
Ебіней Бөкетовтің ел ғылымына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол 9 монография, жалпы саны 242 ғылыми еңбек жазып, жүзден артық ғылыми жаңалығына авторлық құқық алған. Ашқан жаңалықтары АҚШ, Франция, Канада, Англия, Аустралия, Германия, Жапония сияқты дамыған елдерде патент арқылы қолданылады. Бәрі де өндіріске енгізіліп, табыс әкелген. Е.Бөкетов 24 ғылым докторын, 61 ғылым кандидатын даярлаған. «Атан қомында туған адам», «Алты хат», «Шоқанның шұғылалы істері», «Жас Қаныш», У.Шекспирден аударған «Макбет», «Юлий Цезарь» пьесалары, В.Маяковскийден аударған «Қандала» өлеңдері және т.б. аудармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ғалымның 6 томдық толық шығармалар жинағын басып шығарды.
Қазіргі Шал ақын ауданындағы Бағанаты ауылында дүниеге келген ғалымның ұжымдастыру жылдарында аталары қуғынға ұшырап, Ресейдің Мокроусов ауданына көшуге мәжбүр болады. Ебіней сол жақта орыс мектебінің есігін ашып, артынан елге келгенде аудандағы жалғыз Марьев орта мектебін орысша оқып, бітіреді.
1950 жылы ол Алматыдағы Қазақтың тау-кен институтын тәмамдайды. Аспирантураға қалдырылады. 1954 жылы молибден алу мен оның химиялық құрамына сарап жасау проблемалары жөнінде кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1960 жылы жас ғалымды Ғылым академиясы Химия-технология институтының Қарағандыда ашылған филиалына директор етіп жібереді. 1967 жылы ғылым докторы атанады. 1969 жылы Балқаш тау-кен комбинатында оттегін қолдану арқылы мыс концентраттарын өңдеудің технологиялық кешенін табу мен енгізу әдістерін табуға қатысқаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алады. 1972 жылы Қарағандыда ашылған университеттің ректоры қызметіне тағайындалады.
ҚарМУ-ды құрып, оны еліміздегі ҚазМУ-ден кейінгі беделді ЖОО-ға айналдыру жолындағы оның еңбегі өте зор. Ол туралы көптеген еңбек жазылды, жүздеген әріптестері мен шәкірттері емірене еске алады. Ғалымның орасан зор еңбегін, шарықтап бара жатқан беделін көре алмаушылар да табылған. Солардың ұйымдастыруымен 1979 жылы «Ленинская смена» газетіне сын мақала жазылып, ондағы болмашы фактілерге бола бірнеше комиссия келіп, университет тексерістен көз ашқызбайды. Бұған шыдамаған ғалым 1980 жылы өзі арыз беріп, қызметтен кетеді. Атағы бүкіл одаққа мәшһүр болған академикке ешқайдан жұмыс бергізбей, өзі директоры болған химия-технологиялық ҒЗИ-ге зертхана меңгерушісі болып қана орналасады. Осындай ауыр соққылар оның өмірін 58 жасында қиып кеткен.
Ебінейдің шын есімі Ибн-Ғабиден екен, әжесі «Ғабиденді» ұмытып, «Ебенжан, Ебнейжан» аталуымен Евней болып кеткен. Артында екі қызы мен бауырына басқан екі ұлы қалған.
Ғалымның көзін көрген, Қарағанды облыстық газетінде бөлім меңгерушісі болып істеп жүргенде оның кейбір мақалаларын қорытқан журналист, профессор Зарқын Тайшыбай көп әңгіме айтты. Соның ішінде ол орыстілді құжат толтырушылар «Букетов» деп толтырған тегін өзі «Бөкетов» деп көрсеткенін еске алды. Газетке жақсы мақала шықса хабарласып, пікірін айтып отырады екен. Зәкеңнің «Жұлынқұрт» деген бір сын мақаласын қатты ұнатып, ризашылығын білдіріпті. «Университеттің ғылыми деңгейін көтеруде үнемі ізденісте жүруші еді. Бірде Эстонияның Тарту университетімен байланыс жасап, үздік оқитын бірнеше студентті сонда жібергенін білемін. Ғылым және әдебиет өкілдерімен жақсы араласты. Ақселеу Сейдімбекпен дос болды. Олардың еңбектеріне де өз тарапынан үн қосып отыратын», деді ол.
Е.Бөкетовтің әдеби мұрасы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған СҚУ доценті Данагүл Қуандықова ғалымның бірнеше еңбегіне шолу жасады. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Бимақанова Ебіней Бөкетовке Солтүстік Қазақстан университетінде алғаш рет музей ашылуының тарихын айтып берді. Солтүстік Қазақстан облысы архивінің директоры Сәуле Мәлікова ғалымның шоқантану бойынша жүргізген зерттеулері туралы баяндады.
Ебіней Бөкетов туған Бағанаты ауылында бірнеше жыл мектеп директоры болған, қарт ұстаз Ғабит Қоңырбаев тұлғаның туған жерге келуінен, жерлестерімен араласудағы қарапайымдылығы мен қайырымдылығы туралы қызықты әңгімелер айтты.
Петропавл