
СУРЕТТЕ: артқы қатардағы сол жақта тұрған Көшербек Жұманқұлұлы, оң жақта Әбдіқайым Ысқақ.
Мәжіліс депуттатығынан кейін Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып тағайындалғанымда Жамбыл облысына жетекші болу бұйырды. Сонда бала кезден арман болған Таласты көрдім. Керемет! Көрген адам ғашық болатын жер екен. Аудан әкімі, парасаты мол, халыққа етене жақын Батырбек Құлекеевпен бірге ауданды араладым. Ақиық ақын Нарша Қашағановпен ағалы-інідей араластым. Темірланда таластық өнерпаздардың қатысуымен Батырбек Құлекеев және Ордабасының сол кездегі әкімі Мұрат Мақаловтың келісімінің арқасында Нарша ағамызбен екеуміздің бірлескен шығармашылық кешіміз өтті. Студенттік досымыз Үміт Битенова да, «Лениншіл жаста» бірге жұмыс істеген журналист Ерғали Сағат, экс-сенатор Шамсат Исабеков ағаларымыз да «Туған жерім Таласым» деп отыратын. Менің бүгінгі әңгімем таластық азамат пен әкемнің достығы туралы болмақ. Қазір осы қос қарияның бірі 90 жаста болса, екіншісі 89 жаста. Бұлардың достығына биыл 71 жыл.
Адал достық та күн сияқты адамға шуақ та, қуат та береді. Шынайы достық та адамның өмірлік жасын ұзартады дейді әлеуметтанушылар. Әкем Әбдіқайым мен таластық досы Көшербек Жұманқұлұлының достығын бала кезден білетінмін, сан мәрте естігенмін. Бірақ кім кіммен бірге оқымады, кім кіммен дос болмады. Әйтсе де араларында ұлы достықтың жібі үзілмей ұзақ жылдан бері жалғасып келеді.
Әкемнің досы Көшербек Жұманқұлұлы Жамбыл облысы, Талас ауданы Ойық ауылында туып өскен. Мұғалім, мектеп, училище директоры, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің, аудан әкімдігі идеология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Облыстың құрметті ардагері. Екеуінің достығы 1954 жылы ҚазПИ-дің жаратылыстану факультететіне оқуға түскен күннен басталған. Екеуі де осы факультеттің тұңғыш түлектері. Бір топта оқыған, жатақхананың бір бөлмесінде жатқан. Адалдықтары – бір-бірін ешуақытта ұятқа қалдырмаған, қайта қолдап, қорғап, демеп жүрген. Бір үйдің балаларындай татулығына өзгелер қызыққан да, қызғанған да. Бір-біріне сақтаған сырлары көп.
«Бір дос бар астыңнан тақ кеткенше, бір дос бар басыңнан бақ кеткенше, бір дос бар қораңнан мал кеткенше, бір дос бар кеудеңнен жан кеткенше» деген сөз ел аузында айтылып жүр. Біз жан кеткенше доспыз! Әбдіқайымның бойындағы тазалық, адамгершілік, адалдық қасиетіне бас иемін. Қандай қиындық кезде де досын сатқан емес. Қайта дем беретін, қолдап, қорғап, сөзімді сөйлейтін. Екеуіміз біріккенде үлкен күш едік. 1955 жылы Мәскеуден келе жатып, Бөржар ауылындағы Әбдіқайымның қара шаңырағында болғанбыз, ата-анасының қолынан дәм татқанбыз. Досым ешқашанда дүниеге қызыққан емес. Ар мен намысын сақтаған жігіт! Қолында жарты нан болса, өзі жемей, мені күтіп отыратын. Менің өмірімде ойып тұрып орын алған азамат. Бірге өткізген бір күніміз мың күнге татиды. Адал достық адамның жасын да ұзартады дейді. Сол шынайы сыйластықтың арқасы. Құдай қаласа, 90 жылдық мерейтойына барам деп дайындалып отырмын» дейді 89 жастағы Көшербек Жұманқұлұлы.
Көшекең өсіп-өнген жан. Үлкен қызы Раушан Мерке аудандық ауруханасында бас дәрігер, туған інісінің қызы Меруерт Медетбекова республика мұғалімдеріне «Біртұтас» тәрбие бағдарламасы арқылы етене таныс.
– Көшербек өте адал дос, қарапайым, сабырлы, өте сөзге шешен. Онымен бірге жүргенде сенімің артады. Екіжүзділік болған емес. Адами жауапкершілігі өте жоғары. Өз сөзіне жауап беретін жан. Адалдық жолынан адасқан емес. Үлгі-өнегесі мол. Бір нанды, құртты бөліп жеуші едік. Досы үшін бар нәрсеге дайын. Екеуіміздің арамызда көп жылдан бері келе жатқан ешкімге айтпаған сырларымыз бар. Еліне сыйлы осындай досым бар деп мақтаныш етемін, – дейді, республикаға танымал ұстаздар әулетінің жетекшісі, «Ең үздік еңбек әулеті» атты мұғалімдер кәсіподағы ұйымдастырған республикалық жарыстың жеңімпазы менің көкем.
Екі достың бірі Ордабасы ауданының құрметті азаматы болса, екіншісі Талас ауданының құрметті азаматы. Екеуі де шөбере көрген аталар. Көшербектің үлкен қызы Мерке ауданы мәслихатының депутаты болса, Әбдіқайымның үлкен ұлы мен бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты және тұңғыш қазақ тілінде жазылған заңның авторы атандым. Көп жылғы адал еңбегімнің арқасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болдым.
Бұл жерде айта кетерлік дүние – әкем Әбдіқайым кеңестік кезеңнің өзінде мұғалімдер мен оқушылар арасында Наурыз мерекесін көктем мерекесі ретінде тойлатып, наурыз көже дайындататын. Ұлттық киім киіліп, концерт берілетін. Осылайша, қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай, халықтық мерекенің тамырын үзбей, жалғап, ауылдан ел ертеңіне жауапты азаматтардың шығуына ықпал ете білді.
Қазіргі заманда доспыз дейтіндер көп, ал шынайы достықты табу қиын. Қалтаңда ақшаң немесе қызметің болмаса ешкім де жақындай қоймайтыны өтірік емес. Тоқсан жастағы қариялардың ізгілікті қатынасы көңіл сүйсінтеді. Әлі күнге дейін бірін-бірі іздеп тұрады. Көкем «досыма барам» деп ортаншы ұлы әрі Тараздың күйеу баласы Әбдіғалимен немесе кенже баласы Нұрдәулетпен бірге сапар шегеді. Шын досы Көшербек көкеміз Күләш апамызды ертіп біздің ауыл Бөржарға келеді. Кездескендегі көңіл күйлерін көрсеңіз, жаңа жолыққандай ерекше қуанышпен қауышады. Әрбір бас қосуы бір тарих, үлкен мереке. Келесі кездесу әкеміздің 90 жылдық мерейтойында, сәуірдің бесінде Шымкент қаласында өтпек. Адал дос ақсақалдар аман болсын.
Әкім ЫСҚАҚ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері