
2023 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес білім беру ұйымдарын 5 жыл ішінде бітірген әрі 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер жастар практикасына қатыса алады. Салықтар, міндетті зейнетақы жарнасы сынды әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, еңбекақы сомасы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болмақ. Жастар практикасына қатысуға ықылас танытқан түлек өзінің тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтініш жазып, қажетті құжатын өткізсе жеткілікті.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ бағыты саналатын «Жастар практикасы» арқылы былтыр 33,3 мың адам жұмысқа орналасты. Халықты жұмыспен қамтуды нығайту мақсатында қолға алынған игі бастама аясында жұмыс беруші жастарға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін үйрету үшін арнайы тәлімгер де бекітеді.
«Жастар практикасын» қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесе ай сайынғы жалақы төлеу арқылы жүзеге асырады. «Жастар практикасы» бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңге болса, ең жоғары сома Ақтөбе облысында – 120,9 мың теңге.
Былтыр «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші Түркістан облысында жоғары болды – 8,6 мың адам, одан кейін Қызылорда облысы – 3,2 мың, Жамбыл облысы –2,6 мың, Шымкент қаласы 2,4 мың адам.
Бағдарлама арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар мынадай: мейіргер – 2 216, бастауыш сынып мұғалімі – 1 498, заңгер – 1 481, дене шынықтыру мұғалімі – 1 323, фельдшер – 1 277 адам.