
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Кездесу барысында Андрей Крюков өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Оның орнына федерация президенттігіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың кандидатурасы ұсынылған. Жиынға қатысушылар, оның ішінде облыстық федерация басшылары мен спорт қауымдастығы өкілдері бірауыздан бұл ұсынысты қолдаған.
Министр Ербол Мырзабосынов 2019 жылдан бері федерацияны басқарған Андрей Крюковке атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, Нұрлан Жақыповқа жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
«Туризм және спорт министрлігі атынан Андрей Крюковке елдегі су спорты түрлерінің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығымды білдіремін. Су спорты – Қазақстандағы ең танымал спорт түрлерінің бірі. Бүгінде 120 мыңнан астам адам осы спорт түрімен айналысады. Ұлттық құраманың халықаралық аренадағы жетістіктері осы спорттың ел ішінде кеңінен танымал болуына ықпал етті. Дмитрий Баландиннің 2016 жылғы Рио Олимпиадасындағы тарихи жеңісі және былтырғы әлем чемпионатында көркем жүзуден Эдуард Ким мен Наргиза Болатованың жеңісі – су спортының еліміздегі әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеді. Федерацияның жаңа басшылығы бұл жетістіктерді одан әрі нығайтып, жаңа белестерге жетеді деп сенемін», деді министр.
Жиын соңында Ербол Мырзабосынов Нұрлан Жақыповқа еліміздегі су спорты түрлерінің халықаралық ынтымақтастығын арттыруға, спортшылардың дайындық деңгейін жақсартуға және спорттық резервті даярлауға ерекше көңіл бөлетініне сенім білдірді.