Қоғам • 28 Наурыз, 2025

Ел болатын жиен

107 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығының байырғы тұрғыны Надежда Грошикова қазақтың тілін оқып үйреніп, салт-дәстүрін меңгеріп ­жатыр.

Ел болатын жиен

Қазақ тілінің әуезділігі, жанға жақын жа­тық­ты­ғы көңілін бау­рап алған Надежда «Аmanat» партиясы облыстық филиалының жанынан «Менің елім – менің тілім» жобасының шеңберінде ұйымдастырылған «Сөйле» клубына барады. Аз уақыттың ішінде тіл сындырып, сөздік қоры байып қалды. Қазір емін-еркін тілдеседі.

– Күрделі көркем шығар­ма­ларды жан-жақты талдай алмайтын шығармын, әйтсе де үй ішінде, тұрмысқа қажетті сөздерді меңгердім. Менің түсінгенім, тіл үйрену үшін орта керек екен. Сөздік қорымды байыту үшін жұмыста әріптестеріммен қазақ тілінде сөйлесуге тырысып жүрмін. Олар талпынысымды қуана құптайды. Білмеген жерімді айтып үйретіп отырады, – дейді Надежда Владимировна.

Кейіпкеріміздің айтуына қара­ғанда, мемлекеттік тілді меңгеруге ертеден құмар екен, себебін де жасырған жоқ. Осы жерде туып-өсіп, дәм-тұзын татқаннан кейін ел мен жерді құрметтеуі керек. Көкірегіндегі құлшынысқа клуб жұмысы дөп келген. Әуелі «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанындағы «Мәміле» клубына барып тіл сындырған. Кейін «Сөйле» клубының белсенді мүшесіне айналған. Тіл үйрену барысында неше түрлі қызыққа тап келген.

– Жанымдағы өзге ұлт өкіл­деріне тіл үйренуге тырысу керектігін үнемі айтып отырамын. Қазақтың салт-дәстүрі де сон­шалықты көркем әрі маз­мұнды. Көгілдір көктеммен бірге адамдардың жандүниесін жылы­лыққа толтырып, шуақ шаша келетін Наурыз мейрамы қандай! Сан ғасыр бойы жалғасып келе жат­қан, өмірдің өз елегінен өткен ха­лықтық әдет-ғұрып жас ұр­пақты, жаңа ұрпақты тәрбиелейтін мықты құрал. Егер қазақ тілін жете меңгермесем, әдет-ғұрыптың астарындағы терең ойды түйсіне алмас едім, – дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуына қара­ған­да, «Сөйле» клубы келу­ші­лердің ыңғайына қарай ұйым­дас­ты­рылған. Жалғыз ыңғай ғана емес мақсат-мүдде топтастырып отыр. Бұл жерде талап қылған әр адам тілді оңай үйрене алады. Тіл білген адам қашанда құрметке лайықты. Тіл үйренушілер бір-бірімен еркін сұхбат құрып жатса, тіпті жақсы. Осы әдіс – оң жамбасқа ке­летін дүние. Әуелі күрделі тақы­­­рып­тарды қамтымай, жеңіл, ұғымға оңай тақырып төңірегінде пікірталас ұйымдастырса, тіпті жақсы. Осындай кезде айтылған сөздер адам жадында жақсы сақталады екен.

– Бірде тақырып әйелдердің дүкен аралауы туралы болды. Кәдімгі күнделікті көрініс. Көкірегіңде бәрі сайрап тұр, тек соны қазақ тілінде жеткізе білуің керек. Осындай еркіндік тіл сындыруға өте ыңғайлы. Біздің арамызда қазақ тілін жете меңгергендер аз емес. Мысалы, Алена Малькова-Солопова жастарға қазақ тілін үйретіп жүр. Ол өзі Ш.Уәлиханов атындағы Көк­ше­тау университетінің жара­ты­­лыстану ғылымдары факуль­тетін бітіргеннен кейін филоло­гия факультетіне қайтадан құжат тапсырған. Сөйтіп, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы болып шыққан, – дейді Надежда Владимировна.

Тіл туралы тәп-тәуір тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміздің айтар ұсынысы бар. Оның ойынша, балалар бақшаларындағы тәлім-тәрбие тек мемлекеттік тілде берілуі керек. Ал қандай мектепке баратынын ата-анасы шешеді. Осы қадам барлық баланың кішкентай кезінде тіл үйренуіне түрткі болар еді дейді.

Қазақ тіліне соншалықты құмар болуының себебін соңында естідік. Сөйтсек, нағашы атасы қазақ болып шықты. Павлодар облысының тұрғыны Қайыргелді Әжібеков. Әлдебір себептермен ағайын-туыстан қол үзіп қалған. Ағайынмен бірге тілден де, салт-дәстүрден де. Енді міне, жаны жайсаң жиендерінің арқасында өшкені жанып, жоғалғаны табылып жатыр. Жиеннің жан жадыратар жақсы ісіне біз де қуанып қалдық.

 

Көкшетау