
5 банктің берешегі – 1,5 трлн теңге
28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге бұрын тиісті деңгейде тәуір көмек бөлінгенін, қазір қарыздарды қайтару қажеттігін еске салды.
«2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын.
Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас», деді Президент.
7 наурызда Ұлттық банк банктерді мемлекеттік көмекті қайтаруға «ынталандыратынын» мәлімдеді. Ұлттық банк тарапынан ынталандырудың қандай бағытта жүргізілетіні де белгілі болды.
Қазір 5 отандық банктің мемлекет алдындағы берешегі – 1,5 трлн теңге. Қаржы институттарының біразы қарызын бірден жауып тастаса, енді бірі бөліп-бөліп өтеп жатыр.
Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) сарапшыларының айтуынша, Ұлттық банктен көмекке ие болатын банк басқармаларының мүшелері бонустық төлемдер мен дивидендтер ала алмайды. Компанияларға және банкпен байланысты тұлғаларға кредит пен басқа да төлемдер беруге тыйым салынған. Банктер соңғы сатыдағы қарызды пайдаланғанша операциялық шығыстарды ұлғайтуға болмайды.
Сондай-ақ мынадай жаңалықтар енгізіледі:
- Активтердің сапасын қайта қарау – AQR талдауы (активтердің сапасын бағалау) енді проблемалық активтердің нақты құнын айқындау үшін пайдаланылады.
- Қамтамасыз етудің кең тізбесі – банктер қарыздарды алу кезінде кепілге активтерді көбірек ұсына алады.
- Жеңілдетілген құжат айналымы – қарыз алуға өтінім беру үшін қажетті құжаттар саны қысқартылып, онлайн режімде беру мүмкіндігі пайда болды. Әзірге қандай банктер осы шектеулерге ұшырайды деген ең майлы сұрақтың жауабын екі институт та құпия ұстап отыр.
Шешім кімге тиімді?
Сарапшылар бұл шешімдердің стратегиялық тереңдігіне енді назар аударып жатыр. Қаржы реттеушілері бұл шешімге кезең-кезеңімен дайындықпен келді. 2023 жылдың алғашқы айында банктер үшін дивидендтер төлеуді шектейтін норма күшіне енді.
Ақпан айында ҚНРДА алғаш рет дивидендтерді төлеу кезінде қанша банк шектеулерге ұшырайтынын ашық айтқан. Сол кезде агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов 7 банктің балансында жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесі бойынша берілген реттелген облигацияларда, сондай-ақ бұрын сауықтыру шеңберінде берілген депозиттер мен салымдар түрінде көрсетілген мемлекеттік қолдау құралдары бар екенін ескерткен. Оның айтуынша, бұл 7 банк нормативтік-құқықтық акт күшіне енгеннен кейін дивидендтер төлеуге реттеушінің келісімін алуы тиіс.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Оның алдында, 2023 жылдың басында ҚНРДА қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Ұлттық қордың, Ұлттық банктің және оның «еншілестерінің» қаражаты пайдаланылатын банктерге дивидендтер төлеу және buyback өткізу үшін жаңа тетік енгізетін қаулы жобасын жариялады.
Жобаны жария талқылау барысында нарық қатысушыларының баламалы пікірі де жарияланды. Олар банктер пайданы тек екі шарттың бірі сақталған жағдайда ғана бөле алады деген ұстанымды ұстанады:
- Егер банк мемлекет қаражатын толығымен қайтарса;
- Егер алынған мемлекеттік қарыздар нарықтық деңгейге келтірілсе.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешімдер арқылы ҚНРДА мен Ұлттық банк «бір оқпен екі қоян атып алды». Екеуінің екінші деңгейлі банктермен арадағы ойын ережесі айқын емес деп ешкім өкпелей алмайды.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, банктер Үкіметтің «аузына қарайтын» кезден өтті. Олардың басым көпшілігі Үкіметтің қаржысына тәуелді болмайтынына бек сенімді. «Бұл шешім банк пен Үкімет арасындағы қарыз мәселесін заң жолымен шешеді» дейді Айбар Олжаев.
