Петропавл қаласының тұрғыны Кемел Асқаров майдан даласында қаза тапқан әкесінің жерленген жерін көп жылдан бері іздестірумен келді. Қайда жазса да «із-түзсіз жоғалды, хабар-ошарсыз кетті» деген жауап алып жүрді. Жанына медет тұтқан бар дерегі – әкесі Асқар Исақовтың 1943 жылы мамырдың 7-сі күні Калинин облысындағы Новосокольнический ауданындағы Бутинино селосы маңында қаза тапқаны. Отбасына жолданған «қара қағазда» осылай жазылғанымен, даңқты 28 панфиловшылардың политругы Клочков айтқандай, «Ресей кең байтақ», қай жерінен іздеп табарсың? Соңғы кездері Ресей Федерациясының мұрағаттарына жіберген өтініштері де аяқсыз қалып, жүрегін ауыр мұң басты.
Бірде теледидардан Ұлы Отан соғысы жайлы фильмді тамашалап отырып, бойындағы үміт оты қайта жанғандай болды. Калинин облысының Псков облысы, ал Бутинино селосының Золотково болып өзгергенін білісімен дереу қолына қалам мен қағаз алды. Золотково селосының билік өкілдеріне үшбу хат жолдап, бауырластар зиратының фотосуретін жіберуді өтінді. Көп ұзамай жіберілген жауаптан 302-ші дивизияның 17-ші атқыштар полкінде әскери борышын өтеген әкесінің бауырластар зиратында жерленгенін, есімі естеліктер кітабына енгізілгенін біліп, төбесі көкке жеткендей қуанды. Бұл – 2010 жыл болатын. Осы жылы сол кездегі Ресей Федерациясының премьер-министрі Владимир Путинге хат жазып, Золотково селосындағы 2600 сарбаз жатқан жауынгерлер зиратына мемориалдық тақта орнату жөнінде өтініш білдірді. Ақсақалдың тілегі қабыл алынып, 2012 жылы мемориалдық тақта қойылды. Бетіне Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің есімдері жазылды. Олардың бел ортасынан қазақ жауынгері Асқар Исақовтың аты-жөні ойып тұрып орын алды.
Кемекең биыл әке алдындағы перзенттік парызын орындап, ұлы Ерланмен бірге бауырластар зиратына барып қайтты. Ресей жеріндегі Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты шараларға қатысқан қарияның айтуынша, мемориалдық тақтаны көру үшін Алматы, Ақтөбе, Атырау, Байқоңыр, Қызылорда, Шымкент қалаларынан және Ресейдің өзге аймақтарынан келгендер аз болмапты. Қария енді туған ауылына барып, әкесі жерленген жерден ала келген бір уыс топырақты анасының зиратына жеткізіп, құлпытас орнатуды жоспарлап отыр.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
журналист.
Солтүстік Қазақстан облысы.