Саясат • 02 Сәуір, 2025

Түркі ынтымақтастығының жаңа дәуірі

678 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) шеңберінде экономика, көлік, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастық біртіндеп кеңейіп келеді. Институционалдық қалыптасудың аяқталуы, «Түркі әлемінің көзқарасы-2040» және «ТМҰ-ның 2022–2026 жылдарға арналған даму стратегиясы» сияқты стратегиялық құжаттарды іске асыру ұйымның тұрақты дамуы үшін берік негіз құрайды.

Түркі ынтымақтастығының жаңа дәуірі

ТМҰ-ға мүше бауырлас мемлекеттер арасындағы әрекеттестік дәстүрлі мәдени байланыстар аясынан шығып, өзара тиімді серіктестіктің жаңа бағыттарын қамтып, барған сайын прагматикалық сипатқа ие болып жатыр. Болашағы зор бағыттардың бірі – цифрлық интеграция. Түркия қорғаныс өнеркәсібі саласындағы технологияларды белсенді дамытуда және ба­уырлас ТМҰ елдеріне жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және телекоммуникация­лар саласында ынтымақтастықты ұсынып отыр. Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрландыруға және қаржы технологияларын дамытуға баса назар аударады. Бұл ТМҰ-ның бірыңғай цифрлық платформасын құру үшін пайдалы болуы мүмкін. Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан да цифрлық технологияларды дамытып, заман талабына сай болуға ұмтылады.

Экономикалық байланыстарды терең­детуге, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, көлік желісін дамытуға ерекше назар аударылып жатыр. Көпжақты ынты­мақтастықтың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі көлік инфрақұрылымын дамыту бол­ды. Мұнда «Орта дәліз» – Қытай мен Еуро­паны Қазақстан, Әзербайжан және Түркия арқылы байланыстыратын бағдар ерекше маңызға ие. Геосаяси өзгерістер мен Батыстың Ресейге қарсы санкциялық саясатын ескере отырып, бұл жол Транссібір магистраліне, Солтүстік теңіз жолына нақты балама болып саналады. Алайда бағыттың әлеуетін толық жүзеге асыру үшін теміржолдарды жаңғыртуға, порттар­дың өткізу қабілетін арттыруға, жаңа логистикалық хабтарды құруға байланысты инфрақұрылымдық кедергілерді еңсеру қажет. Қазақстан Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту арқылы өзінің көліктік мүмкіндіктерін кеңейтуге белсенді инвес­тиция салып жатыр. Әзербайжан Баку халықаралық теңіз сауда портының қуатын арттыруда, ал Түркия «Баку – Тбилиси – Карспен» біріктірілген Карс теміржол торабын дамыту үстінде. Осы жобаларды қаржыландыруда ТМҰ-ның стратегиялық бастамаларын қолдау үшін құрылған Түркі инвестициялық қоры маңызды рөл атқаруға тиіс. Жеңілдетілген кедендік дәлізді құру туралы келісімнің алдағы уақытта ратификациялануы ТМҰ елдеріне кедергісіз сауда кеңістігін қалыптастыруға қарай жылжуға мүмкіндік береді.

Орталық Азияның ең ірі экономикасы ретінде Қазақстан көлік логистикасы және өнеркәсіптік кооперациясымен байланысты бірлескен жобаларға инвестиция салуға дайын екенін көрсетеді. Атап айтқанда, ТМҰ елдеріне тауар айналымын жеделдетуге және қосымша инвестиция­лар тартуға мүмкіндік беретін арнайы түркі экономикалық аймағын құру идеясы талқыланып жатыр.

Осы тұрғыда түркі мемлекеттері­нің ішкі тауар айналымы әлі де болса олардың экономикалық әлеуетіне сәйкес келмейтінін атап өткен жөн. Көбінесе бұл ТМҰ-ға қатысушы елдердің негізгі сауда серіктестері ұйымнан тыс жерлерде – Қытайда, Ресейде және Еуропалық одақ елдерінде орналасқанына байланыс­ты. Түркиялық және әзербайжандық сарапшылардың ойы бойынша бірлестік­тің толыққанды жұмыс істеуі, оның аймақ­тық күштің жаңа орталығына айналуы үшін экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыру, Еуропа, Таяу Шығыс және Парсы шығанағымен қарым-қатынасты белсенді дамыту қажет. Осыған байланыс­ты бірыңғай экономикалық кеңістік құруға мүмкіндік беретін өзара инвестициялар, экономиканы цифрландыру және қызмет көрсету саласындағы еркін сауда туралы келісімдердің маңызы зор.

