
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жиналыстан кейін аупартком хатшысы шақырып ап: «Ыбеке, орденді таққан күйі жұмысқа барып, бір күн награданы тағып жүріп, кетпен шабыңыз», деді көзін алмай. Жұрт көрсін, партияның еңбекті қалай бағалайтынын», деді. Өзінен көзін алмай. Сол күйі жаяулатып арна жағасына жетті. «Көрген жұрттан ұят болатын болды-ау» деп көпшілікке жеткенше өз-өзінен қымсынып келді.
«Сталин жолдас елге күріш егуді жүктепті. Кеңес елін, соғысып жатқан әскерлерді қазақ халқы күрішпен қамтамасыз ететін көрінеді. Енді осы қазылып жатқан кең арнаны Сырдарияға жеткізіп, Сыр суымен күріш егуіміз керек». Кетпенін сілтеген сайын дөп-дөңгелек темір жалп-жалп етіп кеудесін соға берді. Қыз-келіншек алыстан көз қиығын қадап жүр. Қайың сапты кетпенді қара жерге қарш-қарш сермеген сайын «Еңбек Қызыл Ту» деп аталған марапат салп-салп етіп көкірегін тепкілеп тыным бермеді. «Осыны шешіп алып, қалтама сап қойсам ба екен?». Ыбырай кішігірім қазанның аумағындай кетпенін сілтеген сайын қара жердің көбесін қыртыс-тыртысымен ойып ап, топырақты бірден жағаға атады. Кетпен жүзі қарш еткен сайын қара жер жарықтық қақ айырылып, шүңірейген шұңқыр боп қазылып қалып жатыр. Қыз-қырқын мен бала-шаға белдері майысып, ағаш зембілмен топырақ тасыса, бұл алыстан лақтырған топырақ жағаға барып бұрқ етіп, сол маң бозала шаңға көміліп қап жатыр. «Қой, осыны ауырсынып қалтама салмайын, көгілдір шәпке кигендер күнде кеп тексереді, біреу-міреу айтып жүрсе, «халық жауының» қатарын көбейтермін, біздің арамызда да «үндеместің» құйыршықтары жоқ дейсің бе? «Аңқау елге арамза молдалар» көбейіп тұр ғой». Ол кетпен сабын сілтеген сайын салп-салп етіп кеудесін соққан темірге тыжырына қараса да, «тезірек арнаны Сырдарияға жеткізіп, егін егіп, әскерлерді асырасақ екен» деген тілеуқор көңіл кеудесін қоса соғып, соғыстың бірінші күнінен хабарсыз кеткен Ақылбегі көз алдынан бір көлең етті. «Сен үшін, балам, сенің аман-есен келуің үшін, соғыс тезірек бітсінші» деп тағы бір кетпен топырақты жағаға бұрқ еткізіп, бозала шаңның астына көміліп қала берді.
Үш күннен кейін әлгі кеудесіне темір қадаған аупартком хатшысы өзіне шақырды.
– Сіз ұжымшарға бастық боласыз. Анау қатын-қалаш пен көкөрім жастарға сөзі өтімді адам керек. Атқа мініп, ауыл аралайсың, отыратын кеңсең болады.
– Мен қара танымаймын ғой.
– Мені қара танып қырып бара жатыр дейсіз бе? Үш кластық сауатым бар. Сөз осы. Ертең кеңсеңде отырасың. Үшетшігің болады, еңбекақыны сол жазады, сіз жұртты еңбекке жұмылдырасыз.
– Жұрт кетпен шабуды менсіз де біледі...
– Сөзді көбейтпеңіз. Сізді жақында партияға өткіземіз, төсіңізге орден тақтық.
Зады қорқақ емес, бірақ тұла бойы тоқ жүргендей зу ете қалды. Партия десе, «үш әріп» десе, зәресі қалмайды. Осы ұжымшарды құрып, «Қызылту» деп атын қойған немере інісін бір жеті бұрын «үш әріп» өкілі алып кетіп, қамап тастады. «Боқайдан қалған көзі ашық ол түрмеде, Жақайдан алған қара танымас мен кеңседе отырмақпын ба? Ой, заман-ай!» деп үнсіз қалды.
Ыбырай ұжымшар бастығы болғалы арна қазу алға жылжымады. Бір өзі шаңдатып-бұрқыратып, ел-жұрттан атшаптырым алға шығып кетуші еді, бір жетіде арна деңгейі бір-ақ шақырымға ұзарыпты. Қыз-қырқын, қатын-қалаш пен соғыстан мүгедек болып келген ақсақ-тоқсақтар екі-үш кетпен топырақты зембілге салып түртінектеп тасып, істі өндіре алмады. Мұның бәріне істің көзін тауып, жұртты жұмылдыра білмеген ұжымшар бастығы кінәлі деп табылды. «Үш әріп» өкілі ұжымшар бастығын сырттай бақылады. Ыбырай бастық болып келген күні-ақ қақыра-кеңсесінің дәл кіреберіс босағасына ұңғысы айдай болып үңірейген қайың сапты кетпенін тігінен қойып қойды. Өзі ауданнан келген уәкілге кеше қанша метр жер шабылып, сиыр фермасы қанша литр сүт сауғанын ауызша айтады, бірақ арна жаққа бас бұрғысы келмейді. Белдері майысып, қара жерге кетпен ұрған төмен етектілерге биіктен қарағысы келмейді, өзі кірісіп кетейін десе, ұжымшар бастығы деген аты бар, ертең бұл да сөз болуы кәдік. Ол жаймен орнынан тұрды да, жұп-жуан саусақтарын бүгіп-жазып, босағада тұрған кетпеннің жұп-жұмыр сабын қыса ұстады. Сол мезет жаны рақаттанып, көзін жұмды, «өткір жүзін қара жерге қарш еткізсем ғой, шіркін!» Сол сәт қарағай есік шиқ етіп ашылып, өзін аңдыған көгілдір шәпке кіріп келді. Бұл бетіне қарап аңырып тұрып қалды да, жұмыр сабын қысып ұстаған кетпенді көтеріп, қолына алды. Көгілдір шәпке нән адамның шүңірейіп қараған көзі мен қолына ұстаған қазандай кетпенді көріп, тұра қашты. Қашқан күйі аупарткомға келіп, көрген-білгенін бұлжытпай баян етті.