Дивиденд төлеуді шектеу – дұрыс шешім
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, әлемдік тәжірибеде дивидендтерді төлеуді шектеу – жағымсыз құбылыс, ал біздің жағдайда бұл – дұрыс шешім.
«Бірақ бұл шешімді ақтап алатын фактор да жетеді. Себебі банктердің ұстанымы нарық заңынан алшақ болды. Олар күні бүгінге дейін жайлы аймақта өмір сүрді. Бастарына күн туғанда тығырықтан шығуға талпынбады. Бұл шешім арқылы нарықтың беталысына барлау жасалып отыр. Келесі шешімде өтеу кестесі туралы мәселе нақтылануы тиіс. Мемлекеттік қолдау әртүрлі болады: Акцияларға айырбас ретінде капиталдандыру немесе мемлекет банк облигацияларын сатып алады. Ең бастысы – Ұлттық банк осы шешімі арқылы банк жүйесінде қателіктер жіберіп алғанын мойындап отыр. Әлемдік қаржы жүйесіндегі жағдай аса мәз емес. Сондықтан осы турбулентті сәттерде банктерді аман алып қалу біз үшін дұрыс шешім.
Біз бірінші кезекте банк салымшыларының тәуекелдерін ескеруіміз керек. Әлемдік тәжірибеде мемлекет алдында қарызы бар банктердің акционерлері мен құрылтайшыларына дивиденд берілмейтіні бұрыннан белгілі еді. Бірақ мемлекеттік саясат екінші деңгейлі банктерге барынша жұмсақтық танытты. Мемлекет алдында өтелмеген қарызы болса да дивиденд беруді шектемеді. Енді бұл шешім банк құрылтайшыларының жауапкершілігін арттырады деп ойлаймын. Алдағы уақытта «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» тәрізді банк акционерлерінің дивидендіне кепілдік беру қоры тәрізді кепілдік қоры ашылып жатса таңғалуға болмайды», дейді Р.Рысмамбетов.
Сарапшының айтуынша, бұл шешімнің «экономикаға әсері болады» немесе «банктер өтелмеген дивидендтерді экономикаға салады» деп үміттеніп қалуға болмайды. Бұл шешім дағдарыс кезінде банктер мемлекетке қол созбасын деген үмітпен қабылданып отыр.
Банктер қарызды қайтаруы тиіс
Сарапшылар да, Ұлттық банк пен агенттік те дивидендтер төлеуге тыйым салу қажеттігін көптен бері айтып келеді. Қос бірдей институттың осы шешімді қабылдауына бақандай бір жарым жыл кетті.
«Мемлекеттік аппараттың қандай жағдайда шешім қабылдайтынын біз білмейміз. Темір есіктердің ар жағында қабылданған шешімдер акционерлердің сүзгісінен өтіп барып халыққа жетеді. Ұлттық банк пен агенттік қай банкте қандай қаржы бар екенін, олардың төлеу мерзімінің қашан бітетінін де біледі. Олардың басым көпшілігі алған қарыздарын мерзімінен бұрын қайтаруды жоспарлап отырған жоқ. Сарапшылардың болжамынша, Үкімет оларға мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қайтарасың деп шарт қойып, тым қатты кетуі мүмкін екенін айтқан болатын. «Jusan Bank» балансындағы 859 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдау қаражатын 2045 жылға дейін пайдалануға құқылы. Ал «Нұрбанк» 30 млрд теңге қарызды толық өтеу мерзімі аяқталғанда ғана қайтаруды жоспарлап отыр. Әрбір банктің арғы жағында құрылтайшылары отыр. Олар 2045 жылға дейін дивиденд алмауға дайын емес. Демек, алдағы күндерде мойнында қарызы бар банктер «қарызды қайтарамыз» деп кезекке тұрмаса да, қарызды өтей бастағанына куә боламыз», дейді Расул Рысмамбетов.
Жоғарыда аталған «Jusan Bank» пен «Нұрбанк»-тен бөлек, «Bank RBK», «Еуразиялық банк» және «Центр КредитБанкі» мемлекет алдында борышты.
АЛМАТЫ