Театр • 20 Наурыз, 2025

Жыл иесін көрермен анықтайды

1408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр жылы әз-Наурыз қарсаңында кішкентай көрермендерін ерекше қойылымдарымен қуантуды дәстүрге айналдырған Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры «Жыл он екі ай» атты қазақ халық ертегісінің желісімен «Наурыз құпия­сы» атты жаңа туындысын сахнаға шығарды. Бұл туын­ды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Наурыз­нама» тұжырымдамасына негізделген. Әр күннің өзіндік мағынасы бар мерекелік онкүндік шеңберінде спектакль көрермендерге Наурыздың рәміздік мәнін айшық­тап, бауырмалдық пен мейірімділікке, қамқорлық пен жанашыр­лыққа, рухани тазару мен жандануға зейін сала отырып, ұлт­­тық киімдердің, спорт түрлерінің және мәдени мұра­лар­д­ың маңызын көрермен санасына дарытады.

Жыл иесін көрермен анықтайды

Жыл басы болуға талас­қан­дардың арасынан түйенің үстіне өрмелеп шығып, жаңа жылды бірінші болып көретін айлакер тышқанның ақылы мен қу­лы­ғына құрылған әдепкі ерте­гіден алшақ кетіп, жаңа пішін­ге бой ұрған бұл қойылым шым-шытырық оқиғалар мен таңға­ларлық түрлі кейіпкерлер арқылы ғасырлардан мұра болып сақталған рухани құн­ды­лықтар, қазақы таным-түсі­нік, ұлттық салт-дәстүр, наным-сенімдерді дәріптейді. Көк­тем мерекесінің шырайын келтіріп, маңызын арттыратын мерекеде аңызға айналған кейіпкерлер – Қыдыр ата, Күн мен Түн, Тыш­қаннан бастап Доңыз­ға дейінгі жыл иелері көрер­мендерге ұлт­тық ойындар мен билер ұсы­нып, Наурыз мейра­мы­ның мәнін ашып көрсетеді.

– Наурыздың басты құпиясы Күн мен Түннің теңесуі болса, бір-бірімен кеңесіп жыл басын таңдауында әр жылдың айтар ойы, жүрекке жеткізер сыры, жадыдан өшпейтін ғибраты болған. Инсценировка ­авторы Жазира Ахметовамен кеңесе отырып, ертегіні жаңа­ша шешім­мен ұсынуды жөн көр­дік. Жыл он екі айдың бәрі сахнаға ұлттық киіммен шығады. Спектакль + 5 жастан жоғары көрерменге арналған. «Адам жеті жыл өмір сүреді, қалған уақытта балалық шағын іздеумен өтеді» дейтін тәмсіл бар емес пе? Алматы Қуыршақ театры – адамға сағыныш сыйлайтын театр. Ән мен күйге бай ұлтымыздың өнерін мейлінше жарқырата отырып, құлаққа сіңген белгілі күйлерді заманауи өңдеумен қайта жаңғыртып, қойылымды қызықты жасаудың тәсілдерін табуға тырыстық. Интерактивті сауалдар қойып, көрерменді спектакль оқиғасына тікелей араластырып отырамыз. Сондай-ақ қылыштасу, әтештің таңғы шақыруы, өгіздің соқа тартуы, қойдың жүнінен киіз басуды пластикалық шешім­дермен көрсете отырып, жан-жануардың мифологиялық маңызы мен тұрмыстағы көл-көсір пайдасын, өзге де ерек­шелігін балалардың санасы­на сіңіруді мақсат еттік, – дей­ді «Нау­­рыз құпиясының» режис­сері Шоқан Құлназаров.

Жаңа жыл иесі атануға та­лас­қан жануарлар артық­шы­лық­тары мен жақсы қасиеттерін алға тартып, шапшаңдығы мен тап­қырлығы сынға түсетін өнер сайысын ұйымдастырады. Әділ шешім шығаруға бел байлаған Күн мен Түн байқау жария­лап, жануарлардың ақыл­ды­лық, айлакерлік, шап­шаң­дық, тапқырлық қасиет­терін сарап­қа салады. Тар­тыс­ты бәйге­нің жеңімпазын бірге анық­тауға шақырады. Бұл спектакль мерекелік бағдар­ла­ма­ның көркін кіргізіп, көрер­­менге ұмытылмас әсер сый­л­ай­ды. Спектакль кіш­кен­тай көрер­мен­дерді достық­қа, адалдық­қ­а, бір­лікке, ұлтжан­ды­лыққа үндейді.

 

АЛМАТЫ