Мереке • 22 Наурыз, 2025

Ұлыстың тойы – ырыстың тойы

669 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұнда тарих пен тамыр, татулық пен тұтастық, үлгі мен өнеге, ең бастысы, шуағын шашқан мейір мен махаббат бар. Дүниеде шуақ пен мейірімге жететін жаратылыс жоқ. Өмір сондықтан тәтті. Әйтпесе, «ата-анадай елжірер күннің көзі» деп айта ма ұлы Абай. Қараны – ақ, суықтың мысын жылу басқан күннен бастап бәрі теңеседі. Қай жерде жарық пен шуақ мол, халық пен махаббат та сонда үйірсектейтіні бесенеден белгілі. Біздің жыл басы Наурыз бойына осы құбылыстардың бәрін топтастырған ұлы мейрам екеніне бәс тігуге бармыз ендеше.

Ұлыстың тойы – ырыстың тойы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жауына Абылайлап шапқан Наурызбай­лар­дың мекені ұлы қазақ даласы осымен нешінші Нау­рызын қарсы алғалы тұр. Тіпті есте жоқ ескі заман­дар ер­тегісінде Наурыз хандар да болған деседі. Кейбір этно­графтар жыл басы біздің дәуірімізге дейін той­ланғанын, бес мыңжылдық тарихы барын жаз­ады. Бойына жоғарыдағы бар қасиетті сый­дыр­ған бұл мейрамды, демек ұлттық код десе де ар­тық емес шығар. Кеңестік билік 1926 жылы ты­­йым сал­ғаны тегін дейсіз бе? Содан 1988 жылға де­йін ұмыт­­тыруға тырысса да, қазір мұзды жарып шық­­қан бәйшешектей төрімізге келіп орнықты. Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен 14 наурыз – Амал күнінен бастап жыл басын он күн бо­йы атап өтетініміз қандай тамаша. «Өткенін танып, ата-бабаларын қастерлесе, халықтың қасиеті қай­­та оянады» деген сыңайдағы Конфуцийдің сөзі есімде.

Наурызды қазақ осы 14-нен бастап сегіз күн тойлайтынын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы анық жазған. Шәкәрімнің ұлы Ахатта да бар. Оларды есептемегенде, бұлардан бұрын ежелгі қазақ даласында қалам ұстап қандай ғұлама өтсе, бірде-бірінің назарынан тыс қалмаған мейрам қазір ұлыс тойына айналғаны­на ешкім шәк келтірмесе керек. Оған Президенттің был­тырғы һәм биылғы Ұлт­тық құрылтайларда айтқан сөздері айқын дәлел. «Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе төл мәдениетіміздегі әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды», деді Президент Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда. Бұл – шүбәсіз.

ап

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп бата бермейтін бе еді, бұл күндері атам қазақ. Немесе Ұлыс күні десе­тін. Елдіктің, татулық пен тұтастықтың, бауырластық пен бірегейліктің тойы деген сөз. Биыл осы ұлыс күнімен бірге жылан жылы кіреді. Тақыр қоян мен мешінге болмаса, қазақ танымында жылан жылына қатысты жаман сөз, оғаш ырым жоқ. Аяқ-қолы жоқ бұл жануар тіпті үйге де кіріп кететіні туралы аңыз жетіп артылады әрі қазақтар оған тиіс­пей, басына ақ құйып шыға­рады. Халқымыздың осы бір аңызының астары терең. Босағадан аттады ма, кет деу жоқ, абзалы сый-құрметпен жөнелту екен. Күзге салым салқын түсе қоста ұйықтағанда, таңертең көрпеміздің астынан жылан шығып бара жатқанын талай көрдік. Жылы жерде қыздырынып жатқанды ұнатады әрі адам баласын жатырқай қоймайды. Табиғаты дос та, қас та емес, әйтеуір өзің тиіспесең, зиян­сыз. «Жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» деген сөздер бар. Бұл жылы туған адамдар белгілі ғалым, ғұлама, данышпан болады деп сенген. Тамам жұртымыздың кемеңгері Абайдың туған жылы екен. Хакімнің туғанына 180 жыл толған мерейтойымен биылғы жылдың тұспа-тұс келгені жақсы ырым делік. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент: «Біз Қазақстанды әлем өрке­ниетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді», деді. Бұл жерде әлем өркениетінің дербес бөлігі ретіндегі бір белгіміз осы ұлыс күні десек, әмбебап әрі бірегей тәжіри­бе ретінде хакімнің толық адам тұжырымын атауға тиіс шығармыз.

Ұлыстың тойы – ырыстың тойы құтты болсын!

Соңғы жаңалықтар

Оралда халықаралық конференция өтті

Университет • Бүгін, 18:01