Сонымен қатар энергетикалық ынты­мақтастық біртіндеп дамып келеді. Осы сала­дағы 2023–2027 жылдарға ар­нал­ған өзара іс-қимыл бағдарламасы дәс­түр­лі энергети­ка және жаңартыла­тын энергия көздері мәсе­ле­лерін қамти­ды. Негізгі тақырып – Түрік­менстанды Әзербайжанның газ инфрақұ­ры­лымына қосу, бұл түрікмен газын Еуропаға экс­порт­тауға мүмкіндік береді.

Ашхабадтың ТМҰ қызметіне толық­қанды қатысуы энергетикалық қана емес, сонымен қатар көлік-логистикалық ынты­мақ­тастыққа да жаңа серпін береді. Түрік­менстан неғұрлым белсенді өзара әрекет­тесуге дайын екенін көрсетіп отыр: Өзбекстан мен Қырғызстанға электр энергиясын экспорттауды ұлғайтуда, сондай-ақ Қазақстанға, Әзербайжанға, Түркияға табиғи газ бен электр энергиясын жет­кізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл біріктірілген аймақтық энергия тасымалдау жүйесін құруға негіз бола алады.

Қауіпсіздік саласындағы өзара әрекет­тестік көбінесе екіжақты сипатқа ие және оны одан әрі дамыту ТМҰ аясындағы инте­г­рацияның болашағы зор бағытта­рының бірі ретінде қарастырылады. Ұйым­ның 2023 жылы құрылған Азаматтық қор­ғау механизмі табиғи апаттар мен төтен­ше жағ­дайларға бірлесіп әрекет етуге бағытталған.

Ұйым ынтымақтастықтың дәстүрлі бағыттары – ғылым, мәдениет және білім беру бойынша практикалық қадамдар жасап жатыр. Түркі тілдерінің әліпбилерін үйлестіруге, тарих пен әдебиет бойынша ортақ оқулықтар дайындауға ерекше назар аударылады. Зерттеулер мемлекеттер арасында неғұрлым тиімді коммуникацияны қамтамасыз ететін бірыңғай әліпби құруға бағытталған.

Түркі мемлекеттері ұйымының қыз­меті шеңберінде түркі халықтарының отбасы­лық құндылықтары мен мәдени ерекшелік­терін қорғауға ерекше мән беріледі. Түркия­да 2024–2028 жылдарға арналған «Отбасын қорғау және нығайту жөніндегі көзқарас пен іс-қимыл жоспары туралы» құжат қабылданды. Бұл ТМҰ-ның басқа ел­дерін­д­е де осындай бағдар­лама­ларды әзірлеу­ге түрткі болды. Бас­ты мақсат – жас отбасыларды қолдау және ажы­­расуға қарсы шаралар қабыл­дау. Бұл жал­пы түркілік дәстүрлі құндылық­­та­р­ды іл­гері­лету үшін негіз ретінде қарасты­рылады.

Солтүстік Кипр Түрік Республи­касының (СКТР) бақылаушы ретінде қабылдануы Анкара үшін халықаралық аренада кипрлік түріктердің мүддесін ілгерілетуде маңызды құрал болды. СКТР-ның халықаралық оқшаулануын еңсеруге де бағытталған оның мәртебесін арттыру Түркиямен ТМҰ-ның Шығыс Жерорта теңізіндегі позициясын нығайту үшін платформа ретінде қарастыры­ла­ды. Ұйыммен ынтымақтастықты жолға қоюға Пәкістан Ислам Республикасы да қызығушылық білдіріп отыр.

Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы эконо­микалық, энергетикалық, гуманитар­лық және қорғаныс салаларындағы ынты­мақтастықты тереңдете отырып, бауырлас елдердің ұйымдық әлеуетін арттыруды жалғастырып келеді. Түркі интеграциясы халықаралық саясаттың нақты факторына айналып, түркі әлемінің шеңберінен шығып, тартымды мақсаттары бар кең геосаяси форматқа айналмақ.

 

Алмат ТОЕКИН,

Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы