Жұмысшы мамандықтар жылы • 27 Наурыз, 2025

Жұмысшы мамандығына жаңа көзқарас

225 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға баса назар аударды. «Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Бұл – барлық өңір басшыларының міндеті», деді Президент. Расымен, ең әуелі қоғамда жұмысшы мамандығына деген көзқарас өзгерсе, жастардың да осы салаға қызығушылығы арта түспек. Әйтпесе колледжде оқып жүріп-ақ, шетелдегі байқауда топ жарып, халықаралық сарапшы атанған студенттеріміз баршылық. Олар оқуды аяқтай сала, жұмысқа орналасып, жоғары жалақы алып жүр. Өйткені бұл мамандықтарға әрдайым сұраныс бар. Сөзіміздің дәлелі – бүгінгі кейіпкерлеріміз.

Жұмысшы мамандығына жаңа көзқарас

«Әлемді наубайшы болып араладым»

 

Еркебұлан Махмұтов,

Наубайхана құзыреттілігі бойынша халықаралық сарапшы:

– Мен Астанадағы Қоғамдық тамақ­тан­дыру және сервис колледжінің түле­гімін. Қазір осы оқу орнында студенттерге нан өнімдерін пісіруді үйретемін. Наубайшылық – біздің отбасымызда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кәсіп. Ағамның Астанада наубайханасы болды. Бала күнімнен сонда көмектесіп, қамыр илеудің, нан пісірудің қыр-сырын үйрене бастадым. Жалпы, бұл салаға анам, ағам, кейін қарындасым да бет бұрды. Ақырында бұл мамандық біздің отбасылық кәсібімізге айналды. Осы салада өзімді жетілдіруге Швейцария, Польша, Италия, Түркия, Ресей және Францияда өткен сайыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болдым. Қазір Данияда өтетін халықаралық байқауға шәкірт даярлап жатырмыз. Сонымен қатар біздің колледжде академиялық мобильділік саясаты тұрақты жүзеге асып келеді. Биыл сәуір айында 50 студент Түркияның Анталия қаласын­дағы Мехмед Зеки Балджы атындағы тамақтандыру және қонақүй бизнесі колледжінде бір семестр бойы білім алады. Олар тәжірибе жинап, халықаралық стандарттарға сай білімін жетілдіреді. Одан бөлек, колледж кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, олардың нақты өндірістік талаптарына сай мамандар даярлайды. Оқу үдерісіне дуалды оқыту жүйесі енгізілген, бұл студенттердің өндіріс орындарында жиі тәжірибеден өтуіне мүмкіндік береді. Жалпы, біздің түлектер оқуды бітіре сала наубайханаларда жұмысқа орналасып, 500 000 теңгеге дейін жалақы алады. Жаңа техно­логияларды меңгерген, кәсіби жарыс­тарға қатысқан түлектер тіпті одан да жоғары жалақыға жұмыс істейді. Бұл – бекер емес. Өйткені тамақ өндірісі – ешқа­шан маңызын жоғалтпайтын сала. Әсіресе наубайшы мамандығы қашанда сұра­нысқа ие. Қазіргі таңда жаңа технологиялар мен еуропалық трендтерді меңгерген мамандарға үлкен сұраныс бар. Сондықтан бұл саланы таңдаған жастарға болашақта көптеген мүмкіндік есігі ашылатыны сөзсіз. Ал мен алдағы уақытта оқушыларымның қабілетін шыңдап, халықаралық деңгейде үздік мамандар даярлауға өз үлесімді қоса беремін.

 

 

«Стипендиям – 80 мың»

 пр

Самат АМАНЖОЛ,

Екібастұз политехникалық колледжі­нің 2-курс студенті:

– Мен колледжге «Жарқын болашақ» бағ­дарламасымен түстім. Бұл жоба Маң­ғыстау облысының оқушыларына арналған. Яғни біз 3 жыл 10 ай оқимыз. Ай сайын 80 000 теңге шәкіртақы аламыз. Жатақхана да тегін. Үш жыл бойғы жол шығынын да жіберуші тарап көтереді. Оқуды аяқтаған соң «Жарқын болашақ» бағдарламасы өздері жұмыспен қам­тамасыз етеді. Өзім болашақ техник-механикпін. Нақтырақ айтсам, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығында білім алып жатырмын. Қазір заманауи көліктердің құрылымы күрделене түскен, оларды сапалы жөндеуге жоғары технологиялармен жұмыс істей алатын кәсіби мамандар қажет. Бұл ма­мандық тек қол еңбегін ғана емес, жаңа техникаларды, диагностикалық құралдарды қолдана білу қабілетін талап етеді. Сондықтан біз теориялық білім­мен қатар, тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге ерекше мән береміз.

Жалпы, мен бұл жобаны достарым­нан естіп білдім. Қазір Екібастұз политех­никалық колледжінде осы бағдарлама­мен 12 студент оқимыз. «Жарқын болашақ» бағдарламасы бізге ағылшын және орыс тіл­дерін тегін меңгеруге, техникалық курс­­тардан өтуге жағдай жасап отыр. Бұл алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі маман болуымызға жол ашады.

Біз тек мамандығымызбен ғана шек­теліп қалмаймыз. Студенттік өмірді барын­ша өнімді өткізуге тырысамыз. Өз ба­сым колледжге түскен күннен бас­тап түрлі іс-шараға белсене қатысып, қоғамдық жұмысқа араласа бастадым. Қайырымдылық акцияларында ерікті ретінде қызмет атқардым, мәдени және спорттық іс-шаралардың бел ортасында жүрдім. Көп ұзамай өзімді жаңа белесте сынап көргім келді. Осылайша, Екібастұз қаласының жастар мәслихатына депутаттыққа өз кандидатурамды ұсынып, сайлауда жеңіске жеттім.

