
– Құрметті Кая Каллас ханым, кейінгі жылдары әлемдік саясатта Орталық Азиямен әріптестік мәселесі өзекті бола түскенін байқаймыз. Өткен жылдың өзінде «Орталық Азия +» форматымен АҚШ, Қытай, Ресей елдері, Еуроодақ түрлі басқосу өткізді. Осы орайда бұл аймақпен байланысты тереңдетуге ұмтылыстың себебі неде деп ойлайсыз? Мәселен, Еуроодақтың мүддесі туралы айтсаңыз.
– Бүгінгі таңда Орталық Азия ресурстары мен аймақтағы тұрақтылық тұрғысында географиялық орнымен ғана емес, инвестициялық әлеуетімен де үлкен маңызға ие. Сондықтан Еуропалық Одақ – Орталық Азия елдерінің дамуына қолдау көрсетуде алғашқы орында. Біз Транскаспий көлік дәлізін қолдаудан бастап, аймақтағы цифрлық дамуға инвестиция салуға дейінгі мәселелерді қамтитын, екі тараптың да мүддесінен шығатын мол мүмкіндікті көріп отырмыз. Мәселен, биыл «Global Gateway» стратегиясының арқасында Қазақстанның 300-ден астам ауылы мен мыңнан астам мектеп интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл – ЕО-ның келер ұрпаққа салған инвестициясы.
– Еуроодақ – Орталық Азия көшбасшыларының алғашқы кездесуі 2022 жылы Астанада бастау алып, кейіннен 2023 жылы Чолпон-Атада (Қырғызстан) өтті. Осы орайда сәуір айында Ташкентте жоспарланған ресми ЕО – Орталық Азия саммитінің негізгі нәтижелері қандай болады деп ойлайсыз?
– Самарқанд саммиті – жоғары лауазымды тұлғалардың бас қосуы ғана емес, бұл – бірлесе отырып, қазіргіден де қарқынды іс-қимылға кірісуге деген саяси жігердің жоғары көрсеткіші. Бірлесе атқаратын жұмыс жеткілікті. Ол терроризмге қарсы күрестен бастап, аймақтарымыз арасындағы өзара байланысты жақсартуға, соның ішінде еларалық қатынасты нығайту және Орталық Азия аймағын Еуропаның туристік бағыты ретінде ілгерілетуге дейінгі мәселелерді қамтиды. Сондықтан реадмиссия келісімімен қатар виза беру үдерісін жеңілдетуге қатысты келіссөздерді мүмкіндігінше тезірек бастау маңызды.
– Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жасасқан алғашқы ел. Осы келісім нақты қай салаларда қарым-қатынасты күшейте түсті деп ойлайсыз?
– Бұл Орталық Азия аймағындағы серіктес елмен жасасқан алғашқы бірегей келісім болды. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Бүгінде Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен үштен бір бөлігі (28%) ЕО үлесіне тиесілі. Логистикалық аспектілерді ескеретін болсақ, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар бұл келісім әртүрлі мәселелер бойынша неғұрлым жүйелі әрі терең диалогтің негізін қалайды. Мысалы, қазір біз Еуропа және Қазақстан өндірушілерінің мүддесін көздейтін бастаманы – ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдері бойынша географиялық көрсеткіштерді (ГК) қорғау жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз.
– Былтыр шілдеде ЕО бастамасымен Астанада Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі үйлестіру платформасы құрылды. Қазір нақты қандай инфрақұрылымдық жобалар пысықталып жатыр?
– Ресейдің Украинамен қақтығысы басталғаннан кейін біз Ресей аумағынан өтпей, Еуропа мен Азияны байланыстыратын балама, сенімді әрі тиімді сауда және көлік жолдарын іздестіруге мәжбүр болдық. ЕО шамамен 90 млн еуро көлемінде қолдау көрсетіп отырған Транскаспий көлік дәлізі осы мақсатта ғана емес, Орталық Азияда аймақтық өзара байланысты қамтамасыз ету мақсатында да өте маңызды. Өткен жылы ЕО Ақтау, Түрікменбашы порттарын жаңғырту жобалары сияқты аймақтың көлік саласындағы бірінші кезекті жобаның орындалу барысын талқылау үшін үкіметтер, донорлар мен даму банктерінің өкілдерін біріктіретін арнайы платформаны іске қосты.
– Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен ынтымақтастықты нығайту қадамында Қазақстанның рөлі қандай?
– Аймақтағы даму үдерісі он жыл бұрынғымен салыстырғанда мүлдем басқаша. Өзгерген. Бұл – оң өзгеріс. Қазақстан – осы үдерістің негізгі қозғаушы күші саналады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша Өңірлік орталығын құру туралы шешімін құптап, қолдаймыз. Бұл Қазақстанның аймақтағы оң имиджі мен рөлін тағы бір мәрте растайды. Бірауыздан дауыс беру БҰҰ мүшелерінің де Қазақстанның игі рөлін мойындайтынын көрсетті.
– Елімізге сапарыңыз аясында қандай мәселелер қарастырылмақ?
– Саудадан бастап көлік пен өзара байланыс, цифрландыру, су ресурстарын басқару және қауіпсіздікке дейінгі мәселелер қамтылады. Қазіргі геосаяси контексте алдымызда тұрған сын-қатерлерді және көпжақты халықаралық тәртіпке төніп тұрған қауіпті, соның ішінде ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке тікелей әрі айқын қауіп төндіретін мәселелерді талқылауды жоспарлап отырмыз.
– Еуроодақ Қазақстан азаматтарының шенген визасын алу үдерісін жеңілдетуді жоспарлаған еді. Осы бағыттағы іс-қимыл қандай деңгейде?
– Біз Қазақстан азаматтарының Еуропаға баруға немесе Еуропада бизнеспен айналысуға қызығушылығы зор екенін білеміз. Барлық 27 мүше мемлекет Еуропалық Комиссияның реадмиссия келісімімен қатар виза беру үдерісін жеңілдетуге қатысты Қазақстанмен келісімге келуді көздеген келіссөздерді бастауы керек деген идеяны қолдады. Жақын арада келіссөздерді бастаймыз деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»