Жаздың жайма-шуақ күндерінде Талдықорған қаласында аудандардың мәдени күндері шымылдығын ашты. Дәстүрлі мерекенің тұсаукесерін өткен жылы бас жүлдені иеленген Аспантаулар өлкесінің жұртшылығы – райымбектіктер бастап, шаһар халқы мен қонақтарды өлең мен жырдың ақ бесігінде тербетіп, салт-дәстүрдің мәйегін ұсынумен ерекшеленді.
Шара қаладағы “Үш бәйтерек” және “Даңқ” ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталып, аудан азаматтары С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада оқырмандармен жүздесіп, Мұқағали, Бердібек, Сағат, Еркін, Баққожа, тағы басқа таланттарының өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен әңгімеледі.
“Ата салтым – қазынам” бағдарламасымен қаз-қатар тігілген үйлердегі ұлттық қолөнер, дәстүр жалғастығы өрнектелсе, “Хан Тәңірі” әуендері қала халқының көңілінен шықты. Сондай-ақ, қуанса бала қуансын демекші, облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығындағы бүлдіршіндерге аудан жұртшылығы атынан сыйлық тапсырылып, мұнда да сәбилер назарына әуезді ән ұсынылды. Жастардың сауық кеші мазмұнды болып, ауыл мен қалалықтар бір-бірімен жақындасты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
БІЛІМ МЕН ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ
Облыстық мәдениет орталығында “Кәсіптік білім және бизнес: серіктестер сұхбаты” деген тақырыпта аймақтық форум өтті. Оны ұйымдастырушылар облыстық білім басқармасы, “Ақтөбе облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері одағы” біріккен қоғамы және Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. Аймақтық форумға Ақтөбенің жоғары оқу орындары мен колледждерінің, Ресей және Чехия жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Форумның мақсаты – Қазақстанның 2008-2012 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыруға ынталы тараптарды тарту, оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру және кадрларды даярлаудың деңгейін көтеру мәселелерін шешуде жұмыс берушілер мен білім беру мекемелерінің ынтымақтастығына қол жеткізу.
Осы шараның аясында өткізілген “Білім. Жұмыс. Мансап-2010” атты көрмеде шетелде білім алу жайында кеңес берілді, облыстың іргелі кәсіпорындарының қатысуымен жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Үздік ұстаздар он екі номинация бойынша марапатталды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.