
Барлық мекеме-ұйымдар мен оқу орындарында ұлттық киім киген жандар өздерінің әріптестеріне барып, бір-бірімен көрісіп, қыстан аман шыққан қуаныштарын бірлесіп атап өтті. Ал қаланың мәдениет үйінде «Теріскей» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетіп, қала жұртшылығына концерт қойды.
Шаңырақ күнін бірнеше өнер ұжымы көптеген алаңда концерттік бағдарламаларымен атап өтті. Соның ішінде Партизан көшесіндегі 12, Ш.Уәлиханов көшесіндегі 32,34,36 көпқабатты үйлердің алдындағы концерттер тұрғындарды қуанышқа бөледі. Мұнда қазақ әндерімен қатар басқа этностардың да өнерлері халыққа паш етілді. Әр этнос өнерпаздары ұлттық киімдерін киіп, ән шырқап, би биледі. Әсіресе Қап тауының өкілдері сатыр-сұтыр еткен билерімен көрермендердің делебесін қоздырды.
Ұлттық киім күні облыстық музейде белгілі этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» көрмесі болды. Кимешек – қазақ жұртшылығы құрметтейтін әйелдердің баскиімі. Ол ананың ардақты есімімен байланысты қасиетті ұғым. Еліміздің аймақтарында кимешектің әр түрі болады, бірақ оның қасиеті мен қадірі барлық өлкеде бірдей. Осы күнді С.Шәймерденов атындағы қазақ классикалық гимназиясының оқушылары да айрықша атап өтті. Бұл ұжым облыстық білім басқармасы бастаған челленджге қатысып, қазақтың рухы мен ділін сипаттайтын ұлттық киімдерімізді жарнамалауға белсене қатысты.
Тимирязев ауданы Степной ауылының тұрғындары Жаңару күнін атап өтті. Облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов ауыл тұрғындарымен бірге осы күнді қарсы алып, мектеп оқушыларының өнерлерін тамашалады. Сонымен қатар ол тасқынға дайындық пен аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді.
Ұлттық спорт күнінің шеңберінде Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында қазақша күрестен жарыс өтті. Қазақ күресінен жаттықтырушы болып жүрген Бейбіт Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, ауданда спорттың осы түрі қарыштап дамып келеді екен. «Біздің шәкіртіміз Әділет Мырзаш Азия кубогінің қола жүлдегері, ал Мұхамет Мұстахым деген шәкіртіміз ел чемпионатының күміс жүлдегері болды», деді ол. Жарысқа 12-13 және 15-16 жастағы жасөспірімдер қатысып, үлкен спорт сарайының ішін қызықты думанға бөледі.
Ынтымақ күні Наурыз мейрамының ресми түрде ашылу салтанаты болды. Күн жарқырап, тұрғындардың бәрін қаланың бас алаңына шақырғандай, жиналған халықтан ине шаншар бос жер жоқ. Бір жақта буы бұрқыраған Наурыз көже, басқа да тамақтар пісіріліп жатыр. Үлкен сахнаны айналдыра биылғы мерейтой иелері Смағұл Сәдуақасұлына, Сәбит Мұқановқа, Ебіней Бөкетовке, т.б. жеке-жеке атаулы киіз үйлер тігіліпті. Оларға кірген адамдар арыстар туралы ақпараттар алады. Мысалы, облыстық С.Мұқанов атындағы кітапхана тіккен Сәбеңнің киіз үйіне Алматыдан жазушының немересі де келген екен. Ал үйдің ішіндегі барлық экспонат пен жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы ақпаратты кітапханашы Қайыржан Қазиқызы кіргендерге айтып беріп тұрды.
Келесі күндері Наурыз мейрамы жалғасын табады. Ол биыл Қызылжарға айрықша жылы күндермен келді.
Петропавл