
Фото: olympic.kz
Бокс 2022 жылдың ақпанында 2028 жылғы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасынан шығарылған еді.
Бұл шешім Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) төңірегінде туындаған мәселелерге байланысты қабылданған. 2023 жылдың маусымында ХОК IBA-ның ресми мойындауын толықтай қайтарып алғаннан кейін, бокстың Олимпиададағы болашағы белгісіз болып тұрған.
2024 жылғы Париж Олимпиадасында бокс жарыстары ХОК-нің арнайы жұмыс тобының қадағалауымен өтті, бұл спорттың Олимпиадалық қозғалыс үшін маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Олимпиадалық бокстың жаңа даму кезеңінде басқару 2023 жылы құрылған World Boxing Халықаралық бокс федерациясына жүктелді. Қазіргі таңда бұл ұйымға 84 ұлттық федерация мүше. Жуырда World Boxing ХОК-тен уақытша мойындау алып, әлемдік деңгейде боксты дамыту құқығына ие болды.