
Апалы-сіңлілілердің айтуынша, олар басқа адамдармен сөйлескен кезде жиі ыңғайсыз жағдайларға тап болып қалады.
«Такси шақырған кезде негізінен орыс жүргізушілер келеді. Жолақысын төлейтін кезде олар нөмірлерін айтып бастайды, біз не айтып жатқанын түсінбейміз. Өзімізді ыңғайсыз сезініп, телефонымызды береміз, сосын олар нөмірін теріп береді. Сол кезде жүргізушілер: «Сен орыссың ғой, неге түсінбейсің?» дейді. Мен орысша түсінбейтінімді түсіндіруге тырысамын, көбінесе такси жүргізушілері күліп қояды, бірақ біз мұндай сәттерде өзімізді ыңғайсыз сезінеміз», дейді қыздар.
Альбина мен Карнелия Девивые қазіргі таңда орыс тілін үйреніп жүргендерін айтты.
«Қазір ақырындап орыс тілін үйреніп жүрміз. Өте ұзақ айтылатын сөздерді түсінбей қаламыз. «Сендер қалай орысша білмейсіңдер?» деп көп адамдар таң қалып жатады», дейді апалы-сіңлілілер.
Қыздар болашақта қандай мамандық иесі болғылары келетінін де айтып өтті. Альбина қалам тербеген журналист болғысы келсе, Карнелия әлеуметтік қызметкер мамандығы бойынша білім алып жүр.
Айта кетейік, Альбина мен Карнелия Девивые Қарағанды облысындағы Қаракөл ауылынан шыққан. Олардың отбасы тек қазақ тілінде сөйлейді.