Түс ауа Ыбырай тұтқынға алынды.
* * *
Бір ай абақтыда қамалып жатқан Ыбырайды бүгін сотқа әкелді. Айыбы – «өкімет адамына қасақана қастандық жасап, суық қаруды жұмыс орнында сақтағаны үшін» деген бап. «Үш әріп» өкілі: «Ол кетпенді қолға алысымен мен тұра қаштым, әйтпесе шауып тастар еді» деп жәбірленуші ретінде куәлік жасады.
– Мойындайсыз ба?
– Мойындаймын. Кетпенді қолыма алғаным рас. Бірақ, мен адам түгілі шыбын өлтіре алмаймын.
– Онда неге кетпенді жұмыс орныңыздың босағасына қойдыңыз.
– Кетпенді көрмесем тұра алмаймын. Мен кетпен шабуым керек еді.
Осы сәт өтіп жатқан аупартком бюросында сөз алған Новосібір ауыл шаруашылығы академиясын бітіріп, аудандық жер бөліміне бас агроном болып келген солтүстік жігіті Әнес Алтынбеков жергілікті жердің қырбайлығына қарсы ақиқат сөз айтты.
– Жақаев кетпен шауып жүргенде күніне бір шақырым арна қазылатын. Ол ұжымшарға бастық болып кеткелі күніне елу метр ғана жер қазылып жүр. Оны тұтқындағалы әйелдер қауымы: «Енді канал қазбаймыз, бәрібір бізге опа жоқ, бұлар орден тағып қойып, опасыздық жасайды екен, ертең бізді де аяйды дейсің бе?», деп ашық айтып жүр. Сіздер кімнің кетпен шауып, кімнің ел билейтінін біле алмай жүрсіздер, – деп Ақан серінің ұрпағы лекілдеп ағынан жарылды. Бәрі үн-түнсіз, сөз жауапсыз қалды. Ең соңынан ғана бірінші хатшы Акчурин қазақша егіле сөйледі.
– Жолдас сот төрағасы, бюро атынан Жақаевтың ісін қысқартуды сұраймыз. Біз Сталин жолдастың нұсқауын орындап, биылдан қалмай арнаны Сырдарияға жеткізіп, күріш егуді бастауымыз керек. Әскерге тамақ керек, – деп түйіндеді сөзін.
Тағы да үнсіздік.
Бұл сәтте сот та ақырына жетіп қалған еді. Аудандық сот төрағасы Сталин жолдастың есімі естілгенде жүрегі зу етіп, бірінші хатшыдан сұранып, бюро мәжілісінен сытылып шығып кетті де, ентіге басып, сотқа келді. Сөйтіп, іс жүргізушіні шақырып алып, бозарып тұрып, айыпкерді босатуды сұрады. Ол «Облыс пен қауіпсіздік комитетіне іс қорытындысын не деп берем» деп күбірлеп, қорқасоқтай қарады. «Бір жыл шартты жазаға кес, өзін еңбекпен көрсетсін, Еңбек Қызыл Ту ордені бар ғой» деп төраға асығып-аптықты.
– Наградадан айырғанбыз. Істі болған адам марапаттан айырылатынын білесіз ғой.
– Марапатын қалдыр. Ол еңбектің адамы. Сталин жолдастың нұсқауы... – деп көзін алартқанда «түсінікті» деп іс жүргізуші сот мәжілісін қайта жалғастырды. Сол сәт айыптаушы прокурор: «Міне, мынау қылмыстық әрекетке пайдаланылған суық қару – кетпен», – деп заттай айғақ ретінде зілдей кетпенді әрең қолына алып, сотқа қатысушыларға көрсетті.
Айыпкерге соңғы сөз берілді. Ол бір-ақ ауыз сөз айтты.
– Мен кетпен шабуды аңсап, қылмыскер атанып отырмын ғой, – деді.
Сот үкімі шықты. Жақайдың Ыбырайы бір жыл шартты жаза – қара жұмысқа жегілді.
Ол сот залынан бостандыққа шығып, қара-құра тарай бастады. Сабына заттық нөмірі желімделген кетпенін ала кетпекке қол созып еді, шіңкілдек соттың жан дауысы шықты.
– Тиіспеңіз, – деді зәре-құты қалмай. – Ұстауға болмайды. Бұл заттай айғақ ретінде біздің архивте сақталады.
– Өй-й, сендер де бір... Жаманшылық жылы Сейтімхан ұста құрдасым өз қолымен жасаған кетпен еді, – деп алақанын уқалады.
Сот залының босағасында қалған кетпенге шығар есікте бұрылып тағы бір қарады.
Іс жүргізуші ішін тартып қалды. «Осы әрекетінің өзі қосымша бір бапқа сәйкес кеп тұр. Шығып бара жатып та өкімет адамына кетпенін ұстап, қыр көрсетті» деп тағы бір жылды мойнына іліп жіберсе...»
– Мына кетпеннің тезірек көзін құртыңдаршы! – деп хатшы әйелге кәрін төкті.
Жіңішке әйел қайың сабы жұп-жуан зілдей кетпенді әрең көтеріп, архив қоймасына қарай қорқасоқтай басып бара жатты.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы