Қоғам • 02 Сәуір, 2025

Балалар қауіпсіздігі – басты мәселе

191 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Баланың өмірі мен қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Бұл қағида бәрінен де маңызды. Осыған орай қолға алынған, қазір іске асып жатқан бірқатар маңызды мемлекеттік бастамалар туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Балалар қауіпсіздігі – басты мәселе

Сурет: blagodarim.by

Жиында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Ос­пан балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі еке­нін жеткізді. Оның сөзі­не қарағанда, Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес балалардың құқықтарын қор­ғау жүйесін нығайту бойынша ауқымды заңнамалық, стра­тегиялық іс-шаралар іске асы­рылды. Соның алғаш­­қы­сы – заңнамалық жұмыс­­тар. Атап айтқанда, бала­лар­ға қатысты зорлық-зомбы­лық­тың кез келген нысаны үшін жауапкершілікті қатаң­дататын нормалар енгізілді; баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге ты­йым са­лынып, әкімшілік жауап­кершілік көзделді; құ­­­рылыс компанияларын тере­­­­зе­­лерге құлыптар немесе қауіп­сіздік тетіктерін орна­туға міндеттейтін нормалар енгізілді; балаларды сауда­лаудың алдын алу ша­рала­ры енгізілді. Сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәрте­бесі нығайтылды – балалар­дың құқықтарын қорғау мә­селелерін тиімді іске асыру үшін еліміздегі әрбір өңірде оның өкілдері тағайындалды. Қамқоршылық және қор­ға­н­шылық органдары маманда­рының штат санының норма­тиві белгіленді – 5 мың балаға бір маманнан кем емес, бұл бір жылда мамандар санын 400-ге жуық бірлікке ұлғайтуға, балалардың құқықтарын қор­ғау деңгейін айтарлықтай арт­тыруға мүмкіндік берді. Тәлім­герлік институты енгізілді, енді жетім балалар табыс­ты әлеуметтену үшін ересек тәлім­герлерді қолдана алады.

«Стратегиялық шаралар­дың екіншісі – қауіп­сіздік жүйелерімен техникалық жарақтандыру. Бүгінде мем­лекеттік балабақшалар, мектептер мен колледждер зама­науи бейнебақылау жүйе­лерімен және бақы­лау құрыл­ғыларымен жабдық­талған. Бұл жұмыс жекеменшік бі­лім беру ұйымдарында да жалғасып жатыр. 2024 жыл­ғы 1 қыркүйектен бастап, бала­лардың түрлі өмірлік жағ­дайда өз әрекеттеріне сені­мін қалыптастыруға бағыт­талған «Жеке қауіпсіздік сабақтары» енгізілді. Үшінші, эмоционалды әл-ауқат. 2022 жылы жәбірлеу (буллинг) ұғымы заңнамалық түрде бе­кітілді. Нәтижесінде, мек­теп­тердегі жәбірлеу әреке­ті үшін әкімшілік жауап­кер­­шілік күшейтілді, білім ор­даларындағы психоло­гиялық қызметтер мен мектепішілік есепке алудың бірыңғай қағи­далары қабылданды, зардап шеккен балаларға шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік беретін ведомствоаралық жедел әрекет ету алгоритмдері енгізілді», деді Е.Оспан.

Вице-министрдің мәлім­деуінше, төртінші шара – психологиялық ахуал. 2023 жылы Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша кешенді жос­пар қабылданды. Барлық өңір­де балалар мен ата-аналар­ға кәсіби көмекке қол жет­кізу­ді қамтамасыз ететін Псих­о­логиялық қолдау орталықтары ашылды. Былтыр 250 мыңға жуық адам көмек алды. 24/7 режімінде жұмыс істейтін 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша балалардан 17 мың қоңырау түсті. 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап білім беру ұйымдарында оқу­шылардан QR-кодтар арқылы өтініштер қабылдайтын жүйе енгізілді. Бұл жасөспірімдерге жасырын түрде қолдау сұрау­ға мүмкіндік берді. Биылғы ақ­пандағы жағдай бойынша балалардан 25 мың SMS тіркелді.

