
Фото: olx.kz
Ермұрат Бапи 4 қыз ұстап тұрған көк туда араб қарпіндегі жазудың өте сапалы түрде, арнайы баспа құралымен таңбаланғанына назар аударды. Депутаттың бұл оқиғаны жай ғана тұрмыстық бұзақылық, әдепсіз шектен шығушылық қана емес, қоғамымызға, мемлекеттігімізге, ұлттық дәстүріміз бен бірегейлігімізге жасалған ашық және нақақ қарсылық, деп пайымдады. Сондықтан мұндай заң бұзушылық қатаң әрі мүлтіксіз жазалануы тиіс екенін алға тартты.
«Бірақ ескере кететін бір жәйт – елдің туын бүлдіру арқылы жат пиғылды дәріптемек болған бұл төрт қыз әлдебір арандатушы топтың құрбаны болуы мүмкін. Олар жастық алаңғасырлықпен, әлде материалдық қызығушылықпен немесе діни сауатсыздықпен жасаған бұл өрескел заң бұзушылықтың тасасында тұрған әлдебір кереғар күштер бар сияқты. Міне, әкімшілік тұрғыдағы жазасын алған төрт қыздан бұрын, осы қылмысты әрекетті ұйымдастырушылар жазаға тартылуы тиіс», деді ол.
Мәжілісмен түр-түсі бұрмаланған Қазақстан туы Wildberries Russ маркетплейсінде 5000 мың теңгеден еркін және ашық саудада сатылып жатқанын атап өтті.
Бекітілген стандартқа сәйкес келмейтін, ресми сипаты бұрмаланған мемлекеттік рәмізді сатуға шығарған сауда орындарының басшылығын жауапқа тарту керек. Сатылып кеткен туларды жинап алып, жою қажет!
«Сондай-ақ, тиісті заңнамаға мемлекеттілігімізді мансұқтайтын, қоғамды жікке бөлуді көздейтін тауарлар сатқан жекелеген маркетплейстерге қарсы санкция салуды көздейтін түзетулер әзірлеп, оны заң нормасына енгізу керек. Мемлекет радикалды ағымдардың өрескел әрекеттеріне бақылауды күшейтіп, діни құндылықтарды бұрмалауға қарсы шараларды қатаңдату қажет. Ұлттық бірегейлікті қорғаудың жүйелі және жалпыға ортақ саясатын қалыптастыратын уақыт жетті. Зайырлы білім беру жүйесін нығайтуды, орта мектептердегі дінтану сабақтарын ұлттық мұралар негізінде жүргізу бағдарламасы дайындалуы керек», деді Е.Бапи.
Сонымен қатар, депутат тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға ұлттық мәдениетті дамыту, дәстүрлі киім кию бастамаларын қолдау және жастар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.