен елдік істің үлгісі.
Қазіргі кезде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойында еңсесі биік Қорқыт ата кешенінің жаңғыруына осы әулеттің үлесі зор. Елеу Көшербаевтың ұлы, белгілі қоғам қайраткері Қырекең де заман талабына сай тарихи орынды жаңғыртып, мұражай, намазхана, қонақүй секілді нысандарды халық игілігіне ұсынды. Қасиетті мекеннің төрінен орын алған кесене өткен мен бүгінді жалғап, ұлттық рухымыздың асқақ рәмізіне айналып отыр.
Қырекең – Сыр елінің тарихи, археологиялық және рухани байлықтарын зерттеп-зерделеуге зор үлес қосқан азамат. Ол туған жердің тарихы мен тағдырына бейжай қарамай, өңір болашағы туралы үнемі толғанып, өзекті мәселелерді шешіп отырды. Зиялылармен кездесе қалса, туған өлкенің өткені мен келешегі жайында терең әңгімелер өрбітіп, елдік мүдде төңірегінде ой бөліседі. Мысалы, Қырымбек Елеуұлының көрегенділігінің бір дәлелі – бүгінде Әйтеке би атауын алған бұрынғы Қазалы ауданының тарихи атауын қайтаруы дер едік. Бұл жөнінде ұсыныс айтып, «Сыр бойы» облыстық газетіне «Тарихи әділеттілік болар еді» атты мақала жариялағанымызда, қайраткер мәселенің шешілуін ретімен жүйелегені есімізде.
Тағы бір байқағаным, Қырымбек Елеуұлы – көл-көсір білім иесі. Әсіресе халқының руханияты дегенде қамшы салдырмайды, құдды бір дайындалып жүргендей көсіле жөнеледі, толғаулы да ойлы әңгімені рет-ретімен әдемі баяндайды. Әдебиетшінің емес, мемлекеттік қызметкердің әлем әдебиетін, тарихын, әлем халықтарының салт-дәстүрін соншалықты терең білуі – сирек кездесетін жағдай. Қырекең сұңғыла білімін кез келген жерде көрсете бермейді, ретіне қарай асқан мәдениеттілікпен жеткізеді. Оның танымдық әңгімесі тыңдаушының көңіл көзін ашып, құлақ құрышын қандырып қана қоймай, салиқалы ойға кенелтіп, салқын сабырға шақырады.
Қырымбек Елеуұлының шығармашылық ізденістері де – оның терең білімінің, азаматтық ұстанымының айқын көрінісі. Ол еліміздің өткені, бүгіні, болашағы туралы өзекті мәселелерді қозғап, тарихымыздың ең күрделі кезеңдерін қозғап қалам тартты. Соның жарқын мысалы – жақында қолымызға тиген «Зұлмат» атты еңбегі. Бұл – ауыр тақырып, оны жазу үшін асқан жауапкершілік пен терең білім қажет. Кітап атауынан-ақ аңғарылатындай, халықтың қасіретке толы жылдардағы тағдырын, сол дәуірдің қанқасап шындығын зерделеген туынды оқырманды бейжай қалдырмайды. «Зұлматты» толық оқып шығу да оңай емес – жүрегің сыздап, санаң сан тарапқа кетеді. Мұндай күрделі тақырыпты тарихшы да, әдебиетші де емес, саясаткердің жазуы – таңғаларлық әрі құптарлық жағдай. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, халқына жанашыр Қырымбек Елеуұлы тақырыпты барынша тереңнен қаузап, жан-жақты аша білген. Кітапта қазақ халқының басынан өткен зұлмат жылдары туралы тың деректер мен салмақты тұжырымдар аз емес. Бұл еңбек – тек тарихи шежіре ғана емес, оқырманды ойландыруға, өткеннің қателіктерінен сабақ алуға шақыратын туынды. «Зұлматтың» ізін ала осы тақырыпты кеңінен зерттеген жаңа шығармалар дүниеге келеріне сеніміміз мол.
Қырекең халқымыздың қадірменді перзенттері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев сынды даналармен жиі пікірлесіп, әңгімелесіп тұратынын білетін едім. Қайран Зейнағаң Қырымбек Елеуұлы мен Иманғали Тасмағамбетовті ерекше ықылас пен риясыз көңілмен жақсы көруші еді. Үйінің төр қабырғасында – төртеуінің түскен суреті ілініп тұратын. Академик сол суретке ұзақ қарап, жүзі бал-бұл жанып: «Осы досым мен екі інім аман болсыншы, Бағдатжан!» деп бақытқа бөленіп, жанары жайнап кететін. Бұл да тегін емес, талант, дарын бір-бірін таниды, сезеді. Қазақтың Қабдоловы атанған біздің ұлы ұстазымыз «Қарапайымдылық – ұлылықтың әліппесі» деген сөзді жиі айтушы еді. Қырымбек Елеуұлымен Сыр кезеңінде жиірек араласқанымда ол кісінің бойынан Зекең айтқан ұлылық пен қарапайымдылық үйлесімін аңғардық.
Қырекеңнің рухани серігі, сүйген жары, отбасының ұйытқысы Гүлнар Мұстафақызы – зиялы әйел заты. Ол – Ресейде философиядан диссертация қорғаған ғалым Мұстафа Матаев пен көркем мінезді Ақзия ханымның аялап өсірген перзенті. Көшербай бабасының тектілік жолын қуған шөберелерін, Елеу атасы мен Дәнеш енесінің асыл немерелерін дүниеге әкеліп, әулеттің аналық, даналық дәстүрін жалғастырып отырған Гүлнаржанның тәлімі бөлек.
Халқымыздың қадірлі қайраткері, елшілдігі, елшілігі, мәдениеті ерекше Қырымбек Елеуұлы ел ағасы кезеңінде де талай игі істі жүзеге асырады деп сенеміз.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор