Үкімет • Кеше

Креативті индустрия: ізденіс пен ілгерілеу

31 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында креативті индустрияны дамыту және мәдениет пен өнер салаларын цифрландыру мәселесі қаралды. Онда саланы дамыту, ел мәдениеті мен өнерін таныту шарасы талқыланды.

Креативті индустрия: ізденіс пен ілгерілеу

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президент халыққа Жолдауларында креативті индустрияның ел экономи­касындағы маңызын бірнеше рет атап өтті. Осы уақытта арнайы жобалық кеңсе жұмыс істеді. Саланы дамыту тұжы­рымдамасы қабылданды, оны инсти­туционалдық тұрғыда қалыптастыру мен бизнеске қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

«Бүгінде елдегі креативті индустрия 12 бағыт бойынша дамып, 43 экономи­ка­лық қызмет түрін қамтиды. Бұл салаға зергерлік өнер, кино, анимация, сән индустриясы, телебағдарламалар, халықтық кәсіпшілік, IT мен ойын әзірлеу сияқты шығармашылықты коммерцияландыруға болатын бағыттар кіреді. Елде креативті индустриямен айналысатын, тіркелген субъектілер саны 45 597, ал олардың ел экономикасын­дағы жалпы қосылған құн үлесі 1%-ды құрайды», деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Министрдің айтуынша креативті индустрия субъектілерінің 50%-дан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған. Ал оның 70%-ын жеке кәсіпкерлер құрайды. Бағыттар бойынша ең көп шағын және орта бизнес субъектілері «халықтық кәсіпшілік» бағытына тиесілі – 12 660. Қолөнершілер саны бо­йынша көш бастаған қалалар: Алматы – 1 976, Астана – 1 349, Шымкент – 1 254, Түркістан облысы – 969. Сонымен қатар ЖШС-лардың 40%-ы IT саласына тиесілі. Қазір елдегі креативті секторларда 143 600 адам жұмыспен қамтылған. Ең еңбек сыйымды салалар: IT, сәулет өнері және сән, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, халықтық кәсіпшілік.

«Өткен жылдың ақпанынан бас­тап креативті кәсіпкерлерге арналған қолдау шарасы кешені аясында бөлшек салықтың арнайы салық режімі енгізілді. Жүйе іске қосылған соң 1 жылда креа­тивті индустрия субъектілер саны 15%-ға артты, жұмыспен қамтылғандар саны 15%-ға өсті. Оған қоса, былтыр «Global Innovation Index» нәтижесінде «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткішін­де еліміз 93-орыннан 65-орынға көтерілді. «Ұлттық фильмдер өндірісі» 60-орыннан 31-орынға жоғарылады. Осылай, салықтық жеңілдіктің креативті экономика саласына оң әсер еткенін көріп отырмыз. «Астана хаб» резиденттеріне арналған жеңілдетілген салық режімін, сондай-ақ IT саласы мен креативті индустриялардың өзара тығыз байланысын ескерсек, саланың болашағы зор екені анық», деді А.Балаева.

Қазір жаңа Салық кодексі жобасы талқыланып жатыр. Ведомство осыны ескеріп, креативті индустрияға арналған бірқатар ынталандырушы салықтық шараларды қарастыруды сұрады. «Бөлшек салық» – арнайы салық режімін сақтаумен бірге, қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығына (КТС) жеңілдетілген ставкалар белгілеуге қатысты шара.

Жыл басында Президент креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңға қол қойды. Ол заңнамалық өзгеріс­тер институционалдық негіздерді қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту мен басым салаларды қолдау шарасы секілді үш негізгі бағытқа шоғырланған. Бұл заң креативті индустрияны қол­дау және дамыту мәселелері бойынша түзетулерді қамтиды. Уәкілетті және жергілікті атқарушы орган құзыретін кеңейту, Үкіметтің креативті индустрия­ны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлғаны айқындауы, мемлекеттік қолдау мен креативті индустрияны ынталандыру ережесін әзірлеу мен бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін бекіту маңызды. Түзетулердің екінші пакеті әзірленіп, Мәжілісте қаралып жатыр.

