05 Мамыр, 2015

Буырқанған Бұқтырма

519 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Зырян су-02 Зардап шеккен зыряндықтарға гуманитарлық көмек жіберілді Шығыс өңірінің Зырян ауда­нын­дағы бірқатар елді мекен­дерді қарғын су басып, жағдай күрделене түсті. Аудан аумағымен өтетін Бұқтырма өзені буырқана тасып, су деңгейі 26 сәуірде 530 сантиметрге дейін жеткен-ді. Ал 28 сәуірде су деңгейі 7 метр­ге дейін көтерілді. Қазіргі кезде қарғын судың қарқыны сәл де болса бәсеңдегенімен, синоптиктердің жақын күндері жауын-шашын түсу болжамына байланысты әлі де алаңдаушылық басым. Бұқтырма арнасынан аса тасы­ғандықтан аудандағы 7 елді мекен су астында қалды. Атап айтқанда, Зубовск, Малеевск, Путинцево, Парыгино, Баяновск, Быково және Снегирово ауылдары қызыл судан айтарлықтай зардап шекті. Осыған орай өңір басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен жағдайды бақылау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковтың жетекшілігіндегі жұмыс тобы аудандағы төтенше жағдаймен танысып, тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді. Д.Гариковтың айтуынша, жұмыс тобы аудандағы су астында қалған елді мекендерді тікұшақпен аралап көріп, барлық инженерлік құрылғыларды тексеріп шықты. – Аудандағы тоған өз міндетін атқарғанымен, ондағы жиналған су деңгейі қауіпті мөлшерден асып кетіп, төмен қарай жөңкіле бастаған. Соның салдарынан елді мекендер мен «Өскемен-Рахман қайнары» республикалық трассасының Снегирово ауылының жанымен өтетін тұсын су алып, көпірді бұзып кетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті, ішкі істер департаменті, жергілікті атқарушы органдар және медициналық қызметтің жедел іс-қимылының нәтижесінде 974 адам қауіпсіз жерге дер кезінде көшірілді. Олардың ішінде 217 бала бар. Адам шығыны жоқ, – деді Д.Гариков. Зырян қаласына жеткізілген тұрғындарға жатын орын беріліп, тамақтандырылды. Жергілікті тұрғындар зардап шеккендерге жылы киімдермен, азық-түлік­пен көмек көрсетуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, ауданда 356 үй су астында қалып, басым бөлігіне айтарлықтай нұқсан келген. Тіпті Снегирово ауылындағы кейбір үйлердің шатырына дейін су алып кетіп, монша мен қора-қопсыларын бұзып кетті. Жұмыс тобы сонымен бірге, Катонқарағай ауданындағы жағдайды да қарап, Бұқтырма өзенінің жоғары жағы мен ағысын тексерді. Қазір ондағы ахуал тыныш, мұздықтар мен қардың еруі әлі басталмаған. Еріген су негізінен Тұрғысын және Хамир өзендеріне қосылуда. Зырян ауданында тұрғындарды көшіру және су басудың салдарларын жою үшін 230 адам мен 50 техника жұмыс істеуде. Оларға жергілікті тұрғындар да көмектесіп жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен туған тасқынға тұрғындар да түсіністікпен қарап отыр. Ал Зырян ауданын бас­қа елді мекендермен және облыс орталығымен жалғау үшін Каз­наковка жағалауы мен Күр­шімді жанай өтетін теміржолы, сондай-ақ жағдайды ескере отырып Ва­сильев жағалауын мерзімінен ерте іске қосу қарастырылды. Сонымен бірге, Зырянда жедел көмекке арналған тікұшақ тұрақты кезекшілік етуде. Авиация көмегін облыс орталығына жөнелтілген бір науқас пайдаланып та үлгерді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.