«Стратегиялық жұмыстың маңызды бағыттардың бесін­шісі жалпыға бірдей ата-ана тәрбиесі болды. Ата-аналардың құқықтық және педагогикалық мәдениетін арттыру мақсатында барлық мектепте ата-аналарды пе­да­гогикалық қолдау орталық­тары құрылды. Ата-аналар үшін 45 мыңнан аса тренинг өткізілді. Алтыншы мәсе­ле – мемлекеттік бақылау. 2024 жылы Балалардың құқық­тарын қорғау комитетінің ба­қылау өкілеттіктері кеңей­тілді, тексеруге жататын объектілердің тізбесі ұлғай­тылды, ескертусіз жоспардан тыс тексерулер тетігі енгізілді. Сонымен қатар балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік ықпал етудің жаңа шаралары енгізілді. Жетінші шара жетім балалардың құ­қығын қамтамасыз етуге бағыт­талды. Былтыр балалар үй­леріне балама ретінде кәсіби отбасы қабылдау инс­титу­ты енгізілді. Соның нәти­жесін­де балалар үйінде тәр­биеленіп жатқан балалар саны соңғы 10 жылда екі есеге қыс­қар­ды», деді спикер.

Конференцияда баяндама жасаған Балалардың құқықтарын қорғау комите­тінің төрағасы Насымжан Оспанова 6,8 миллион бала­ның (бұл жалпы халықтың үш­тен біріне жуығы) қауiпсiздiгi мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттiк саясаттың негiзгi басымдықтарының бiрi болып қалатынын айтты. Оның ойынша, балалардың құқықтарын тиімді қорғау отбасының белсенді қаты­суын­сыз мүмкін емес. Өйтке­ні ата-ана міндеттерін тиі­сін­ше орындамауға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар саны соңғы бес жылда 3,5 есе артқан, былайша айтқанда, 2020 жылғы 5 мың жағдай болса, 2024 жылы 19 мың жағдайға дейін көбейген. Сондай-ақ кәмелетке толма­ған балалардың түнде ере­сек­тердің қарауынсыз тұр­ғын үйден тыс жерде болуы­на байланысты құқық бұзу­шы­лықтар саны 2 есе (2020 жы­лы 65 мыңнан 2024 жылы 112 мыңға дейін) өсті. Бала­лардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілерінің саны 3 есеге, яғни 844-тен 2406 жағдайға дейін артты. Бұл деректер ерекше назар аударуды қажет етеді.

«Күн жылығанда балалар­дың терезеден құлауы, суға батуы және басқа да оқиға­лармен байланысты жазата­йым оқи­ғалардың саны көбейіп кетті. Талдау көрсеткендей, 2 жас­тан 5 жасқа дейінгі бала­лардың терезеден құлау жағ­дайлары­ның басым бөлігі, яғни шамамен 80%-ы үйде болады. Балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында былтыр білім беру, тәлімгерлік, әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалық шақты қор­ғау мәселелері жөніндегі заңна­ма шеңберінде құрылыс кәсіпорындарын терезелерге қауіпсіздік құлыптарын орнатуға, ал талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыруға міндеттейтін нормалар енгізілді. Бұл талаптар пайдалануға берілетін жаңа ғимараттарға қолданылады. Балаларды қорғаудың тағы бір маңызды аспектісі – олардың цифрлық қауіпсіздігі. 2023 жылдың соңында жүргізілген «Kazakhstan Kids Online» зерттеуінің деректері бойын­ша сауалнамаға қатысқан балалардың төрттен бір бөлігі­нен көбі ата-аналарының олар туралы ақпаратты олардың келісімін сұрамай-ақ хабарламалар, суреттер немесе бейнелер түрінде орналастырғанын атап өтті. Қазір онлайн әлем балалар өмірінде үлкен рөл атқарады. Қоғамда өмірлік жағдайларға тап болған бала­лардың бейнелері мен бейнежазбаларын тарату ерекше қарауды қажет ететінін ескеру маңызды», деді Н.Оспанова.