Келесі заңнамалық жаңалық – жергілікті атқарушы органды креатив­ті индустрияны дамыту бойынша құзыретпен қамтамасыз ету. Бұл норма ел өңірлерінде креативті хабтар құру мен дамыту мақсатында қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, креативті орталықтар тек Астана мен Алматыда емес, барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда ашылуға тиіс.

«Бүгінде республика бойынша 12 креативті хаб ашылды. Олар – өңірлердегі креативті индустрияны дамытудың негізгі инфрақұрылымы болуға тиіс. Өңірлік экожүйенің орталығына айналып, таланттарды тарту мен жұмыс істеуде маңызды рөл атқарады. Бұл жүйеге мектеп оқушыларына арналған қосымша білім беру орталықтары, колледждер мен жоғары оқу орындары, сондай-ақ жекеменшік хабтар мен шығармашылық алаңдар тартылады. Өңірлердегі креативті экожүйе толық қалыптасқаннан кейін, аймақтық хабтар Креативті индустрияларды дамыту қорының жергілікті бөлімшесі ретін­де жұмыс істейді. Олар креаторларға Қордың барлық қызметтер пакетін ұсынады, бірыңғай әдістеме бойынша жұмыс істейді. Қор ресурсы мен өзге де хаб мүмкіндіктерін пайдаланады. Осылайша, «экстерриториалдық» қағидат іске асырылады, яғни креативті индустрия субъектілері елдің қай өңірін­де болса да, бірдей деңгейде қызмет пен қолдау ала алады», деді А.Балаева.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат, креативті индустрия мен кітап ісі салаларын цифрландыруды тек бастамалар мен жүйелер аясында ғана емес, IT саласындағы жетекші компаниялармен әріптестік негізінде де жүзеге асырады.

Мәдениет және өнер саласын цифрлық трансформациялау деректерді талдаудың заманауи технологияларын, оның ішінде жасанды интеллектіні енгізу және үлкен деректерді өңдеу есебінен шығармашылық жобалардың сәтті шығуын болжауды көздейді. Бұл ретте кинотеатрдағы кассалық түсім туралы бұрмаланған дерекке жол бермеу мен кірісті бөлудегі ашықтықтың болмауын жою есебінен көлеңкелі айналымға қарсы іс-қимыл бойынша шара қабылданып жатыр.

«Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік қызметтің 21 түрін көрсетеді. Оның 12-сі толығымен автоматтандырылған. Былтыр 530 мыңға жуық мемлекеттік қызмет жасалды. Оның 67%-ы электрондық форматта көрсетілді. Министрліктің 46 бизнес-процесіне реинжиниринг жүргіздік», деген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, заманауи технология креативті индустрияны түбегейлі трансформациялап, мәдениет пен өнерге жаңа мүмкіндік ашып, әлемде тиімділікті арттыру құралының бірі ретінде, ЖИ-ді креативті индустрияда пайдалану тренді қарқын алғанын айтты.

Креативті индустрияларда гене­ративтік ЖИ нарығы қарқынды дамып жатыр. Өткен жылы оның көлемі 3,1 млрд долларға бағаланды, ал 2030 жылға қарай 12,6 млрд долларға дейін жетпек. Бұл цифрлық технология мен ЖИ креативті экономиканың ажырамас бөлігіне айналып жатқанын растайды.

«Бүгінгі айтылғандарды қорытын­дылап, министрлік өз ұсынысын айтады. Киноөндіріс процесін, билет сатылымын есепке алу мен автоматтандыру үшін «e-Kino» цифрлық платформасын ендіруді жеделдету қажет. Оны барлық кинотеатр, концерт залының және т.б. билет сервисімен интеграциялау керек. Билет сату кезінде дерек автоматты түрде мемлекеттік ақпараттық жүйеге түсуге тиіс. Сондай-ақ келушіге билеттің сатылуы мемлекеттік ақпараттық жүйеде тіркелгені туралы білу үшін билетті QR код арқылы қайта тексеру мүмкіндігі берілу керек. Мұндай растау болмаса клиенттің пайдасына арттырылған айыппұл қарастырған жөн. Мәдениет және өнер саласындағы цифрлық шешімге мемлекеттік тапсырыс кезінде инновациялық технологияларды (AI, Big Data) қолданатын IT-компанияға басымдық берген мақсатқа сай болады» деді Ж.Мәдиев.

