11 Ақпан, 2015

Бірлескен кәсіпорындар: бүгін және ертең

573 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
интеграцияРесейдің Қазақстанмен ше­каралас жатқан Омбы облысы Қа­зақ­станның Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыс­тарымен шектеседі. Облыста 79 мыңнан астам жер­гілікті қазақтар тұрады. Бұл Омбы аумағында тұратын халықтың 4,1 пайызын құрайды. Көпшілікпен бірге олар да ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып жүр. Бүгінде Қазақстан мен Омбы облысы арасындағы эко­но­микалық қатынастар ор­нықты дамып келеді. Оны эко­но­миканың әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардан көруге болады. Облыс эконо­ми­касына тартылған шетелдік инвестицияның көлемі жағы­нан қазақстандық инвес­тор­лар бірінші орында тұр. Қа­зақ­стандықтар, әсіресе, химия өн­дірісін, қайта өңдеу өнер­кә­сібін, көлік құралдарына қыз­­мет көрсету және көтерме сауда салаларын көптеп қаржы­ландыруда. Жалпы, 2013 жылы Омбы облысының Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 405 498,3 мың АҚШ долларын құрады. 2014 жыл статистикасы наурыз айында белгілі болатындығына қарамастан, оған байланысты көрсеткіштер де артық болмаса кем емес сияқты. Қазіргі кезде облыста 150-ден астам ресейлік-қазақстандық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында Омбы облысының үкіметі Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан об­лыстарымен экономикалық, ғылыми-техникалық және мәде­ни ынтымақтастық туралы ке­лі­сімдер жасады. Омбы об­лы­­сы­ның губернаторы жыл сайын Қазақстанмен шекара­лас облыстардың әкім­дері­мен кездесулер өткізіп, түр­лі сала­лардағы қарым-қаты­нас­тарды дамыту мәселелеріне назар аударып отырады. Жыл сайын мемлекет басшы­ларының қатысуымен Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетіні белгілі. Бұл форум екі елдің ше­каралас жатқан облыстарының бір-бірімен тиімді қатынастар орнатуына игі ықпалын тигізуде. Көршілерді жақындастыратын мұндай жиындардан омбылықтар ешқашан сырт қалған емес. Омбының іскер топ өкілдері қазақстандық әріптестерімен тығыз ынтымақтастық орнат­қан. Мысалы, өткен жыл­дың соңында омбылық деле­га­ция Қазақстанның мем­ле­кет­тік органдары, ұлттық ком­па­­ниялары, сондай-ақ, алыс-жа­қын шетел кәсіпорындары өкіл­дерімен бірге «Ертіс-Ин­вест-2014» форумына қатысты. Екіжақты ынтымақтастықта Омбы – Павлодар логистикалық торабын құру жобасы басым­дыққа ие болып отыр. Өйткені, бұл жобаға Павлодар облысы мен Омбы облысы аралығындағы теміржол телімінің құрылысы ғана емес, сонымен қатар, Павлодар облысы мен Қытай арасындағы су көлігі қатынасы да кіреді. Бүгінде Ертіс өзенімен кеме қатынасын кеңейту мәсе­лесіне екі ел үкіметтері қолдау көрсетіп отыр. Омбы облысының жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру мекемелерінде оқитын қа­зақ­стандық студенттердің саны үш мыңнан асады. Кәсіптік білім беру мекемелерінің күндізгі бөлімінде білім алатын студенттер федералды бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ, оларға шәкіртақы беріледі және қазақстандық студенттер жатақханамен қам­тамасыз етілген. Қазақ­стан­дық қыз-жігіттердің көп­шілігі Ф.М.Достоевский атын­­дағы Омбы мемлекеттік университетінде, Омбы мем­лекеттік педагогикалық уни­верситетінде және П.А.Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетінде білім алады. Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бір бағыты – қазақстандық ұс­таздардың, жас ғалымдар мен студенттердің Омбы облысында өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысуы болып табылады. Ынтымақтастық мәдени салада да ойдағыдай дамып келеді. Мәселен, өткен жылы Омбы қаласындағы Шоқан Уәлиханов көшесі толықтай қайта жөндеуден өткізілді, ком­муникациялары жаңартылды және көше бойы түгел көгал­дандырылды. Ұлы ғалым, атақты саяхатшы атындағы бұл жер бүгінде қаладағы ең көрікті мүйістердің біріне айналып отыр. Омбы қаласының тұрғындары сөз етіп отырған көше бойынан демалушыларды, Қазақстаннан келген қонақтарды жиі кез­дестіретіндіктерін айтады. Оның үстіне Қазақстанның Ресейдегі консулдығының ғимараты да осында орналасқан. Әрі мұ­н­да Шоқан Уәлихановтың ес­керткіші бар. Омбылықтар ағартушы ғалымды ерекше құр­меттейді. Өйткені, олар Шоқан Шыңғысұлының Омбы қаласының даңқына өзіндік зор үлес қосқанын жақсы біледі. Омбы облысы Ресейдегі көп­ұлтты өңірлердің бірі болып саналады. Бұл өңір Ресей Феде­ра­циясында ұлтаралық қаты­настарды дамыту жөніндегі субъектілердің бестігіне кіреді. Облыста 120-дан астам ұлт тұра­ды, өңір халықтар достығы ретінде өзге аймақтарға үлгі болып табылады. Қазір 60-тан астам ұлттық-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдени құндылықтарын жаңғыртумен қатар, халықтар достығын нығайтуға да өз үлестерін қо­сып келеді. Солардың бірі әрі бірегейі – «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы мен «Шоқан жолы» мәдени қоғамдық ұйымы. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Ресей Федерациясы, Омбы облысы.