
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, цифрлық карта негізіндегі өлшемге сәйкес өңірдегі 508 414 отбасының 10 002-cі, яғни 2%-ы ғана жақсы деңгейде. Отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалайтын цифрлық карта негізінде өңірдегі 165 712 отбасы немесе 32,6%-ы В санатында, яғни қанағаттанарлық жағдайда. 181 067 отбасының (35,6%) әлеуметтік әл-ауқаты төмен. Дағдарыс және мүшкіл деңгей саналатын D, Е санаттарында 151 633 отбасы есепке алынған, олардың үлесі 29,8% болып отыр. Сондай-ақ облыс бойынша жарналары мен аударымдары жоқ 18 455 жеке кәсіп иесі бар. Олардың үлесі 3,8%-ды құрайды. Өңірде мекенжайы бойынша тіркелген, алайда мүлдем тұрмайтындар саны – 23 887, бұл D, Е санатындағы азаматтардың 4,9%-ын құрады. Оларды нақты тұрып жатқан тұрғылықты жері бойынша тіркеуді рәсімдеу қажет.
Өңірде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен жекелеген азаматтарға жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік қызметке тарту, кәсіби дағдыларды игеру, құқықтық проблемаларды шешу, психологиялық көмек көрсету сияқты мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп келеді. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланып, жауапты тұлғаларға өзектендіруге жататын азаматтарды анықтау, тиісті шаралар жүргізу жүктелді. Аудан, қала, ауыл әкімдері мен жауапты бөлімдерге осы бағыттағы жұмысты реттейтін нақты алгоритм ұсыну тапсырылды. Сондай-ақ облыс әкімі жұмыс орындарын көбейту, инвестиция тарту, өзіндік кірістерді ұлғайту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беру керектігін ескертті. Жыл соңына дейін Д, Е деңгейдегі отбасылар санын 137 мыңға дейін төмендету межеленді. Бұл ретте өндіріс орындарының ашылып, тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейін жоғарылату маңызды.
Осы орайда қолға алынып жатқан ауқымды жобалар да аз емес. Мысалы, Созақ ауданында құрылысы басталған зауытта 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ. «Саутс-ойл» компаниясының «Созақ фосфат» инвестициялық жобасы аясында салынатын фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауыты 2027 жылы іске қосылады деп межеленген. Өнімдерін елімізбен қатар Үндістан, Қытай, көршілес елдерге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылған. Зауытта фосфор қалдығын өңдеу арқылы ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар өндірілетін болады. Кәсіпорынның іске қосылуы құрамында фосфоры бар тыңайтқыштың импортына тәуелділікті азайтады. Өндірілген тыңайтқыштар мен препараттар елімізде азық-түлік бағасының тұрақты болуына оң септігін тигізері анық. Жобаның жүзеге асырушылары әрі серіктестері – «Саутс-Ойл» компаниясы мен «China Tianchen Engineering Corporation LTD» компаниясы. Индустрияландыру картасына енгізілген жоба бойынша жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 140 млрд теңгені құрайды, жылына миллион тонна азот-фосфор-калий кешенді тыңайтқышын, 600 мың тонна фосфор нитратын шығарады.
Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде салына бастаған ірі қара мал бордақылау алаңында 5000 бас ірі қара мал бордақыланып, ет, жем өндірісі, тері өңдеу бағыттарында жұмыс жүргізілетін болады. Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Нысан толық іске қосылғанда, 60-тан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Кешен аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен серпін береді. Мал бордақылау арқылы ет өндірісі көлемі артып, ішкі нарықта жоғары сапалы өнімдер қолжетімді болмақ. Сонымен қатар тері, тыңайтқыш өңдеу цехтарының іске қосылуы шикізатты толық пайдаланып, қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.
Бәйдібек ауданында мақта өңдеу индустриясын ілгерілетуге бағытталған мақта өңдеу кешенінің жобасы жүзеге асырыла бастады. Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың айтуынша, инвестиция көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды. Кешеннің жылдық өндірістік қуаттылығы 60 мың тонна мақта шикізатын өңдеуге есептелген. Жоба іске асқан жағдайда 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімдігі жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрақты табыс көзін қамтамасыз ететініне, яғни Д, Е деңгейдегі отбасылар санын азайтуға септігін тигізеріне сенімді.
Түркістан облысы