
Фото: Домашний очаг: UGC
Елімізде әйелдер жазасын өтейтін 6 мекеме бар. Оның екеуі 1937 жылы салынған. Соның бірі – Алматы облысындағы Жауғашты кентінде орналасқан мекемеде адам сыймай жатыр. Олардың саны белгіленген межеден 100-ден аса адамға асып кеткен. Бұл әйелдердің көбінің баласы бар.
2019 жылдан бастап 2024 жылдың желтоқсанына дейін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған балалы әйелдердің саны 125 пайызға артқан. Қазір жазасын өтеп жатқан, түрлі дертке шалдыққан әйелдердің 66,5 пайызында АИТВ инфекциясы, 25 пайызында онкология, қалғанында туберкулез бен басқа да аурулар анықталып отыр.
Президентке жолдаған хаттарымда осының бәрін айта келе, әйелдердің жазасын жеңілдету керек екенін көтердім. Сондай-ақ оны шешу жолдарын да ұсындым. Мұнда тек рақымшылық жасаумен шектелмеу керек. Өйткені рақымшылық – бір реттік акт. Оны Қылмыстық және Қылмыстық процессуалдық кодекстің құқық қолдану жолдары арқылы шешу керек. Соттар көбінесе балалы әйелдерге жазасын кейінге шегеру, жазасының өтелмеген бөлігін шартты түрде уақытынан бұрын бостандық беру секілді жеңіл жазаға ауыстырудан бас тартады. Соның салдарынан түрмелерде адам шектен тыс көбейіп жатыр.
Осы мәселені өзге де сала мамандарымен бірге зерделеген кезде түрме тұрғындарының ішінде бес баласы бар әйелдердің де жазасын өтеп жатқанына, оның төртеуін үйінде қалдырып, біреуімен отырғанына көз жеткіздім. Мұндай жағдайды болдырмау үшін балалы әйелге жаза тағайындау мәселесін қайта қарау керек екенін түсіндім.
Сөзімнің соңында Ұлттық құрылтай отырыстары ел ішіндегі толғағы жеткен мәселелер көтерілетін маңызды алаңға айналғанын айтқым келеді. Біз бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі қылмысы секілді проблемаларды көтердік. Былтыр оның бәрі тиісті орындарға жетіп, ел күткен оң шешімдер қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бұдан былай жай ғана құқық бұзушылық емес, қылмыс ретінде қаралатын болды. Педофилия үшін енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Есірткі жасырып кететін жасөспірімдер үшін жазаны дифференциялауға да қол жеткізілді. Өйткені бұған дейін олар жай ғана есірткіні тасымалдағаны үшін есірткі өндірушілермен бірдей жазаға тартылатын. Ұлттық құрылтай отырыстарында бұл проблеманың бәрін Президент айтты, тиісті тапсырма берді, одан әрі заңда көрініс тапты. Мұның бәрі әйелдер мен балалар құқығын қорғау мақсатында орындалған аса маңызды жұмыстар болғаны рас.
Айман ОМАРОВА,
құқық қорғаушы