
Алапат майданды басынан өткеріп, туған жеріне жеңіспен оралған қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевты ұлықтауға арналған шараны аталған департамент пен «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымы бірлесіп ұйымдастырды.
Аталған мектепте өткен іс-шараға «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымы Президиумының төрағасы генерал-лейтенант Б.Сәрсеков, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Ә.Каюпов, еліміздегі Журналистика академиясының академигі – Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі Н.Нұрғазин, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының төрағасы запастағы полковник А.Мұналбаевтар қатысты.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылардың қатарында департаментке қарасты «Сержанттарды даярлау мектебінде» кәсіби біліктіліктерін арттыру курсынан өтіп жатқан әскери қызметшілермен бірге «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері болды.
Жазушы атындағы мәжіліс залда өткен алқалы жиында сөз сөйлеген департамент бастығы Әлібек Каюпов: «Кемел Тоқаев – жазушы ғана емес, батыр, әділеттілік пен адалдықтың символы. Оның өмірі мен шығармашылығы – қайсарлықтың, отансүйгіштіктің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын үлгісі», деп атап өтті.
Детектив жанрының дарабозы ретінде танымал көрнекті жазушының соғыс тақырыбында көлемді туындысының бірі – «Солдат соғысқа кетті» романы екені белгілі. Өйткені, қанға бөккен шайқас алаңы жан-жақты суреттеліп, арасында солдат күнделігімен әрленіп отыратын кітапты бойың шымырқанбай оқу мүмкін емес. Ал, «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы ақын» повестері және «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдары қаламгердің суреткерлік шеберлігін айғақтай түседі.
Алқалы жиыннан кейін қонақтар Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» шығармасы бойынша сахналанған қойылымды тамашалады.
Бұдан кейін мектеп оқушылары майталман суреткердің шығармаларына негізделген «Жазушы әлеміне саяхат» атты зияткерлік ойын ұйымдастырды.
Маңызды шараның тағы бір ерекшелігі, жиналған қауым жазушының кабинет-мұражайын көріп, оның шығармалары мен тұтынған жеке заттарымен танысты. Ал, Әлібек Амангелдіұлы мұражайға департамент атынан шекарашылардың ел шебіндегі қызметі бейнеленген картинаны сыйға тартты.
Шара соңында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы генерал-лейтенант Б.Сәрсеков пен департамент бастығы Ә.Каюпов бастаған мәртебелі қонақтар Кемел Тоқаев аллеясына ағаш көшеттерін отырғызды.
Осылайша, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты ұйымдастырылған шара мәресіне жетті. Биыл 102 жасқа толатын көрнекті қаламгерден ең бастысы, біздің шекарашылар үлгі алып, ел тыныштығы үшін қызмет ететін отансүйгіш азамат болуға мейлінше талпынады деп сенеміз.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.