«Жарқын болашақ» – менің болаша­ғымды қалыптастыруға мүмкіндік берген жоба. Сондықтан мен осы бағдарлама арқылы техник-механик мамандығын игеріп, еліміздің техникалық саласының дамуына үлес қосқым келеді.

 

 

«Әулетімізбен теміржолшымыз»

 п

Әдия ЖЕТПІСОВА,

Жоғары көлік және коммуникация коллед­­жінің 2-курс студенті:

– Менің мамандығым – «Теміржол кө­лігінде тасымалдауды ұйымдастыру және басқару». Бұл мамандықты мен саналы түрде таңдадым. Себебі біздің әулеттің тыныс-тіршілігі теміржолмен біте қай­насқан. Анам Әлия Жетпісованың осы салада 16 жылдық еңбек өтілі бар. Ал атам Эльбурс Айтқұлұлы 27 жыл бойы темір­жолда қызмет атқарған. Тепловоздың гудогі, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс. Жалпы, біздің әулеттің теміржолмен байланысы менің арғы аталарымнан бастау алады. Мәселен, Айтқұл Қасымұлы деген атам 17 жыл шойын жолдың бойында еңбек етсе, Игілік Нұртазин бабамыз 43 жыл бойы теміржол саласына үлкен үлес қосқан. Олардан басталған еңбек жолын мен жалғастырып жатырмын. Теміржолшылар әулетінің өкілі ретінде мен де осы саланы таңдадым және бұл шешіміме еш өкінбеймін. Теміржол – ел экономикасының күретамыры, мыңдаған жолаушы мен жүктің қауіпсіз әрі жылдам жеткізілуін қамтамасыз ететін жүйе. Бұл салада жауапкершілік, тәртіп және мүлтіксіз дәлдік бірінші орында тұрады. Мен осы мамандықты игеріп, кәсіби біліктілігімді шыңдап, ел игілігі үшін еңбек еткім келеді.

Біздің оқу орнымыз 1945 жылдың мамыр айында құрылған. Талай темір­жолшы түлеп ұшқан, 80 жылдық ­тарихы бар колледжіміз заманауи құрал-жабдық­тармен, тәжірибелік сабақтарға арналған шеберханалармен толық қамтылған. Теориялық біліммен қатар, өндірістік тәжірибеден өтуге де мүмкіндік бар. Мұның бәрі болашақта еңбек нарығына тез бейімделуімізге септігін тигізеді.

Менің басты мақсатым – әулетіміздің теміржол саласындағы дәстүрін жалғас­тырып қана қоймай, бұл саланың дамуына өз үлесімді қосу. Қазіргі таңда көлік және логистика саласы үздіксіз жаңарып, жаңа технологиялар енгізі­ліп жатыр. Болашақ маман ретінде цифрлық технологияларды, тасымалдау­ды оңтайландыру әдіс­терін меңгеріп, саланың жаңа белестерге көтерілуіне атсалысқым келеді. Теміржол – мен үшін бұл жай ғана маман­дық емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы жол.

 

 

Экономиканың қозғаушы күші

 пр

Санжар Тәтібеков,

«Talap» КеАҚ президенті:

– Қоғамда жұмысшы мамандықтарына қатысты ескірген түсінік әлі де бар. Алайда бүгінгі еңбек нарығы мүлдем басқа талаптар қояды. Жас мамандар жоғары жалақы төлейтін, тұрақты жұмысы бар кәсіпті меңгеруге ұмтылады.

Қазір жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мақсатында нақты қадам­дар жасалып жатыр. Біз техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ко­рпоративтік басқаруды енгізіп, бас­шылардың кадрлық резервін құруды қолға алдық. Одан бөлек, жан басына шақ­қандағы қаржыландырудың сара­ланған моделін енгізу арқылы білім сапасын арттыру көзделіп отыр. Ака­демиялық ұтқырлық бағдарламалары арқы­лы қос дипломды білім беру жүйе­сін де қарқынды дамытып жатырмыз. ТжКБ ұйымдары базасында «шағын кәсіпорындар» мен «Business startup» студенттік орталықтарын құру көздел­ген. Бұл жас мамандарға өз ісін бас­тап, кәсіпкерлік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Жұмысшы мамандықтарының имид­жін көтеруге ақпараттық қолдау­дың да рөлі орасан зор. Өңірлерде еңбек адамын дәріптейтін теле-радио бағдарлама­лар, бейнесюжеттер, мақалалар серия­сы ұйымдастырылып жатыр. Жас жұ­мыс­шылар мен үздік шеберлер туралы деректі фильмдер мен сериалдар түсіріліп, кеңінен насихатталмақ. Сонымен қатар жұмысшы мамандардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді қарастырып отырмыз.

Қазірдің өзінде Президент Жарлығын жүзеге асыру аясында бірнеше ауқым­ды іс-шара атқарылды. Жыл басында елор­дада «Жұмысшы мамандықтары қа­ласы» фестивалі өтті. Жұмысшы ма­ман­­дықтарының жылын өткізу жө­нін­дегі комиссия құрылып, арнайы лого­тип пен брендбук бекітілді. Бола­шаққа бағытталған маңызды жоба – «Жаңа кәсіптер атласы». Бұл бастама елі­міздегі 20 өңірде жүзеге асырылып, еңбек нарығының өзгеруіне сәйкес сұранысқа ие мамандықтарды анықтауға көмектеседі. Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік білімді трансформациялау жөніндегі жол картасы бекітілді. Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан бұл салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Алдағы уақытта осы бағытта жүйелі жұмыс жалғасады.