Былтырғы жыл қорытындысында креативті тауар мен қызметтің әлемдік экспорты 250 млрд доллардан асты. G20 Insights зерттеу компаниясының болжамына сәйкес 2030 жылға қарай креативті экономиканың үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 10%-ын құрауға тиіс. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында креативті индустрияны дамытуды қолдау шараларының топтамасын әзірлеуді тапсырды. Тиісті заңнамалық база қабылданды. Іске асқан шара нәтижесінде елдегі креативті экономика 2019 жылдан бері 3 еседен астам өсті.

«Алайда оның Жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі салыстырмалы түрде әлі де төмен деңгейде – 1% шамасында. Сонымен қатар кейбір «шығармашы­лық» салалардың өсу қарқыны жекелеген өндірістік секторларға қарағанда жоғары. Былтыр компьютерлік ойын әзірлеу саласы жалпы қосылған құнға шамамен 460 млрд теңге үлес қосты. Отандық кино өндірісі былтыр 58%-ға ұлғайды. Кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші тас­па отандық өндірістің туындысы болды. Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрерменнің ұлттық контентке қызығушылығы артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильм­дер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша жоба санын көбейтіп, тек пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керек. Ал жақсы кино түсіру үшін көп қаражат қажет. Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан кино түсіруші мен оны прокатқа шығарушы мүддесі тепе-теңдігін бекіту маңызды. Ол үшін түскен ақшаның ашықтығы мен авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін «e-Kino» платформасын жедел іске қосу керек.

Сондай-ақ «е-Arhiva» ақпараттық жүйесін одан әрі дамытуға баса назар аударған жөн. Ол құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп, архив жұмысының тиімділігін арттырады. «е-Arhiva» дерегін «Батырларға тағзым» онлайн-платформасымен үйлестіру жұмысын аяқтау қажет. Қолда бар тарихи құжаттың бәрін ұлттық цифрлық архив базасында сақтап, қолжетімді ету ләзім. «е-Kitaphana» жүйесінде қазір классикадан бастап заманауи басылымға дейінгі кітапты оқуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, қолданыстағы платформалармен белсенді жұмыс істеу керек.

«Қазір аудиокітап өте танымал. Отандық авторлардың аудиокітабын жасап,  оны түрлі платформаға, әртүрлі тілде орналастыру қажет. Осылай әдебиетті өз елімізде ғана емес, одан тыс жерлерде де насихаттай аламыз. Сондай-ақ музейлерді цифрландыруға назар аударған жөн. Мәдениеттің бүкіл алтын қорын цифрландыру керек. Мәдениет ұйымдарына  билет берудің бірыңғай электронды жүйесін енгізген дұрыс. Мәдениет және Цифрландыру министрліктері  креативті индустрияны орнықты дамыту, сондай-ақ бүкіл мәдениет пен өнер саласын цифрландыру бойынша нақты бірлескен жұмысты жолға қоюы керек», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-министр бірқатар мәселені атап өтті. Бірінші, Мәдениет және ақпарат министрлігі барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 1 шілдеге дейін «Креативті индустрияны дамыту қорын» құруы керек. Оның негізгі мақсаттары инвестиция тарту, жобаларды қаржыландыру, сон­дай-ақ отандық шығармашылық өнімдер­дің экспортына жәрдемдесу болуға тиіс. Оған қоса өңірлік ерекшеліктерді ескеріп, шығармашылық жобаларды мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын енгізу қажет.

Екінші, Мәдениет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен барлық мүдделі мемлекеттік органдар биыл жыл соңына дейін  2026–2030 жылдарға арналған креативті салаларды одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге тиіс.

Үшінші, Ақмола, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдіктері осы жылдың соңына дейін облыс орталықтарында креативті хабтар құруы керек. Олардың базасында креативті индустрия өкілдері жобаларды қаржыландыру үшін инвесторлармен өзара іс-қимыл жасайтын пәрменді алаңдар құрылуы ләзім.