11 Ақпан, 2015

Ақбалық

790 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ACD_5272 Аралдағы қаяз, сазан еттерінен жасалатын тамақ өнімдері таяу шетелдерге шығарыла бастады Сары даланы кесіп аққан Сырдарияның арнасы толып жатса да Аралды суға толтыра алмады. Теңіздің табаны тартылып, арса-арсасы шықты. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасын бастады. Аталған жобаның бірінші кезеңі сәтті жүзеге асып, Кіші Арал теңізі, көптеген су айдындары, көлдер қалпына келді. Теңізге су жетті дегеніңіз, тіршіліктің тынысы ашылды деген сөз. Әсіресе, балықшылар атакәсібіне қайта оралды. Соңғы үш жылда өңір бойынша балық аулау көлемі 40 пайызға өскен. Соның ішінде Кіші Арал теңізінен ауланатын балық көлемі 33,6 пайызға ұл­ғайып отыр. Айта кетейік, Қызыл­орда облысында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен жергі­лікті маңызды 179 көл бар. Ал осы Кіші Арал теңізінің 18 учас­кесі мен 149 көлі табиғат пайда­ланушыларға ұзақ мерзімді пай­далануға берілген. Балық аулау өскеннен кейін, оны өң­деу саласы да қарқынды дамып келеді. Мәселен, Арал, Қазалы аудандарында жылдық қуат­тылығы 11 мың тоннадан астам 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Шығарып жатқан негізгі өнімдер балық филесі, ысталған, мұздатылған, қатырылған балық, балық ұны екенін айту керек. 2013 жылдың соңында бұ­рынғы «Атамекенбалықөңдеу» зауыты жергілікті кәсіпкерге жалға беріліп, «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС болып қайта құ­рылды. Кәсіпорын әкімшілігі халықаралық сапа стандарты мен еурокод алу бағытында шаралар жүргізуде. Олар өңдеген балық өнімдерін негізінен Алматы, Ақ­төбе, Атырау облыстары мен Ресей, Грузия секілді мемлекеттер тұтынады. Сонымен қатар, өнімді Австрия, Германия, Польша нарығына шығару жоспарланып отыр. Теңіз аттас аудандағы тағы бір ірі балық өңдеу кәсіпорны – «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС. Зауытта тұрақты 80 адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері 400 тоннаның үстінде балық қабылданып, өңделген. Соңғы жылдары балық өнімдерінің экспорт көлемі артып келеді. Мысалы, 2014 жылы құны 3,1 миллион АҚШ доллары болатын 500 тоннадан астам балық өнімдері Грузия, Дания, Польша, Австрия, Германия елдеріне экспортталды. 2006 жылдан бастап, еліміздің «Қызыл кітабына» енген «Арал қаяз» балығының генофондын сақтау жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба басталғалы бері 45-50 мың дана қаяз балығының шабақтары күріштік алқаптардан жиналып, уақытша тоғанда өсіріліп, Кіші Арал теңізіне жіберілуде. Қаяз балығының аналық тобының қалыптасып, уылдырық шашу жасы 10-11 жыл екендігін ескерсек, алдағы 5-6 жылда қаяздың аналық тобы қалыптасып, табиғи өсу деңгейіне жететін болады. Балық өнімінің көлемін арт­тырудың бірден-бір жолы тауарлы балық шаруашылықтарын ұйымдастыру. Тауарлы балық шаруа­шылықтарын дамыту облыста өткен жылдан бастап қолға алына бастады. Соңғы 2 жыл­да 9 шаруашылыққа осындай мәр­тебе берілді. Алдағы үш жыл­дың көлемінде мұндай шаруа­шылықтың санын 20-ға жеткі­зу жоспары бар. Осы арқылы ауыл­дық жерлерде қосымша жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасалады. Балық шаруашылығын өр­кен­детуде өңір басшылығы үлкен бас­тамаларды қолға алды. Айталық, облыс әкімдігі өңірдегі балық ша­руашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған «Жол кар­тасын» бекітті. Аталмыш құжат­тың негізінде қыруар жұмыс жасалмақ ниетте. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.